CNN телеарнасының хабарламасына сүйенген Aikyn.kz еңбек нарығындағы үлкен өзгерістердің себебін талдайды.
4 күндік жұмыс аптасына көшкен BrandPipe компаниясының табысы 130%-ға артқан. Фото wkdq.com сайтынан алынды. Авторлығы: Canva
Ұлыбританияның 4 Day Week Foundation қорының ұйымдастырған сынағы 2023 жылғы қарашадан 2024 жылғы сәуірге дейінгі алты айда 17 компанияның 1000-ға жуық қызметкерін қамтыған. Осы уақытта олардың жалақысы мен жұмыс жүктемесі өзгермеген. Тек қызметкерлер аптасына 4 күн ғана жұмыс істеген. Бір қызығы, сынақтан кейін барлық 17 компания қысқартылған жұмыс аптасын сақтап қалған.
Зерттеу нәтижесі төрт күндік жұмыс аптасы тек қызметкерлерге ғана емес, компаниялар үшін де пайдалы болғанын көрсеткен. Кейбір компанияларда табыс көлемі артқан, сондай-ақ қызметкерлердің сырқаттануына байланысты демалыс күндері азайған.
АҚШ-тағы Бостон колледжімен бірлесіп жасалған есепке сәйкес, Лондонда орналасқан бағдарламалық жасақтама әзірлеуші BrandPipe компаниясының табысы сынақ кезінде 130%-ға артқан.
«BrandPipe үшін бұл сынақ таңғажайып табыс әкелді. Төрт күндік жұмыс аптасы – кез келген компанияға міндетті түрде сынап көруге тұрарлық тамаша идея», – дейді компанияның тең құрылтайшысы және бас директоры Джефф Слотер.
BrandPipe – табыс көрсеткіштерімен бөліскен төрт ұйымның бірі. Солардың үшеуі табысының өскенін көрсетсе, тек біреуі ғана табысының азайғанын мәлімдеген. Алайда бұл кему сынаққа дейінгі алты аймен салыстырғанда орын алған. Төрт ұйымда қызметкерлердің сырқатқа немесе жеке себеппен алған демалыстары азайған. Екі ұйым мұндай күндердің көбейгенін хабарлаған.
Мына әзіл видеода демалыс кезіндегі жұмыстағы проблемалар көрсетілген:
Жеке компаниялармен бірге бұл сынаққа бес коммерциялық емес ұйым, қайырымдылық қорлары мен ҮЕҰ қатысқан. Олардың көпшілігі сынақтан кейін дәстүрлі төрт күндік аптаны таңдап, бесеуі екі аптада тоғыз күндік кестеге көшкен.
Бұл сынақ басқа елдердегі табысты тәжірибелердің жалғасындай болды. АҚШ, Ұлыбритания және Германияда өткен осындай сынақтар қызметкерлердің әл-ауқаты мен денсаулығының жақсарғанын көрсетті. 2022 жылы Ұлыбританияда 61 ұйым қатысқан ірі сынақтан кейін, олардың басым көпшілігі қысқартылған жұмыс аптасын сақтап қалды. Сол сияқты АҚШ пен Канадада 2022–2023 жылдардағы сынақтар да компаниялардың осы саясатты жалғастыруына алып келді. Алайда бұл зерттеулер сынға да ілікті.
Лондондағы King’s College-дің мемлекеттік саясат профессоры Майкл Сандерс мұндай сынақтарда өздігінен қатысу факторы бар екенін айтады. Яғни, төрт күндік аптаға құштарлықпен қарайтын компаниялар ғана мұндай жобаға қатысуы мүмкін.
«Бұл ынталы жұмыс берушілер мен қызметкерлер үшін пайдалы болуы мүмкін. Бірақ басқа біреулер осылай істесе не болатынын болжау қиын», – деді Сандерс CNN-ге.
Ал 4 Day Week Foundation директоры Джо Райл бұл пікірге жауап ретінде соңғы жылдары әлем бойынша түрлі саладағы жүздеген компаниялар әртүрлі деңгейде осы сынаққа қатысқанын айтады. Сынаққа қатысушылардың көпшілігі 4 күндік жұмыс аптасының болашағына сенімді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.