Financial Times жариялаған материалдың негізінде Aikyn.kz жаңа үлгідегі электр көлігінің техникалық сипатымен таныстырады.
Polestar 4 моделі 600 км-ге дейін қуаттаусыз жүреді. Фото topgear.com сайтынан алынды
Шведтік танымал бренд өзінің 91 жылдық инженерлік әрі өндірістік тәжірибесіне сүйеніп жаңа үлгідегі Polestar моделін ұсынды. Биыл жазда компания өзінің ең жаңа моделін сынауға ұсынды.
Тарифтік ауыр соққылар мен 1,1 млрд доллар шамасындағы шығындардан кейін Volvo өзінің Polestar жобасын бөлектеп, дербес компанияға айналдырды. Дегенмен Polestar технология мен өндірістік ресурстарды Volvo және оның қытайлық ата-анасы Geely-мен бөлісіп, қолданады.
Жаңа компания модельдер қатарына Polestar 3 пен 4 кроссоверлерін қосты. Алдағы апталарда Мюнхендегі IAA Mobility көрмесінде сәнді төрт есікті гран-турер Polestar 5 ұсынылады. Ал 6-шы мен 7-ші моделдер 2030 жылға дейін дайындалады.
Қазіргі жаңа 4-модельдің бастапқы бағасы 81 мың доллардан басталатын премиум купе-кроссовер. Бұл жердегі ең батыл дизайнерлік шешім – дәстүрлі артқы терезенің мүлдем жоқтығы. Оның орнына сыртқы камера орнатылып, артқы көрініс экран арқылы беріледі. Бұл шешім кең әрі аэродинамикасы анық жақсарған салон жасауға мүмкіндік берген.
Polestar 4 – Geely SEA архитектурасына құрылған және екі қуат нұсқасымен ұсынылады. Артқы жетекке ие бір моторлы нұсқа шамамен 268 аттың күшін, ал толық жетекті қос моторлысы 536 а.к. береді. Бір моторлы конфигурация 600 км-ге дейін қуаттаусыз жүреді. Сарапшылардың айтуынша, жүріс динамикасы да, жайлылығы да керемет әсер қалдырады.
Polestar 4 салоны жоғары сапалы материалдармен безендірілген. 15,4 дюймдік мультимедиа экраны айқын графика, Google сервистері мен Apple CarPlay-мен мінсіз кірігу және интуитивті басқару ұсынады. Көлікте ұсақ-түйекке дейін ойластырылған детальдар көп. Мысалы, балаларды қадағалауға ыңғайлы артқы камераны бір тетіктен ауыстырып қосуға болады.
Polestar бастапқыда Tesla-мен бәсекеге арналғандай көрінеді. Бірақ мамандар оны Apple смартфонымен салыстырады. Polestar 4-ке көз жібергенде – бұл бренд «Apple көлігі» дегенді кәсіби сарапшылар жиі айтады.
Адамдар «Apple көлігін» қалайды дегенде, ең алдымен эстетика мен еркше жұмыс істейтін технологияны айтады. Мұның үстіне, олар сатып алу тәжірибесінің үздік болғанын қалайды. Apple Store-да сізге ешқашан «Бүгін осы iMac-ты алуыңыз үшін не істейін?» деп саудагер жабыспайды. Polestar-дың ең ірі нарығы Ұлыбританияда сатылым 2024 жылмен салыстырғанда 203% өскен, ал жаһандық өсім – 51%.
Көпшіліктің «Apple көлігі» деп күткен көлік өмірге келген сияқты. Оның аты – Polestar. Жаңа көліктің болашағы қандай болатынын уақыт көрсетер. Артында Қытайдың Geely сияқты ірі компаниясы тұрған модельдің нарықтағы жетістіктері жаман болмас.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.