Онымен қоса, көпбалалы отбасы үшін нағыз «бас аурына» айналатын шақ. Себебі жаңа оқу жылы басталған тұста оқушыға қажет тауар құны әдеттегіден қымбаттай түседі.
Бір баламды мектепке әзірлеу үшін 100 мың теңге кетті
Көп жағдайда ата-аналар балаларын мектепке әзірлеу үшін сауда дүкендерінен гөрі базарға барғанды жөн көреді. Себебі тауар құны салыстырмалы түрде арзан. Одан бөлек, киім-кешектен өзге кеңсе тауарларын түгендеу үшін кейбірі онлайн дүкендерден тапсырыс береді. Сондай тұтынушы ата-аналардың қатарында Алматы қаласының тұрғыны, екі баланың анасы Мәдина Ниязова да бар. Биыл тұңғышы алғаш мектеп табалдырығын аттады. Кейіпкеріміз баға қалтаға ауыр салмақ салмас үшін базарды араласа, кейбір қажетін онлайн дүкеннен сатып алған. Екі жылдан кейін екінші баласы мектепке баратынын айтқан Мәдина «Осындай қымбатшылықта екі баланы киіндіруді ойласам, кәдімгідей уайым басады», – дейді.
– Мен кеңсе тауарларын «Сәлем» көтерме сауда базарынан сатып алдым. Бұл өте тиімді бағаға шықты. Кеңсе тауарларына, киім мен аяқкиімге шамамен 100 мың теңге жұмсадым, себебі барлығын бірнеше данадан сатып алдым. Ал киімді «Кенжехан» базарынан, рюкзакты онлайн дүкеннен 5 мың теңгеге сатып алдым. Баланың барлық қажетін сапалы етіп алуға тырыстым. Ең қымбат бағадағы тауар жейде болды. Оның бағасы 15 мың теңге шықты, – деді Мәдина.
Онлайн дүкендерден жиі сауда жасайтын кейбір ата-аналар тамыз айына қарай тауарлардың бағасы екі есе өскенін байқаған. Осыған қарамастан олар қажетті заттарын онлайн-платформалардан сатып алғанды жөн көреді. Мысалы, «Детский мир» сайтында балаларға арналған сөмкелер 1 690 теңгеден басталады. Сөмкенің әу бастағы құны 2 490 теңге деп көрсетілген. Ал жасөспірімдерге арналған баға 4 490 теңге мен 26 990 теңге аралығында шарықтап тұр. Бұл сайттағы жеңілдік бағасын қоса алғанда шыққан сома екенін ескеру керек. Ал Kaspi қосымшасы ұсынған қазіргі баға кемі 2 500 теңгеден басталады. Қарапайым дәптерге келер болсақ, Kaspi қосымшасында бір дәптердің құны 28 теңгеден басталса, 20 дана жиынтығы 639 теңге тұрады. ABDI дүкенінде бір дәптер 25 теңге, ал «Детский мир» сайтында 19 теңге мен 60 теңгеге дейінгі аралықты қамтиды. Marwin дүкенінде дәптердің бір данасы 200 теңге, 20 дана жиынтығы 1 600 теңге тұрады. Қарап тұрсақ, қазір онлайн-платформалардағы кеңсе тауарларының құны да айтарлықтай мәз емес.
Доллар қымбаттаса, біз де еріксіз бағаны көтереміз
Бірнеше жылдан бері кеңсе тауарларын сатумен айналысатын кәсіпкер Айгүл (ред – есімі өзгертіліп берілді) бағаның жыл сайын бұлай шарықтай беруі саудагерлердің қолындағы дүние емес екенін айтады. Оның сөзінше, егер мектепке арналған құрал-жабдықтарды ел ішінде өндіретін болса, бағасы да қолжетімді болар еді. Айгүл саудагерлер импортқа байланып отырғандықтан, бағаға әсер ете алмайтынын алға тартты.
– Бізге адамдар «Бағаны қолдан көтеріп отырсыңдар» деп ренжиді. Бірақ шындығында біз бағаны өз ойымыздан шығарып отырған жоқпыз. Иә, тауардың өз бағасының үстінен пайда қосамыз, бірақ ол да көп емес. Дүкенді ұстап тұру, жалға алу құны, салық бағасы сияқты шығынның бәрі осы бағаға қосылады. Базарда бәсекелестік бар, әркім тауарын арзан бағада сатуға тырысады. Бірақ тауарды тым арзанға берсек, өзіміз шығынға батамыз. Оның үстіне, доллар қымбаттаса, біз де еріксіз бағаны көтереміз, – деді Айгүл.
Осы тұста саудагерлердің тағы бір мәселесі – халықтың төлем қабілеті. Ата-аналар дүкен иесінен барынша ең арзан бағадағы тауарларды сұрайды. Тіпті, арасында қарызға сұрайтын тұтынушылар да бар. Алайда Айгүл қарызға берген күннің өзінде тауарды тасымалдауға ақша жетпей, шығынға бататынын айтады. Өйткені салық пен жалға алу құны күттірмейді.
– Қымбатшылықтың басты себебі – көтерме баға мен логистика. Қағаз, картон сияқты қарапайым заттардың да бағасы қымбаттады. Біз тек нарыққа тәуелдіміз. Тағы бір қиындық – маусымдық сұраныс. Жыл бойы сатылым жоғары деңгейде бола бермейді, тамыз-қыркүйекте ғана дүрлікпе сауда жүреді. Сол кезде біз аз да болса пайда тауып, қалған айдың шығынын жабуға тырысамыз, – деді кәсіпкер.
Қазіргі қымбатшылық жағдайда бір отбасының айлық табысының шамамен қанша бөлігі балаға оқу құралдарын сатып алуға жұмсалады? Бұл шығын орта тап пен әлеуметтік әлсіз топтарға қалай әсер етеді? Бағаның өсу қарқыны алдағы уақытта да жалғасуы мүмкін бе? Нарықтағы жағдайдың себеп-салдарын білу үшін сауалымызды экономист маман Мақсат Халыққа бағыттадық.
Бір балаға кемінде 50-60 мың теңге жұмсалады
Сарапшының есебінше, қазір елімізде бір баланы мектепке әзірлеу үшін кем дегенде 50-60 мың теңге жұмсалады. Экономист бұл ең төменгі көрсеткіш екенін атап өтті. Ал Қазақстандағы ең төменгі жалақының деңгейі – 85 мың теңге. Сонда салыстырмалы түрде жалақының шамамен 60 пайызы мектеп заттарын сатып алуға жұмсалады деген сөз.
– Қазақстанда 85 мың теңге жалақы алатын халықтың саны 2 миллионға жетеді. Дегенмен Үкімет табыстың өсіп, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарып келе жатқанын айтады. Тіпті, осыған байланысты орташа табыстың 400 мың теңгеге жеткені жөнінде ақпарат келтіреді. Бірақ оның барлығы арифметикалық түрде орташа жалақының көлемі. Шын мәнінде, Қазақстанда көбі 200 мың теңгенің маңайында жалақы алып отыр. Бұл медиандық жалақының көрінісі, яғни халықтың көп бөлігі алатын жалақының көлемі. Егер отбасында кемі 3-4 бала бар болса, Үкімет мұндай жалақы шығындарды жамай алмайтынын мойындауға тиіс, – деді экономист.
Оқу құралының көп бөлігі импорттан келеді
Қоғамда теңгенің құнсыздануы мен доллар бағамының өсуі мектепке қажетті құрал-жабдық құнының артуына белгілі бір деңгейде ықпал етіп отыр. Мақсат Халық бұл құбылыс келешекте де жалғаса беретінін мәлімдеді.
– Теңгенің құнсыздануы, сөзсіз кеңсе тауарлары құнының өсуіне әсерін тигізеді. Өйткені оқу құралының көп бөлігі импорттан, әсіресе, Қытайдан келеді. Негізінен, тауардың барлығын доллармен алады. Ал доллар өскен кезде, сәйкесінше, тауардың бағасы қымбаттайды. Биыл жазда теңгеміздің әлсіреуі де мектеп тауарларының қымбаттауына ықпал етті деуге негіз бар. Былтырдан бастап елімізде тарифтерді өсіре бастады. Бұл отбасылық бюджетке едәуір салмақ салады. Биыл құны өсе бастаған жанармай бағасын алып қараңыз. Министрлік өкілдері де енді жанармай бағасын кезең-кезеңімен өсіретінін айқын айтты. Алда күз мезгілі келе жатыр. Егін оратын уақыт. Осы кезеңде бағалық келісімдер жүзеге асатынын атап өту керек. Бұл әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қымбаттауына, түптеп келгенде халықтың төлем қабілетіне кері әсерін тигізеді. Одан бөлек, салық саясындағы соңғы өзгерістерге мән беріп қарасаңыздар, келер жылдан бастап кем дегенде 4 пайызға өседі деген болжам бар. Бірақ қазірдің өзінде кәсіпкерлер тәуекелдің алдын алу үшін қызметтердің бағасын 10 пайызға өсіріп жатыр, – деді сарапшы.
Логистикалық тізбекті жолға қою маңызды
Бағаның артуына инфляция мен импорт қана емес, нарықтағы ойыншылардың бағалық келісімі де әсер етеді. Дәлірек айтсақ, бірнеше ірі ойыншы өзара келісе отырып, тауардың минималды бағасын шектен тыс қымбат бағада ұстап тұрады. Бұл – маусымдық тауарларда жиі кездесетін құбылыс. Нәтижесінде, тұтынушы өзі қалаған арзан бағадағы тауарды таба алмайды, бұл қымбатшылықтың кең қанат жаюына негіз болады.
– Нарықта саудагерлердің тарапынан да бағалық келісім болады. Бізде тауар тасымалдаушылар, жеткізушілер, делдалдар өте көп. Олар да нарықтың құраушы бөлшегі. Арада бағалық келісімнің орнауы бағаның өсуіне әсер етеді. Сәйкесінше, халықтың жағдайына кері әсер етеді. Бұл ретте елімізде делдалдармен күрес болуы тиіс екенін айтқым келеді. Егер нарықта бағалық келісім жүзеге асып жатса, Үкімет осындай кезде нарыққа араласуы қажет. Шаруалардың жағдайын жасаудан бастап, олардың тауарын қалаға жеткізу, логистикалық тізбекті жолға қою, арнайы жәрмеңкелер ұйымдастыру арқылы бағаны өсірмей, бір орында ұстап тұруға болады. Бірақ бізде мұндай бақылау процесі жүргізіле бермейді. Бағалық келісім жасағандар жауапқа тартылса, бұл нарықтың өзге де ойыншыларына сабақ болар еді, – дейді экономист М.Халық.
Кеңсе тауарларының қымбаттауы – елдің әлеуметтік саясатындағы күрделі түйін. Мектепке дайындық тек базардағы саудагер мен үйдегі ата-ананың мәселесі емес, мемлекет назарындағы басымдық болуы тиіс. Сарапшылар егер мемлекет пен бизнес ортақ шешімге келмесе, жыл сайын отбасы бюджетіне түсетін салмақ одан сайын ауырлай беретінін ескертті.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы