«Тарих ұмытқанды ұнатпайды» дейді Әбіш Кекілбаев. Осы сөзді біз өзінің мұрасына да қатысты деп түсінейік. Өйткені қаламынан туған әр шығарма – бізге тарих. Заңғар қаламгердің жеке архиві енді Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде мемлекеттік сақтауда тұрады.
Жақында осы ғимаратта Әбіш Кекілбаевтың ізін жалғаған ұрпағы Абыл Кекілбаев атасының жеке архивін тапсыру салтанаты өтті. Архивке құжаттарды тапсыру жөніндегі келісімге жазушының немересі Абыл Кекілбаев пен Президент Архивінің директоры Әлия Мұстафина қол қойды.
– Біз осы қолжазбалар мен папкалардың арасында өстік, олар бізбен бірге бір үйден екінші үйге көшіп жүрді. Атамыз қайтыс болған соң архив тағдыры жайлы сұрақ туындады. Архивке тапсыру туралы ой келгенде атамыздың 1999 жылдан бастап ешқайда жарияланбаған өлең-кітаптарын тапқанбыз. Ол былтыр атамыздың 85 жылдығында табысталды. Бүгін архивке тек шығармалары емес, қайраткерлігі туралы еңбегі, тәуелсіздік қарсаңында сөйлеген сөздері мен баспада басылған мақалаларының түпнұсқалары тапсырылды. Архивпен келіссөзді екі жыл бұрын бастадық, – дейді жазушының немересі А.Кекілбаев.
Архивке өткен Әбіш Кекілбайұлының 22 мыңнан астам парақтан тұратын 308 жеке мұрасы мұқият жинақталған. Бүгінде Президент Архивінде1,5 миллионнан астам сақтау бірлігі тіркелген. Президент архивінің директоры Әлия Құсайынқызының айтуынша, қорға қосылған Әбіш Кекілбайұлының жеке архиві – жаңа ғимаратта қабылданған алғашқы қор.
– Бүгін Президент архиві үшін айтулы күн, тарихи сәт. Дәуір данасы Әбіш ағамыз әдебиет әлемінде де, егемен ел шежіресінде де ерекше орны бар жасампаз тұлға. Оның мұрасын көздің қарашығындай сақтау – біз үшін зор жауапкершілік. Архивке жүктелген аманат. Оның жеке архиві – егемен Қазақстанның қалыптасу кезеңіндегі саяси шешімдер мен тарихи оқиғаларды терең зерделеуге мүмкіндік беретін құнды дереккөз, – деді Әлия Мұстафина.
Салтанатты шараға бір топ зиялы қауым өкілдері де келді. Олар Әбіш Кекілбаев туралы бірге өткізген уақыттарынан естелік үзіктерін айтты. Мемлекет және қоғам қайраткері, саяси ғылымдар докторы Қуаныш Сұлтанов жазушының қаламгерлік қасиеті жоғары екенін айрықша атап өтті.
– Архив – ғасырларға, мыңжылдықтарға жұмыс істейтін ғимарат. Адамзаттың рухани игілігінен асыл, одан қымбат сақтаулар жоқ шығар. Әбекең бір шабыты келіп төгілгенде телегей теңіз болушы еді. Әбекең ерекше құрметтейтін ұстазы академик Зейнолла Қабдолов Әбекеңнің ойы терең екеніне таң қалып «Мен Әбіш Кекілбаевты оқыттым деуге өзім ұялып тұрмын» дейтін. Астарында қандай ойлар жатыр?! – дейді Қ.Сұлтанов.
Ал мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаев қаламгердің адамгершілігі туралы сөз қозғады. Өзі Маңғыстауда әкім боп жүргенде Әбіш Кекілбаевтың 70 жылдық мерейтойын ұйымдастыру ісі жүктеліпті. Халықаралық ПЕН-клубтарда бірталай іс-шаралар жүзеге асырылса да, туған ауылындағы жағдай жазушыны елжіреткен екен.
– Әбекеңнің 70 жылдық мерейтойында туған жері Оңды ауылының кіреберісіндегі биікке Айсәуле әжеміздің ескерткішін қойдық. Өзінің шығармасында жазылған «Білегі – ерінікі, тілегі – елінікі» деген сөзін қосып жаздық. Өйткені анамыз өмірін арнамаса, ағамыз Әбіш Кекілбаев болар ма еді. Айсәуле әже қайтыс боларының алдында Клара апаға «Саған ризамын, батамды беремін. Бірақ Әбішті ренжітпе, оның қан қысымы бар ғой» деп айтыпты. Кейін Клара апамыз бірнеше келінмен иіліп тұрып жаңағы ескерткішке қарап сәлем берді. Оны көрген Әбіш ағаның көзінен жас ыршып шығып «Әй, қу бала, ақыры дегендеріңе жеттіңдер ғой, мені жылатып» деді. Әбіш аға мәңгі халқымен бірге. Әбіш ағаға шәкірт болу біздің маңдайымызға жазылған үлкен бақыт деп есептеймін, – деп жылы естілігін айтты Қырымбек Көшербаев.
«Кекілбаевтану» енді басталады деп сөз бастаған Сауытбек Әбдірахманов Әбіш Кекілбаевтың Архивке өткен еңбектері енді ғалымдардың жаңа ізденісін оятады деген пікір айтты.
– Бауыржан Момышұлы «Көкте құдай бар, жерде архив бар» деп айтыпты. Енді сол архивті ұқыпты қып ұстайтын ел бар кезде, қадірін білетін халық бар кезде асылдар, небір ғажайып қазыналар жоғалмайды да, шаң да баспайды. Бұдан кейін Әбіш ағаның алдынан жаңа көкжиек, жаңа кеңістік ашылады. Кекілбаевтану енді басталады. Ғалымдарға Кекілбаевтың тілін, стилистикасын, метафораларын, фразеологизмдерін зерттеуге, қай кезде қай тақырыпқа көшкенін, оның қаламгерлік эволюциясының қалыптасқанын зерттеуге мүмкіндік туады, – дейді мемлекет және қоғам қайраткері Сауытбек Әбдірахманов.
Жеке қордың салтанатты ашылуынан кейін қонақтар назарына тақырыптық көрме ұсынылды. Онда архивтік сирек құжаттар, фотосуреттер, жазушының жеке заттары мен бейнематериалдары қойылды. Бұлар алдағы уақытта электронды форматқа көшіріліп, жазушының рухани мұрасы цифрлық кеңістікте сақталмақ.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ