in

Бишімбаевтың отбасы сотта сараптама қорытындысын өзгерту үшін BAU мейрамханасын бермек болғаны рас па?

Бишімбаевтың отбасы сотта сараптама қорытындысын өзгерту үшін BAU мейрамханасын беруге дайын болған, – деп  хабарлайды Аikyn.kz сайты Stan.kz-ке сілтеме жасап.  

8 мамыр күні Қуандық Бишімбаевтың ата-анасының Қайрат Кемеловке қарсы азаматтық шағымы бойынша сот отырысы өтті. Қайрат Кемелов – Бишімбаевтардың туысы әрі Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты сотта куәлік берген сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаровтың әріптесі.

Ата-анасы Бишімбаевтың беделін қорғау мақсатында берген азаматтық шағымның себебі Қайрат Кемеловтің олар жөнінде айтқан мәлімдемесі. Кемелов өз сөзінде Бишімбаевтың ата-анасы оның көмегімен сараптама қорытындысын ұлдарының пайдасына қолдан жасау үшін ақша ұсынбақ болғанын айтқан.

Сотта Қайрат Кемеловтің жұбайы Бекзат Кемелова куәгер ретінде жауап берді.

“Қуандық Бишімбаевтың анасы тіпті “болмаса, BAU мейрамханасын толығымен атына жазып береміз” деп ұсыныс айтты. Бұл — Нұрлыбекованың (Бишімбаевтың анасы) сөздері. Олар сараптама қорытындысы өз пайдасына шыққанын қалады, яғни, Нүкенова биіктіктен өзі құлады деген қорытынды жасалуы үшін”, – дейді Кемелова.

Бишімбаевтардың адвокаты Ерлан Ғазымжановтың айтуынша, жауапкердің жұбайы Бишімбаевтар мен Кемеловтің арасындағы әңгіме болған уақытта ол жерде болмаған. Сондықтан оның куәлігі дәлел ретінде қарастырылмауы тиіс деп отыр.

“Кемелов 2023 жылы 9 қарашада Салтанат Нүкенованың қаза болған күнінде, марқұмның өлімінен кейін Бишімбаевтардың үйіне барғанын, сол күні олар оған осындай ұсыныс жасағанын айтты. Алайда бұл ақпаратты дәлелдейтін ешбір айғақ жоқ, тек жауапкердің ауызша, дәлелсіз мәлімдемесі ғана бар. BAU мейрамханасын тек “басын соғып алған болуы мүмкін” деген сөз үшін жекеменшік сарапшыға қалай беруге болады? Адам өз бетімен құлап кетуі мүмкін екенін білеміз, бірақ бұл автоматты түрде адамды ақтайды деген сөз емес. Осы үшін мейрамханамен төлем жасау керек пе? Егер Кемелов білгенде, оған құжаттар ұсынылар еді, BAU мейрамханасы Бишімбаевқа тиесілі емес. Оны басқа адамның атына өткізу мүмкін емес. Ол тек “Гастроцентрден” жалға алған орын, ал “Гастроцентрдің” бірнеше құрылтайшысы бар. Бишімбаев сол жерде тек тамақ сатумен айналысқан. Бұл жалға алынған орынды қайта жазып беру мүлде мүмкін емес”, – дейді адвокат. 

Жауапкердің адвокаты Игорь Вранчев әріптесінің дәлелдеу міндеті туралы айтқан сөздерін теріске шығарып, талапкерлер оның қорғаушысы сөздерінің өтірік екенін дәлелдей алмайтынын мәлімдеді.

Вранчевтің айтуынша, BAU мейрамханасының Бишімбаевқа тиесілі екені Бишімбаев ісі бойынша сотта анықталған.

“Мәселе осындай ақпараттың жария болуы талапкерлердің абыройына нұқсан келтіре ме? Менің ойымша, бұл жағдайда олардың абыройына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Өйткені олардың абыройы, егер олар өздерінде ондай нәрсе бар деп есептесе, олардың ұлы бірінші рет сотқа тартылғанда-ақ бұзылған еді. Сондықтан олардың абыройы немесе қадір-қасиеті туралы айту мағынасыз деп есептеймін. Осыған байланысты, құрметті сот, талапкер тарапынан Кайрат Кемелов берген сұхбаттағы ақпараттың шындыққа сәйкес еместігі туралы ешқандай дәлелдер ұсынылмады”, – деді адвокат. 

Соттың шешімі бес жұмыс күні ішінде жариялануы тиіс.