Қазақстан азаматы Түркияға саяхаттауға барып, өкініп қалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Alash.kz ұлттық порталына сілтеме жасап.
Ол желіде Түркиядағы «5 жұлдызды» деп жарнамаланған қонақүйге көңілі толмағанын жазған.
“Kaspi 24 айға бөліп төлеу мүмкіндігін ұсынып, халыққа үлкен жеңілдік жасап отыр. Алайда Kaspi Travel платформасындағы қонақүйлер туралы ақпарат әлі де жетілдіруді қажет сияқты. Бұған дейін Түркияда демалып көрмеген едік, сондықтан «5 жұлдыз» деген атауға сеніп қалдық. Бірақ Түркияда ол ұғымның да әртүрлі түсіндірмесі барын өз басымыздан өткердік. Сондықтан жолдама аларда міндетті түрде туроператорлармен кеңескен жөн екенін түсіндік. Қонақүйге жеткенде бөлменің күйін көріп, жағамызды ұстадық. Содан кейін қонақүй аумағының да күтімсіз екенін аңғардық. Ал асханасы тіптен көңілімізден шықпады. 3 күн бойы көңілсіз күйде демалысымызды өткіздік. Қысқа ғана жазып отырмыз, толық видеосын кейін жүктейміз – міндетті түрде қарап шығыңыздар, осындай қателікке жол бермеңіздер!” – деп жазды ол.
Бұл жазбаның астына Kaspi.kz компаниясы былай пікір білдіріпті.
“Осындай жағдайға тап болғаныңызға өкініш білдіреміз. Әрбір клиентіміз сапалы қызмет алуы тиіс деген ұстаным біз үшін аса маңызды. Қазірдің өзінде аталған мәселе бойынша тексеріс жүргізіп жатырмыз. Жауапты барынша тез беруге күш саламыз”, – деп жазған компания.