in

Динара Оспанова, профориентолог: Оқушылар кәсіп таңдауда қиналады

Айта кету керек, биылдан бастап Қазақстанда орта білім беру ұйымдарында педагог-кәсіптік бағдар беруші лауазымы ресми түрде бекітілді. Бірақ еліміздегі 7 724 мектепке кәсіби профориентологтер жете ме? Бізді алаңдатқан сауалға Халықаралық профориентаторлар бірлестігінің мүшесі Динара Төлеуқызы жауап берді. 

– Қазақ қоғамы профориен­тацияны енді ғана зерттеп баста­ғандай. Бұған дейін түлектердің мамандық таңдауына ата-ана, қоғам пікірі көп ықпал ететін. Жал­пы, профориентолог деген кім? Оның міндеті қандай?

– Қазақстанда кәсіби бағдар беру (профориентация) саласы соңғы жылдары ғана жүйелі зерт­теле бастады. Бұған дейін көп жағдайда мектеп бітіруші­лердің мамандық таңдауына ата-ананың көзқарасы, қоғам­дағы беделді мамандықтар туралы стереотиптер немесе материалдық жағдайлар әсер ететін. Бұл өз кезегінде көптеген жас мамандардың өз саласына көңілі толмай, басқа жол із­деуіне себеп болды. Про­фориен­толог – бұл адамға оның қабілеттеріне, қызығушы­лық­тарына, құндылықтарына және еңбек нарығындағы сұранысқа сүйене отырып, болашақ ма­мандығын дұрыс таңдауға кө­мектесетін маман. Профориен­толог психология, педагогика және еңбек нарығының негіз­дерін жақсы меңгерген болуға тиіс.

Профориентологтің негізгі міндеті – жеке тұлғаны зерттеу: Арнайы тесттер (қабілет, қы­зығу­шылық, құндылықтар бойынша); Әңгімелесу, бақылау арқылы баланың немесе жас­өспірімнің бейімділігін анықтау. Кәсіптер туралы ақпарат беру: Қазіргі заманғы мамандықтар мен олардың талаптары туралы түсіндіру; Жаңа мамандықтар мен еңбек нарығындағы тренд­терді таныстыру. Білім беру жолдарын түсіндіру: Қандай оқу орындары мен бағдар­лама­лар сәйкес келетінін ұсыну; Гранттар, стипендиялар, оқуға түсу жолдарын көрсету.

Қазір көптеген мектептерде, колледждерде және ЖОО-ларда кәсіби бағдар кабинеттері ашылып жатыр. Сонымен қатар жеке профориентологтер мен онлайн платформалар да бел­сен­ді жұмыс істей бастады. Бұл жастардың сенімділікпен қадам жасауына көмектеседі.

Шетелде кәсіби бағдар ерте жастан басталады

– Дамыған елдерде про­ф­ориен­тация жолға қойылған ба?

– Иә, дамыған елдерде профориентация жақсы жолға қойылған және бұл – білім беру жүйесінің ажырамас бөлігі. Мұндай елдерде кәсіби бағдар тек мектеп бітірушілерге емес, барлық жастағы адамдарға ұсынылады. Бұл бағытта мем­лекет те, мектептер де, жеке ұйым­дар да белсенді жұмыс істейді.

Дамыған елдердегі про­фориен­тация жүйесінің ерек­шеліктері сан алуан. Атап айтсақ, Финляндия, Германия, Ұлыбритания сияқты елдерде кәсіби бағдарлау бастауыш немесе орта мектептен бастала­ды. Оқушылар өз қабілетін, қызығушылығын ерте жастан зерттей бастайды. Мектептерде карьера кеңесшілері (career counselors) тұрақты жұмыс істейді. Әр оқушының жеке кәсіби даму жоспары (Individual Career Plan) жасалады.

Job shadowing, internship, mentorship сияқты бағдар­лама­лар арқылы оқушылар түрлі кәсіпорындарда жұмыс істеп көреді. Бұл арқылы олар нақты мамандықтың ішкі қырын көріп, шешім қабылдай алады. Жоғары оқу орындары мен кә­сіпорындар бірлесіп бағдар­лама­лар дайындайды. Жас­өспірім­дерге өндіріс орын­­дарында экскурсиялар, прак­тикалар ұйымдас­тырылады.

Профориентация тек жас­тарға емес, мамандық ауыс­тырғысы келетін ересектерге де ұсынылады. АҚШ пен Канадада lifelong career guidance деген ұғым кең тараған. 

Қорыта айтар болсақ, дамыған елдерде про­фориен­тация – білім беру мен еңбек нарығы арасындағы көпір. Бұл жастардың дұрыс таңдау жа­сауына, қоғамда тепе-теңдік сақтауға және жұмыссыздықты азайтуға көмектеседі. Қазақстан үшін де осы үлгілерді ескеріп, ұлттық ерекшелікті сақтай оты­рып, тиімді жүйе қалыптастыру маңызды.

– Сіздің профориентациямен айналысуыңызға не әсер етті?

– Еңбек жолымды жоғарғы оқу орындарында жұмыс іс­теуден бастап, әлі де білім сала­сында еңбек етіп келемін. Сол бастапқы кезден бері алдыма келген студенттердің өз маман­дық­тарын дұрыс анық­тамай, адасып жүргенін көп көріп, оларға көмек қолын со­зуды жөн деп санап, про­фориен­тация саласына деген қызығушылы­ғым осылай арта берді. Соны­мен бірге, кеңес жа­сау үрдісіме ЖОО мен колледжерде, мектеп­тер мен мамандардың білікті­ліктерін арттыру курстарында, білім сапасын бағалайтын аккре­дит­теу мекемелерінде жұ­мыс іс­теуім де әсер етті деп ой­лаймын. Себебі осы салалар­дың ішінде жүріп, қоғам мен мамандарға деген сұраныс мә­селесін, білім беру жүйесіндегі артық­шылықтар мен осал тұс­тар­ды ішкі жағынан көріп, зерт­теп, сол тәжірибеммен бөліскім келгені де шығар. 

Сондай-ақ адамдарға кө­мек­тесу ниетім, психология мен білімге қызығушылығым, еңбек нарығы мен қоғамдағы өзгеріс­терге бейжай қарамауым да әсер етті деп ойлаймын. Се­бебі жас­тардың өмірлік жолын дұрыс табуына көмектесу – үл­кен жауапкершілік әрі маңызды миссия. Өмірінде өз орнын таба алмай жүрген адамдарға қолдау көрсету мені қатты қызық­тырады. Адамның ішкі әлемін түсіну, қабілетін анықтау, даму жолын болжау – өте терең әрі қызықты сала. Қазіргі заман жылдам өзгеріп жатыр. Жас­тарға заман талабына сай бағыт-бағдар берудің маңызы зор екенін түсіндіргім келеді. 

Оқушылар өз қабілетін нақты білмейді

– Қазір тек Астанада ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінен сізге хабарласып, өз бағытын анықтайтын жоғары сынып оқушылары көп. Олардың ортақ проблемасы қандай? Сіз олардың бағытын анықтағанда, қандай әдістеме қолданасыз?

– Бүгінгі білім беру сала­сындағы өзекті мәселеге тікелей қатысты. Иә, қазір Астана ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша және де шетелдің жоғары сынып оқушылары өздерінің болашақ бағытын табу үшін кәсіби көмекке жүгініп жүр. Мен де олардың сұрақтарына жауап беріп, бағыт-бағдар бойынша кеңес беремін.

Жоғары сынып оқушы­ларының ортақ проблемалары: өз қабілетін нақты білмеуі. Яғни, «Қай пәннен жақсы оқи­мын – соны таңдай салам» де­ген қате түсінік жиі кездеседі. Ішкі мотивация мен қабі­леттерін анықтау қиын. Ата-ана мен қоғам қысымы. Ата-ана­ның «дәрігер бол», «заңгер бол» деген таптаурын кеңестері. «Сұраныс бар мамандық қана маңызды» деген қасаң көзқарас. Мамандықтар туралы нақты ақпараттың аздығы. Көп оқушы тек 5-6 кәсіпті ғана біледі (мұ­ғалім, дәрігер, заңгер, ІТ-ма­ман). Сонымен бірге, заманауи, сұранысқа ие, аралас салалар туралы білмейді (UX-дизайнер, Data Analyst, генетик т.б.). Өзін-өзі бағалау мен сенімсіздік бар. «Менің қолымнан келе ме?» деген ішкі күмән көп. Қоғам­дағы табысқа жеткендермен салыстыру да балалардың бойында бар құбылыс. Осыған қоса, еңбек нарығын түсінбеу де баршылық. Қандай маман­дық­тар болашақта керек болады, қайсысы автоматтандырылуы мүмкін – бұл сұрақтар беймәлім.

Мен психотиптік және қы­зы­ғушылық тесттерін, моти­вация­лық сұхбат үлгісін (коу­чинг тәсілін), еңбек нарығын зерттеу және болжау әдісін, жеке даму картасын құру методикасын қолданамын. Осы арқылы оқушының қызығу­шылығына қарай оқу бағытын, қосымша курстарды жоспар­лауға көмектесемін.

Бүгінгі жастар өте қабілетті, біз ішкі әлеуетін ашуға көмек­тессек, олардан талай мықты білікті маман шығатыны сөзсіз. Менің мақсатым – олардың өз таңдауын саналы әрі сенімді түрде жасауына көмектесу.

– Биылдан бастап Қазақ­станда орта білім беру ұйым­дарында педагог-кәсіптік бағдар беруші лауазымы ресми түрде бекітілді. Бұл қоғам үшін қан­шалықты тиімді?

– Бұл Қазақстандағы білім беру саласы үшін тарихи әрі өте маңызды қадам болды. 2024 жылдан бастап мектептерде «педагог-кәсіптік бағдар беру­ші» (немесе педагог-про­фориен­толог) лауазымының ресми түрде енгізілуі – оқушы­лардың кәсіби болашағына жүйелі түрде қолдау көрсетуге арналған нақты шешім. Бұл өзгерістің қоғамға берер пай­дасы зор.

Себебі кәсіби бағдар жүйелі және тұрақты түрде жүргізілетін болады деп ойлаймын. Бұрын профориентациялық жұмыс тек ата-аналар жиналысында ай­тылып, сирек ұйымдас­тыры­ла­тын іс-шаралармен шектелетін. Енді бұл жұмыс жүйелі түрде, оқу процесінің бір бөлігі ретінде жүргізіледі деген сенімдемін. Мамандардың көмегімен оқу­шылардың жеке қабілеттері мен қызығушылықтары еске­ріліп, әр оқушыны жеке зерттеп, оның бейімділігіне сай бағыт ұсынуға мүмкіндік туады. Бұл болашақта кәсіби қателіктердің (мамандық таңдаудағы өкініш) азаюына себеп болары һақ. Профориен­таторлармен маман­дықтар туралы дұрыс, заманауи ақпарат беріліп, жаңа кәсіптер, сұра­нысқа ие мамандықтар, еңбек нарығындағы трендтер туралы нақты мәлімет ұсыныла­тын болады. Ауыл мен қала ара­сын­дағы ақпарат теңсіздігі біртіндеп азаяды. Бағыт-бағдар берушілер ата-анамен тығыз жұмыс істеп, оларға баланың бейімділігі жайлы кәсіби қорытынды беріп, дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі. Бұл ата-ананың өз көзқарасын баланың бола­шағымен ұштастыруына ықпал етеді. Ең маңыздысы, жастар арасындағы жұмыссыз­дық­тың алдын алуға көп көмек болады. Яғни, жастар сұранысқа ие, өзіне лайықты мамандық таң­даса, жұмыссыздық пен кә­сіби қанағаттанбаушылық азая­ды. Қоғамда білікті мамандар саны артады, бұл ел экономика­сына да оң әсер етеді.

Педагог-профориентолог лауазымының енгізілуі – оқу­шы­­ның кәсіби болашағын алдын ала жоспарлауға, саналы түрде таңдау жасауына мүмкіндік беретін үлкен қадам. Бұл – тек жеке тұлғаның емес, тұтас қо­ғамның сапалы дамуына негіз бола алатын шешім.

Ауылда профориентологтер тапшы

– Кәсіптік бағдар беруші пе­дагогтер барлық мектепке жетіс­пейді ғой. Олардың кәсібилігін қалай шыңдау керек?

– Иә, расымен де, педагог-кә­сіптік бағдар берушілер (про­ф­о­риентологтер) барлық мек­теп­те жеткілікті емес, әсіресе ауыл­дық және шағын елді ме­кендерде бұл маман тапшылығы қатты сезіледі. Оның үстіне, жаңа лауазым бекітілгенімен, бұл бағытта әлі де кәсіби кадр­ларды даярлау мен олардың бі­лік­тілігін арттыру жұмысы жү­йелі жолға қойыла қойған жоқ.

Профориентолог мамандар­дың кәсібилігін қалай арттыру керек?

Біріншіден, педагогтерге ар­найы курстар мен қайта даярлау бағдарламаларын ұйымдастыру керек. Мұғалімдерге (әсіресе, психологтер, сынып жетекшілер, тә­лімгерлер) арналған серти­фикат­талған қайта даярлау курс­тарын әзірлеу қажет. 

Екіншіден, заманауи әдіс­темелік құралдармен қамтамасыз ету керек. Профориентологтерге арналған әдістемелік жинақтар, диагностикалық тесттер, жұмыс дәптерлері, оқушы бағыттама­лары әзірленіп, барлық мектепке жеткізілуі тиіс. Онлайн плат­фор­ма құру: тест тапсыру, мамандық­тар туралы ақпарат алу, бағыт-бағдар картасын жасау мүмкіндігі бар жүйе керек (мысалы, Kasipker Bol, MyFuture, Atlas of New Professions).

Үшіншіден, цифрлық білім беру мүмкіндіктерін пайдалану керек. Онлайн вебинарлар, тәжірибе алмасу алаңдары, тренингтер ұйымдастыру – шалғайдағы педагогтер үшін өте тиімді. Республикалық немесе өңірлік деңгейде профориен­тологтер қауымдастығы құры­лып, тәжірибе бөлісетін орта қалыптасуға тиіс.

Төртіншіден, ЖОО-да жаңа ба­ғыттарды енгізу керек. Педа­гогикалық жоғары оқу орын­дарында «Кәсіптік бағдар және мансаптық кеңес» пәнін міндетті етіп, арнайы бакалавриат немесе магистратура бағдарламаларын ашса, жақсы болар еді (мысалы, «Профориентациялық педа­гогика», «Кәсіптік бағдар»).

Бесіншіден, мектеп ішіндегі кадрларды қайта бейімдеу маңыз­ды. Педагог-психолог, әлеу­меттік педагог, тәлімгерлерге профориентация негіздерін үйрету арқылы оларды қосымша кәсіби бағдар беруші ретінде дайындауға болады. Бұл – кадр жетіспеушілігін уақытша шешу­дің тиімді жолы екенін де жет­кізгім келеді. 

Педагог-профориентолог тек бір маман емес, бүкіл білім беру жүйесінде кәсіби таңдау мәде­ниетін қалыптастырушы тұлға деп ұғыну қажет. Олардың кәсі­билігін арттыру оқушылардың дұрыс таңдауына, ел болашағы­ның сапалы кадрмен қамтамасыз етілуіне тікелей әсер етеді.

Мамандықтар жойылмайды, өзгеріске ұшырайды

– Қазір төрт жыл оқыған дип­ломын сандыққа салып, жұ­мыс­сыз жүрген жастар көп. Олар­дың мамандықпен жұмыс істе­мегеніне кім кінәлі?

– «Диплом – сандықта, жұмыс – басқа жақта» деген жағдай, өкінішке қарай, бүгінгі қоғамда кең таралған. Бұл – жеке адамның, білім беру жүйе­сінің, қоғамның және еңбек нары­ғының ортақ мәселесі. Сондық­тан кінә­ні тек бір жаққа артып қою – үстірт пікір. Бұл жағдай – бірнеше фак­тордың қиылысы мен үй­лесімсіздігінің нәтижесі.

Жастардың маман­ды­ғы­мен жұмыс істе­меуіне жеке таңдау қателігі де, жүйелік кемшілік те, әлеу­меттік қы­сым да әсер етеді. Бұл – ортақ жауап­кершілік. Сондықтан тек «кім кінәлі?» деп емес, «қалай түзетуге болады?» деп қарау – әлдеқайда нәтижелі.

Оған «кім кінәлі?» емес, «не себеп?» деп сұраған дұрыс шы­ғар?!

Оған бірінші себеп – жас­тардың бейсаналы таңдау жа­сауы.

Көптеген түлек мамандықты жүрек қалауымен емес, ата-ана­ның қалауымен немесе қоғам­да­ғы стереотиптерге қарап таңдай­ды. «Грант болса болды» деген оймен, өз бейімділігін ес­кермей таңдау жасайды. Уни­верситетте оқыған кезде нақты практикадан өтпейді, кәсіптің ішкі мазмұнын түсінбей жата­тыны да бар. 

Екінші себеп – білім беру жүйесінің еңбек нарығынан алшақтығы.

Кейбір ЖОО әлі де ескі бағ­дарламалармен оқытады, зама­науи талаптарға сай дағдылар бермейді. Практика аз, теория көп. Нәти­же­сінде, түлек – дип­ломы бар, бірақ дағдысы жоқ маман болып шығып жатыр. Университет пен жұмыс беруші ара­сында кері байла­ныстың әлсіздігі, кейде тіпті болмауы. 

Үшінші себеп – еңбек нарығындағы тапшылық пен тепе-теңсіздік.

Кей салаларда маман көп, жұмыс аз (мысалы, заң­герлер, экономистер). Ке­рісін­ше, тех­никалық, өндірістік сала­ларда жұмыс көп, маман тапшы болып жатыр. Жастар қалада жұ­мыс іздейді, бірақ өңірде сұ­раныс жоғары.

Төртінші себеп – ата-ана мен қоғам қысымы.

«Мамандық – мәртебе» деп түсінетін көзқарас әлі де қоғам ішінде бар. «Қыз балаға ІТ жа­рас­­пайды», «Ұлым заңгер бол­сын», «Педагог – табысы аз, маза­сыз жұмыс» деген стерео­типтер жас­тардың шынайы таңдауына ке­дергі келтіреді.

Бесінші себеп – мектепте кә­­сіби бағдардың болмауы.

Егер бала өз бейімділігін ерте жастан таныса, мұндай проблема болмас еді. Мектеп кезінен дұрыс бағыт берілмеген соң қателік кейін шығады да, бала өз орнын таба алмай, қоғамда жұмыссыз­дық пайда болып, кадр мәсе­лесінде жетіспеушілік шы­ғып, мемлекет дамуына нұқсан келеді.

– Жастар мамандық таң­дағанда, неге баса мән бергені дұрыс?

– Мамандық таңдау – бұл жай оқу бағытын емес, болашақ өмір салтын, ортаңды, табыс деңгейіңді, ішкі қанағат пен даму бағытыңды таңдау. Сондықтан жастар бұл таңдауға жауапкер­шілікпен қарап, 5 маңызды фак­торға баса мән бергені жөн. Атап айтсақ, өзінің бейімділігі мен қызығушылығы, қабілеті, еңбек нарығындағы сұраныс, оқу мен даму мүмкіндіктері, өмір салты мен жеке құндылықтар.

– Болашақта қандай маман­дықтар жойылып, қандай ма­ман­дықтар пайда болады деп ойлайсыз?

– Нақты жойылып кетеді деп те айту қиындау. «Бола­шақта жойылу қаупі жоғары мамандықтар» деп келтіргеніміз жөн болар. Бұл мамандықтар жаңа дағдыларды қажет ететін форматқа ауысады. Ондай мамандықтарға: кассирлер, кеңсе хатшылары, бухгалтерлік есепшілер, банк операторлары, аудармашылар, қарапайым өндіріс жұмысшылары кіреді.

Ал болашақта пайда бола­тын және сұраныс арта түсетін мамандықтарға тоқталар бол­сақ, оларға: қашықтан оқыту методологі, робототехника инженері, медицинадағы цифрлық консультант, VR/AR маманы, Data Scientist / Ана­литик, киберқауіпсіздік мама­ны, жасанды интеллект инже­нері, экожүйе дизайнері (Eco-designer), биотехнолог / генетик.

Мамандықтар жойыл­май­ды, өзгеріске ұшырайды. Сондықтан жастарға ең басты кеңес: мамандық емес, қабілет пен икемділік таңдаңыздар!

Болашақ маман үнемі үйре­нетін, бейімделе алатын, креа­тивті адам екенін ұмыт­паңыз­дар! 

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Көктем ҚАРҚЫН