Біз стартаптың бас директоры Дос Бақытжанмен әңгімелесіп, жасанды интеллект модельдерін әзірлеумен айналысатын компания жайлы біршама мәліметке қанық болдық.
– Дос мырза, алдымен Nace.AI стартапы туралы айтып өтсеңіз. Қандай өнім жасап шығарасыздар? Серіктестеріңіз кімдер? Қазақ кәсіпкерлерінің АҚШ нарығындағы қадамы қалай басталды?
– Біздің жобамыздың айрықша тұсы – біз зерттеуге үлкен мән береміз. Жылдам нәтижеге немесе хайпқа емес, сапа мен болашақтағы тұрақты нәтижеге көңіл бөлеміз.
Nace.AI – корпоративтік секторға арналған мамандандырылған жасанды интеллект модельдерін әзірлейтін зерттеу және өнім компаниясы. Біздің жұмысымыз екі бағытта жүреді: фундаменталды зерттеулер және нақты өнім әзірлеу. Алғашқы өніміміз NAVI деп аталады. Бұл – қаржылық аудитті толық автоматтандыратын AI-агент. Ол мыңдаған құжатты талдап, тәуекелдерді анықтап, транзакцияларды тексеріп, есептер дайындайды. Бүгінде Big Four компаниялары мен Fortune 500 тізіміндегі кәсіп-орындар біздің клиенттеріміздің қатарында.
АҚШ нарығын таңдауымыздың себебі қарапайым. АҚШ нарығы – әлемдегі ең жетілген технологиялық нарық. Ол жақта шешімдер жылдам қабылданады, сапалы кері байланыс оңай алынады, ал капиталға және серіктестерге қол жеткізу мүмкіндігі басқа нарықтармен салыстыруға келмейді. Біз бірден жаһандық деңгейдегі компания ретінде қалыптасқымыз келді, сол себепті Кремний алқабынан бастадық.
– Стартапты Кремний алқабындағы General Catalyst қоры қолдап, 21,5 млн доллар инвестициялаған едіңіздер. Яғни, Америкалық қор сіздерге қаржы берді, ал сіздер оларға не ұсынасыздар?
– Инвесторларға біз үш нәрсені ұсынамыз: кәсіби команда, верификацияланған нарықтық гипотеза және нақты өлшенетін нәтиже беретін өнім. Бізде бұрын 10 миллионнан астам тұтынушы қолданған GOAT.AI атты жоба болған. Сол тәжірибе негізінде нарықтың нақты мәселесін анықтадық. Жалпыға арналған модельдер корпоративтік ортада жұмыс істемейді. Бұл гипотезаны Apple сияқты ірі компаниялардың AI жетекшілерімен тікелей диалог арқылы растадық.
General Catalyst – Кремний алқабының ең беделді қорларының бірі. Оларға нақты нәтиже беретін жоба, команда мен идея айқын болғандықтан, бізге сенім білдірді. Бұл инвестиция тек қаржы ғана емес, нарыққа берілген мықты белгі деп білеміз. Одан кейін Yahoo, Intel негізін қалаушылары, Microsoft техникалық командасы және Walden Catalyst қоры да бізді қолдады.
– 10 миллионнан астам адам қолданған GOAT.AI жобасы туралы айтып қалдыңыз. Бұл жоба сіздерге қандай мүмкіндік ашты?
– GOAT.AI – тұтынушылық нарыққа бағытталған AI платформасы болды. Онда пайдаланушылар өздерінің цифрлық жоспарларын жасап, оқу материалдарын жүктеп, сабаққа дайындалу үшін белсенді қолданды. Өнім App Store мен Google Play арқылы таратылып, Еуропа чарттарында 37 апта бойы жоғарғы қатарда тұрды. Ең белсенді кезеңінде 10 миллионнан астам адам пайдаланды, солардың негізгі бөлігі Еуропа мен Американы қамтыды.
Өнімді 2025 жылы Newry Global Media атты испаниялық медиахолдинг сатып алды. Бұл – Қазақстан нарығы үшін алғашқы табысты exit-мәміленің бірі. Ал біз үшін бұл жаңа серпін болды. Сол тәжірибеден кейін нарықтың қажеттілігін нақтырақ түсіндік те, Nace.AI жобасын бастадық.
– АҚШ нарығында жұмыс істей жүріп не байқадыңыз? Өз елімізбен салыстыра отырып айтсаңыз. Бәсекелестер көп екені айдан анық. Бірақ мүмкіндіктер де көп шығар?
– АҚШ-та бәсеке өте қатты, бірақ ережелері айқын. Өнімің жақсы болса, нарық мойындай біледі. Шешімдер жылдам қабылданады, клиенттер пікірлерін ашық айтады, экожүйе сенің өсуіңе жұмыс істейді.
Қазақстанда керісінше. Таланттар өте күшті, фундаменталды мектеп – математика, физика, алгоритмдер әлемдік деңгейде. Бірақ жаһандық ойлаудың, тәуекелге дайындықтың және тез масштабтауға мүмкіндік беретін экожүйенің дамуы жолында әлде де үйренеріміз көп. Біз осы екі дүниені біріктіргіміз келеді. Қазақстанның фундаменталды мектебін АҚШ нарығының мүмкіндіктерімен ұштастырсақ дейміз. Өйткені біздің командада күрделі инженерлік мәселелерді шешіп жүрген 19-20 жастағы инженерлер бар.
– Стартап тәуекелі көп бизнес қой. Жалпы, қалай тәуекел етесіз? Тәуекел етіп, іске аспай қалған жобаларыңыз бар ма?
– Тәуекелді мен «не жоғалтамын?» деп емес, «не үйренемін?» деп қараймын. Барлық тәуекел бірдей емес. Жорамалға негізделген тәуекел бар, сондай-ақ деректерге, диалогқа және верификацияланған гипотезаға негізделген тәуекел бар. Біз екіншісін таңдаймыз.
Іске аспаған жобаларымыз да болды, бірақ олар бізге сабақ болды. GOAT.AI-ды дамытқанда да көптеген сынақтан өттік. Негізгісі, жалпыға арналған тұтынушылық өнім корпоративтік нарықта жұмыс істемейтінін уақытылы түсіндік. Бұны «сәтсіздік» емес, бағыттың дұрыстығын тексеру деп білеміз.
Инвесторлар іздегенде де сол тәуекелді сезіндік. 42 кездесудің 41-інде «жоқ» деген жауап айтылды. Ал 42-кездесудегі «иә» бізге 36 сағатта раундты жабуға мүмкіндік берді. Тәуекел деген – сенімсіздікке төзу мүмкіндігі.
– Идеяларды қайдан аласыз? Ақпараттық жүйелер, бағдарламалау бойынша әлемдік деңгейдегі авторлардың кітаптары көмекке келе ме?
– Идея нарықтан келеді. Ең дұрыс гипотезаларды біз Apple, Microsoft сияқты компаниялардың AI жетекшілерімен тікелей диалог арқылы аламыз. Нарық өзі не қажет екенін айтады. Тек тыңдай білу керек.
Бірақ фундаменталды білімсіз сырттың идеясын тыңдаған мағынасыз. Сол себепті командамыздың жартысы жоғары ғылыми дайындықтан өткен. Кітап та оқимыз, бірақ ең бастысы, зерттеуді тәжірибемен ұштастырамыз. Біздің техникалық директор Жәнібек Дүтбаев Meta AI-дың инфрақұрылымында жұмыс істеген болса, ғылыми жетекші Әбілқайыр Сапаров Purdue, Princeton және Carnegie Mellon университеттерінен білім алған. Осының бәрі бізге керекті теориялық тұғырды береді.
– Болашақтағы жоспарыңыз қандай?
– Біздің қазіргі мақсатымыз – Қазақстан мен Орта Азияның түкпір-түкпірінен таланттарды жинау. Біз үшін командада жаһандық нарықта дамуға дайын отандастарымыздың болуы маңызды.
Жақын арадағы міндетіміздің бірі – қаржылық аудитті жылдың соңына дейін толық автоматтандыру. Яғни, бүгін 20 адам жасайтын жұмысты ертең бір маман AI-агенттердің көмегімен атқаратын болады.
Жалпы, Nace.AI-дың стратегиялық мақсаты – компанияны басқара алатын жасанды интеллект жасау. 1-2 қызметкер, 5 млн доллар табыс, 99% AI арқылы басқарылатын кәсіпорын. Бұл арман сияқты естілгенімен, технологиялар сол бағытта жылдам дамып жатыр.
Ал Қазақстанда жетістіктеріміз туралы хабарлап, экожүйені нығайтқымыз келеді. Сондықтан Қазақстаннан математика, физика, бағдарламалау олимпиадаларының жеңімпаздарын, таланттарды белсенді тартып жатырмыз. Жаһандық деңгейдегі deep tech компаниясын Қазақстанда да құруға болатынын өз мысалымызбен дәлелдегіміз келеді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Айгүл СЕЙІЛ
