Форумға Қазақстанның жетекші сарапшылары мен университет өкілдері, сондай-ақ шетелдік мамандар қатысты. Қатысушылар «Күміс университеттерді» дамыту стратегиялары, егде жастағы азаматтарға білім беру, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту тақырыптарында пікір алмасты.
Іс-шараның мақсаты – Қазақстандағы және әлемдегі «Күміс университеттердің» тәжірибесін жинақтау, тәжірибе алмасу, университеттер арасындағы ынтымақтастықты дамыту және Қазақстанның «Күміс университеттері» қауымдастығын халықаралық аренада таныту болды.
Форумды Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбай жүргізді.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, егде жастағы азаматтарды оқытатын университеттердің халықаралық қауымдастығы (The International Association of Universities of the Third Age –AIUTA) президенті, Тулуза университетінің профессоры Франсуа Веллас, сондай-ақ AIUTA басқарма мүшесі, Братислава Экономикалық университетінің профессоры Янка Себера Хладецка секілді мәртебелі қонақтар форум жұмысына белсене қатысты.
Форумға қатысушыларға арнаған құттықтау сөзінде ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов:
«Қазақстан қоғамы үшін егде жастағы азаматтарға арналған университет – салыстырмалы түрде жаңа құбылыс. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Күміс университеті» – үздіксіз білім беру мен мемлекеттік саясаттың үйлесімі аясында жүзеге асып отырған табысты ұлттық бастама. Бүгін біз Франсуа Велласты қарсы ала отырып, үздіксіз білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға маңызды қадам жасап отырмыз. Еуропа тәжірибесі мен Қазақстан бастамаларының үйлесуі «белсенді қартаю университетінің» бірегей моделін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Форумның пікірталастары жаңа идеялар мен практикалық іс-қимылдарға жол ашады деп сенемін», – деді.
Форум барысында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ғылыми жұмыс және өңірмен байланыс жөніндегі проректоры Айгүл Жақыпова, Тулуза университетінің профессоры Франсуа Веллас – AIUTA қызметі туралы, профессор Янка Себера Хладецка – Братиславадағы егде жастағы азаматтарға арналған университет қызметі туралы, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің халықаралық ынтымақтастық бөлімінің жетекшісі Еркеш Рахымжанов – «Ualikhanov University-дің Күміс университетіне – 5 жыл», Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің стратегиялық даму жөніндегі проректоры Ұлан Несіпқалиев 50+ жобалар бойынша тәжірибе алмасу және тұрақты даму мәселелері туралы өз тәжірибелерімен бөлісті.
Форумның нәтижесі ретінде егде жастағы адамдарға білім беру саласындағы халықаралық қауымдастық (AIUTA) пен Қазақстан университеттері арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бұл келісімге Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті, Семейдегі Шәкәрім атындағы университет, Павлодардағы Торайғыров университеті және Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті қатысты.
Осылайша, Eurasian Silver Forum Қазақстандағы «Күміс университеттер» қозғалысын халықаралық деңгейде дамытуға тың серпін беріп, белсенді қартаю мен білім берудің жаңа мүмкіндіктерін ашты.
Т. ҚАБЫЛ