Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы саяси конфигурациядағы ынтымақтастық комитетінің 22-ші отырысы өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz министрлікке сілтеме жасап.
Тараптар Қазақстан Республикасы мен ЕуроОдақ және оның мүше мемлекеттері арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді және 2025 жылғы 4 сәуірде Самарқанд қаласында өткен «Орталық Азия – ЕО» саммитінің қорытындылары бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға ерекше назар аудара отырып, екіжақты қатынастардың жай-күйі мен перспективаларын егжей-тегжейлі талқылады.
Іс-шара гибридті форматта өтті. Оған Қазақстанның негізгі министрліктері мен ведомстволарының, Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметінің және Астанадағы ЕО делегациясының өкілдері қатысты. Қазақ делегациясын Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, еуропалық тарапты – Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметінің Еуропа және Орталық Азия мәселелері жөніндегі бас директорының міндетін атқарушы Люк Девинь басқарды.
Р.Василенко отырысты аша отырып, Қазақстан мен ЕО арасындағы серіктестіктің дәйекті дамып келе жатқанын атап өтті: «Өткен жылы Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім өзінің практикалық маңыздылығын толық дәлелдеді. Біз ынтымақтастықтың кеңеюін және барлық деңгейлерде диалогтің нығаюын байқаймыз. ЕО – біздің басты сауда және инвестициялық серіктесіміз. 2024 жылы өзара сауда көлемі рекордтық көрсеткіш – 50 млрд АҚШ долларына жуық сомаға жетті».
Отырыс барысында сауда, инвестициялар, көлік байланысы, энергетика, климат, заңның үстемдігі және визалық жеңілдіктер мәселелеріне баса назар аударылды.
Қазақ тарапы ҚР азаматтарының еркін қозғалысына қойылатын кедергілерді азайтуға бағытталған шаралар қабылданатынына сенім білдірді, визалық режимді жеңілдету және реадмиссия туралы келіссөздерді мүмкіндігінше тез бастау маңыздылығын ерекше айтты. Астана мұндай келіссөздер үшін қажетті құқықтық және техникалық базаны қамтамасыз етуге дайын екенін растады.
Сондай-ақ тараптар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Еуропалық Кеңес пен Комиссия басшылары арасында Самарқандтағы «ОА-ЕО» саммиті аясында қол жеткізілген тұрақты сауда, цифрландыру және білім беру алмасуларын кеңейту мәселелері бойынша уағдаластықтарды жүзеге асыруды талқылады.
Көлік байланысын кеңейтудің маңыздылығы, атап айтқанда Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің (ТХКД, Орта дәліз) одан әрі дамуы аталып өтті. ТХКД бойындағы инфрақұрылымды жаңғырту бойынша әрі қарай белсенді практикалық әрекеттерге көшудің қажеттілігі айтылып, бұл бағытта ЕО тарапынан 10 млрд еуро көлемінде қаржы бөлу ниеті құпталды.
Осы тұрғыда тараптар Global Gateway (Жаһандық қақпа) бастамасы аясындағы өзара іс-қимылды оң бағалады. Атап айтқанда, Еурокомиссия Президенті Урсула фон дер Ляйеннің сәуірдегі саммитінде Еуропа мен Орталық Азия арасындағы инфрақұрылымдық, энергетикалық және цифрлық байланыстарды жақсартуға бағытталған 12 млрд еуро сомасында инвестициялық пакет бөлу туралы мәлімдемесі қолдау тапты. Қазақстан бұл өңірлік жобаларға белсенді қатысуға дайын екенін растады.
Сонымен қатар тараптар ҚР Үкіметі мен ЕуроОдақ арасындағы әуе тасымалдарының кейбір аспектілері туралы келісімді тезірек қол қоюдың маңыздылығын атап өтті. Бұл құжат нормативтік базаны үйлестіруге, құқықтық анықтығын арттыруға және қазақстандық және еуропалық әуе тасымалдаушылары арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған.
Тараптар сондай-ақ цифрлық сауаттылықты арттыру, инклюзивті білім беруді дамыту және академиялық ұтқырлықты кеңейту мәселелерін тұрақты ынтымақтастықтың іргетасы ретінде қарастырды.
Климат және «жасыл» күн тәртібі аясында тараптар Қазақстанның Париж келісімі бойынша міндеттемелерін орындауын, оның Глобалдық метан бастамасына белсенді қатысуын, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері мен маңызды шикізат жеткізу тізбектерін дамыту бойынша бірлескен жобаларды ілгерілетуін құптады.
Еуропалық делегация басшысы Л.Девинь: «Соңғы отыз жылда Еуропалық Одақ пен Қазақстан өзара сенімге, құрметке және ынтымақтастыққа негізделген берік және жетілген серіктестік орнатып, өзара жақындай түсті. ЕО мен Қазақстан арасындағы серіктестік – бұл меже емес – ұзақ сапар. Бұл көпжылдық достықтың әлі ашылар жаңа тараулары көп», – деп мәлімдеді.
Отырыс қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға және бірлескен жобаларды өзара құрмет рухында жүзеге асыруға бейілділігін растады.
Саяси конфигурациядағы ынтымақтастық комитеті – ҚР мен ЕО арасындағы өзара іс-қимылдың негізгі институционалдық тетіктерінің бірі. Комитет отырыстары уәкілетті мемлекеттік органдар деңгейінде өткізіледі және заңның үстемдігі, сот және сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформалар, өңірлік және халықаралық қауіпсіздік, ЕҚЫҰ аясындағы ынтымақтастық, визалық саясат, білім беру, БАҚ және азаматтық қоғам салаларындағы өзара іс-қимыл сияқты кең ауқымды саяси және өңірлік мәселелерді қамтиды.
Еуропалық Одақ – Қазақстанның негізгі сауда және инвестициялық серіктесі. 2024 жылы тауар айналымы 48,7 млрд АҚШ долларын құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 16,9%-ға өсті (ҚР-дан экспорт – 38,1 млрд доллар, импорт – 10,6 млрд доллар). 2005 жылдан бері Қазақстан экономикасына тартылған еуропалық инвестициялар көлемі 200 млрд доллардан асты. Елімізде еуропалық 3000-нан астам компания жұмыс істейді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.