in

«Жапонияда 100 жастан асқандар көбейді»: олардың ұзақ өмір сүруінің құпиясы айтылды

Жапонияда жасы 100-ден асқан адамдардың саны алғаш рет 100 мыңға жуықтап, рекордтық деңгейге жетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты www.bbc.com сайтына сілтеме жасап.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қыркүйек айындағы көрсеткіш 99 763 адамды құрап, қатарынан 55 жыл бойы жаңа рекорд орнатты. Солардың 88 пайызын әйелдер құрайды.

Жапония – әлемдегі өмір сүру ұзақтығы ең жоғары ел. Мұнда көбіне Жер шарындағы ең қарт адамдар өмір сүреді. Дегенмен кейбір зерттеулер дүниежүзі бойынша ұзақ жасаушылардың нақты санына күмән келтіреді.

Бұл ел – халқы қартаю жағынан да әлемдегі ең жылдам қартаюшы қоғамдардың бірі. Жапондарда салауатты тамақтану дәстүрі бар, бірақ туу көрсеткіші төмен.

Жапониядағы ең қарт адам – Нара қаласының маңындағы Яматокорияма қалашығында тұратын 114 жастағы Сигэко Кагава есімді әйел. Ал ең қарт ер адам – жағалаудағы Ивата қаласының тұрғыны, 111 жастағы Киётакa Мизуно.

Денсаулық сақтау министрі Такамаро Фукока 87 784 әйелді және 11 979 ер азаматты ұзақ жасауларымен құттықтап, олардың қоғамды дамытуға қосқан көпжылдық еңбегіне алғысын білдірді.

Бұл деректер 15 қыркүйекте атап өтілетін Жапонияның Қарттар күніне орай жарияланды. Ұлттық мереке аясында жаңа ғасыр жасағандарға премьер-министрден құттықтау хаты мен күміс тостаған табысталады. Биыл мұндай марапатқа 52 310 адам ие болды, – деп хабарлады министрлік.

1960 жылдары Жапония «Жетіліктің» (G7) өзге елдерімен салыстырғанда жасы 100-ден асқан адамдардың үлесі ең төмен мемлекет еді. Бірақ арада бірнеше онжылдық өткен соң жағдай түбегейлі өзгерді.

Үкімет 1963 жылы жүз жастағы тұрғындарға қатысты зерттеу жүргізуді бастағанда, елде бар болғаны 153 адам болған. 1981 жылы олардың саны 1 000-ға жетті, ал 1998 жылға қарай 10 000-нан асты.

Өмір сүру ұзақтығының артуы жүрек аурулары мен сүт безі, қуық асты безі қатерлі ісігі сияқты кең тараған дерттерден қайтыс болу жағдайының азайғанымен байланыстырылады.

Жапондардың семіздік деңгейі өте төмен. Бұл да аурулардың алдын алуға септігін тигізеді. Олардың рационында қызыл ет аз, балық пен көкөніс мол. Әсіресе әйелдер арасындағы семіздік көрсеткіші төмен. Бұл олардың ерлерге қарағанда ұзақ өмір сүруін түсіндіреді.

Әлемде қант пен тұз тұтыну көбейген кезде Жапония керісінше бағыт ұстанып, халықты тұзды азайтуға шақырған қоғамдық денсаулық науқандарын тиімді жүргізді.

Алайда ұзақ өмір сүру тек тамақтанумен шектелмейді. Жапондар қартайған шағында да белсенді өмір салтын ұстанады. АҚШ пен Еуропа қарттарымен салыстырғанда олар жаяу жүреді, қоғамдық көлікті көбірек пайдаланады.

1928 жылдан бері Жапонияда «Радио тайсо» деп аталатын үш минуттық күнделікті жаттығу дәстүрге айналған. Бұл тек қана денсаулықты нығайту емес, сонымен қатар қауымдастық рухын қалыптастыру үшін де маңызды мәдениетке айналып отыр.

Дегенмен бірқатар зерттеулер дүниежүзілік ұзақ жасаушылар санына күмән келтіреді. Мұндай көрсеткіштердің өсуіне деректердегі қателер, сенімсіз ресми құжаттар мен туу туралы куәліктердің болмауы әсер етуі мүмкін.

2010 жылы Жапонияда жүргізілген үкіметтік тексеріс барысында 100 жастан асқан 230 мыңнан астам адамның тіркеуде бар екені, бірақ іс жүзінде өмірде жоқ екені анықталды. Кейбірі ондаған жыл бұрын қайтыс болып кеткен болып шықты.

Бұл жағдайдың себебі – деректерді жүргізудегі кемшіліктер және туыстарының қарттардың өлімін жасырып, олардың зейнетақысын иемденген болуы мүмкін деген күдікпен байланысты.

Ұлттық тексеріс Токиодағы ең қарт тұрғындардың бірі, 111 жаста деп есептелген Согэн Котоның оқиғасынан кейін басталды. Оның сүйегі отбасылық үйінен ол қайтыс болғаннан кейін 32 жыл өткен соң табылған еді.