Алакөл ауданының Көлбай ауылында 1924 жылғы 14 қаңтар айында дүние есігін ашқан Исқақ ақсақал өзінің саналы ғұмырының бес жылын Ұлы Отан соғысында өткізді.
Осыдан 85 жыл бұрын, яғни 1942 жылы Андреев аудандық әскери комиссиариатына Исқақ Әбілпейісұлы шақырылды. Сөйтіп, жас жігіт Украина майданында атқыштар дивизиясында түсіп, ұрысқа қатысады. Ары қарайғы әскери борышын 1943-1945 жылдары Тынық мұхитындағы Амур флотилиясында зенитшілер сапында әскери кемеде өтеді. Сол кездегі жауға қарсы шайқастардың бірінде жау ұшағын атып түсірген. Оның сол ерлігі жайында «Красный Амуровец» газетінде «Сын Казахстана» және «Пулеметчик Хусайынов – мастер своего дела» деген мақалалар шықты.
Еліміздің батысындағы қанды соғыс өрті басылған соң, 1945-1947 жылдар аралығында Жапония миллитаристерімен арадағы шиеленісті ауыздықтау да оңай болған жоқ. Осы жолы И.Ә.Хусайынов жас теңізшілерді даярлау мен жаттықтыру ісіне белсене қатысып, әскери борышын барынша адал атқарып, еліне оралды.
1947 жылдан мұғалімдік қызметін бастап, жас азаматтарға білім мен тәрбие беру ісін зейнет жасына жеткенше жалғастырған. Екпінді ауылдық мектебінде мұғалім болып, кейін директор қызметіне көтерілген. Бүгінде Еңбек ардагері «Еңбек Қызыл Ту» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Әдіскер мұғалім», «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» атақтарының иесі.
Исқақ Әбілпейісұлы 23 жасында үйленіп, жұбайы Бақыш Нұратаева екеуі бүгінде үбірлі-шүбірлі болып отырған жайы бар.
Екі майданға қатысып, ұрыс алаңында ғана емес, еңбекте де елеулі жұмысы үшін Екінші дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «Ерлігі үшін», «Жапонияны жеңгені үшін», «Ұлы Отан соғысының Тынық мұхиттағы ардагері», «Әскери – теңіз флотының үздігі», т.б. медальдарын алды. Тіпті, Амур флотының мұражайында И.Ә.Хусайыновқа арналған Даңқ бұрышы да бар.