Қазақ дүниетанымында «жаңару» ұғымы тазалықпен, кешіріммен және ақ ниетпен сабақтасып жатыр. Сондықтан Наурыз мейрамы ежелден тазару мен жаңғырудың нышаны саналған. Бұл күні халық «Ескі жыл, есірке, жаңа жыл, жарылқа» деп ақжарма тілек тілеп, өткеннің өкпесін ұмытып, жаңа жылға үмітпен қадам басады. Бүгінгі жаңару күнінде рухани тазару, ізгі ниетке ұмтылу және жаңа бастамаларға жол ашу идеясы айрықша мәнге ие.
Тарихи деректерге сүйенсек, Наурыз мейрамы қоғамдық-саяси жағдайларға байланысты 1926–1988 жылдар аралығында атап өтілмеді. Дегенмен халық жадынан өшпеген ұлық мереке ел ішінде жалғасын тапқанымен, оның терең мазмұндық сипатына қауіп төнген еді. 1988 жылдан бастап Наурыз мерекесі қайта жаңғырып, ұлттық руханиятпен бірге қайта түлей бастады. Алайда алғашқы кезеңдерде мерекелеу көбіне сыртқы атрибуттармен, киіз үй тігумен, мол дастарқан жаюмен және наурызкөже ұсынумен шектеліп қалды. Ал қазір Наурыз мейрамын ұзақ уақыт тойлау үшін жаңа формат – Наурызнама онкүндігі енгізілді. Онкүндік аясында ұлттық құндылықтарды жаңғырту, бірлік пен ынтымақты нығайту мақсатында әр күнге арнайы атау беріліп, мәдениет және салт-дәстүр насихатталады.
Жаңару – табиғаттың мәңгілік заңдылығы. Бұл кезеңде қар еріп, күн жылынады, ағаштар бүр жарып, тіршілік атаулы қайта жанданады, ал адам баласы қыстың ауыртпалығынан кейін жаңа өмірге қадам басады. Осындай ерекше мезетті әр халық әртүрлі атаумен атап өтеді: қазақ және түркі жұртында Наурыз мейрамы ретінде кеңінен тойланса, парсы халықтарында – Навруз, ал кейбір славян елдерінде Көктемгі күн теңелуі мерекесі ретінде дәріптеледі. Шығыс халықтары ежелден бірлік пен татулықтың, еңбектің, ізгілік пен берекенің мерекесі ретінде атап өтеді. Жаңару күніне тән дәстүрлер әр халықтың мәдени ерекшелігіне қарай әрқилы көрініс тапқанымен, олардың түпкі мәні табиғаттың жаңғыруымен тығыз байланысты. Бұл күні адамдар үйлерін тазартып, қажетсіз дүниелерден арылып, жаңа кезеңді жеңіл әрі таза көңілмен бастауға ұмтылады. Табиғатқа жанашырлықтың белгісі ретінде ағаш отырғызып, айналаны көркейту – жаңарудың айқын нышаны. Сонымен қатар от жағып, жарықты дәріптеу арқылы күннің жылуы мен нұрын қарсы алу дәстүрі қалыптасқан. Ең бастысы, адамдар бір-біріне ізгі тілек арнап, өкпе-реніштерін ұмытып, татулыққа бет бұрады.
Ізтастағы жаңа күн бейнесі
Жаңару күні адамдар ескі-құсқыдан арылып, жаңа өмірге дайындық жасайды. Бұл – тұрмыстық әрекет. Ал шын мәнінде, бұл күннің басты мазмұны – халық жаман ойдан, реніштен, өкпе-наздан арылып, жаңа кезеңді таза көңілмен қарсы алу. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында күллі ел ежелден атап өтетін Наурыз мейрамы аясында сақталған салт-дәстүрлер мен уақыт ағымына сай жаңарып отыр. Бұл мереке діни түсініктен бөлек, «жаңару», «жаңа жылдың бастауы» деген ұғымдармен астасып, шамамен 2–3 мың жыл бұрын пайда болған. Тарихшы Темірғали Аршабеков осындай пікірде. Ол Наурыздың ертеден бері тойланып келе жатқан көне мейрам екенін бірқатар тарихи деректер арқылы түсіндіріп берді.
«Сарыарқа даласында жыл басының жаңару кезеңін айғақтайтын айқын деректер бар. Мәселен, Қарағанды облысында 30-ға жуық ізтас кездеседі. Соның бірі – Ақтоғай жеріндегі Желтау тауындағы көне бейне. Мұнда малшының екі қолын көтеріп, ерте көктемді күтіп тұрған бейнесі арқылы жаңа күннің, жаңа жылдың басталуы тасқа қашалып көрсетілген. Наурыздың көнелігін дәлелдейтін тағы бір маңызды белгі – Ұлытау облысы Ұлытау ауданы Теректі әулие тауындағы және Жаңаарқа ауданы Ақсайдағы шамамен 3 мың жыл бұрын тасқа салынған күн таңбалары. Бұл дөңгелек таңбалар жаңа күннің пайда болуын білдіріп, табиғаттағы жаңарудың символы ретінде бейнеленген. Жалпы, «жаңару» ұғымы бүкіл әлемнің жаңаруы деген мағына береді. Қыс мезгілінен кейін көктемнің келуі, қардың еріп, жаңа тіршіліктің басталуы, былтырғы шөптің орнына жаңа өскіннің шығуы – осының барлығы табиғаттағы жаңару кезеңінің басталғанын көрсетеді. Сондықтан «жаңару» сөзінің түпкі мәні де осы табиғи құбылыстармен тығыз байланысты», – дейді Темірғали Аршабеков.
Наурыз мейрамы – күн мен түн теңеліп, табиғат пен тіршіліктің қайта түлейтін, төрт түлік төлдеп, жер бетіне жан бітіп, жыл құстары қайта оралатын, қыстың ызғары қайтып, көктемнің шуағы сезілетін айрықша кезең. Осындай табиғаттың тылсым заңдылықтарын терең ұғына білген ата-бабаларымыз бұл күннің маңызын «Жыл басы», «Жаңару», «әз Наурыз» ұғымдарына сыйдыра білген. Тарихшылардың айтуынша, қазақ танымындағы мұндай түсініктердің барлығы табиғатпен үйлесімде өмір сүрудің нәтижесінде қалыптасқан. Өйткені қазақ – табиғатпен біте қайнасқан халық. Жер жаңарып, айнала жасыл желекке бөленіп, көктемнің жаршысы – Наурыз мейрамы келген шақта ел-жұрт бұлақтың көзін ашып, тал егіп, айналаны тазартып, табиғатқа қамқорлық жасаған.
«Қазақ халқы Наурызды «Әз Наурыз» деп те атаған. Мұндағы «әз» сөзі – тарихи таныммен байланысты және төрт түлікке қатысты сирек қолданылатын ұғымдардың бірі. Қазақ халқы табиғат құбылыстарына қарап көктемнің қашан шығатынына болжам жасаған: егер қарға қойдың құмалағы батса, көктем ерте әрі жайма-шуақ болады деп есептеген. Осылайша, табиғатпен етене байланыста көктемнің жаңа күні толық келді деп пайымдаған. Қазақ қана емес, түркі тектес халықтар қоршаған ортаға, табиғатқа, су көздеріне ерекше құрметпен қараған. Айдалада бұлақ басындағы ағашты «әулие ағаш» деп қастерлеуі – соның айғағы. Сондай-ақ әр мезгілдің табиғи жайылымдарды тепе-теңдікте ұстап, табиғатпен үйлесімді өмір сүрген. XVIII–XIX ғасырларда Орта жүз қазақтарының жайлауы Ресей аумағына дейін, Түмен мен Орынборға дейін созылғаны белгілі. Кейін Ресей империясының реформаларына байланысты жайылым жерлер тарылып, көші-қон ауқымы шектелді. Дегенмен қоршаған ортаның жаңаруы мен табиғатпен үйлесімде өмір сүру ұғымы түркі халықтарына ортақ дүниетаным ретінде сақталып келеді. Осылайша, жаңа жыл басталып, бүкіл тіршілік жаңарады деп пайымдаймыз», – дейді тарихшы.
Оның ойын толықтыра түсетін мынадай тағы бір мысал бар: танымымызда Наурыздың алғашқы үш күнінің бірінде жер бетімен ерекше гуіл – әз жүріп өтеді деген сенім бар. Бұл сәт табиғаттың жанданып, жердің қайта түлей бастаған кезеңімен сабақтас түсіндіріледі. Әздің келгенін ең алдымен қой түлігі сезеді деп есептеледі. Халық арасында кең тараған «Әз болмай, мәз болмайды» деген нақыл да осы ұғымның мәнін айқындайды. Көктемнің келуін қазақ халқы жануарлардың мінез-құлқынан да аңғарған. Мәселен, наурыз айының орта шенінде суыр інінен шығады. Егер ол інінен алысқа ұзап кетсе, көктем ерте келеді деп болжанған. Ал ін маңынан ұзамаған жағдайда, қыстың ызғары әлі де сақталады деп топшылаған.
Жыл да, Жер де жаңарған
Ғалымдар Наурыз – күн мен түннің теңелуімен, аспан әлемінің жаңаруымен байланысты табиғат қойнынан шыққан көне мейрам екенін ғалымдар айтып, оған тарихи дәлелдер мен мысалдар да келтірді. Олардың қатарын этнолог-тарихшы Ахмет Тоқтабай да толықтырды. Айтуынша, ежелде Шығыс елдерінде, Иран, Түркия, Ауғанстан және басқа да өңірлерде әртүрлі уақытта атап өтілген. Өйткені ел билеген әр патша Наурыздың күнін өздері белгілеп отырған. Соның салдарынан, мейрам уақыты өзгеріске ұшырады. 1079 жылы Мәлік Шах арнайы тапсырма беріп, Омар ибн Ибрагим әл-Хаямды басшылыққа тағайындап, Хорасан мен басқа өңірлердің ғалымдарын жинаған. Ғалымдар мен астрономдар бір жылға жуық зерттеу жүргізіп, нәтижесінде Наурыз 21-інен 22-іне қараған түні кіреді деп нақты белгіленген. Бұл дата бүгінгі күнге дейін сақталып келеді.
«Ескі күнтізбе бойынша қазақ халқы мейрамды 9–16 наурыз аралығында 8 күн бойы тойлаған. Алаш қайраткерлері де осы күн арасында халықты құттықтап, газет-журналдарға жариялап отырды. Тарихта күнтізбенің өзгеруін ескерсек, Қазан төңкерісі 25 қазанда болды дейміз. Күнтізбе өзгерген соң 7 қарашаға сәйкес келген. Сол сияқты қазақтар бұрын тойлаған 9 наурыз қазіргі күнтізбе бойынша 21 наурызға сәйкес келеді. Сондықтан бүгінде тойланып жүрген Ұлыстың ұлы күні – тарихи жалғастықтың көрінісі. Яғни, қазақ халқы ертеден-ақ күн мен түннің теңелуін дәл анықтай білген. Наурызда халық «Ақ мол болсын!» деп тілек айтады. Себебі қыстағы соғым еті таусылып, адамдар ағарған тағамдарға көшеді. Соғымның ең соңғы сыбағасы алыста жүрген азаматтарға сақталып, қалған ет наурызкөжеге қосылады», – деді Ахмет Тоқтабай.
Ғалымның айтуынша, бұл құбылысты орыс ғалымдары да зерттеп, Наурыздың практикалық маңызын «қызыл тамақтан ақ тамаққа көшу» деп сипаттаған. Ақ тағамдарды тұтыну күзге дейін жалғасады. Мұны қазіргі тілмен айтқанда, «маусымдық диета» деп атауға болады.
Дүниенің жаны кіретін кез
Қазіргі Наурызнама онкүндігі аясында бірнеше атаулы күндер белгіленгенімен, олардың барлығы мәні мен мазмұны жағынан Ұлыстың ұлы күні – Наурыз ұғымының аясында тоғысады. Осы күндердің арасында қазақтың бұрынғы салт-дәстүрі қайта жаңғырып, халық игілігіне бейімделген іс-шаралар мен рәсімдер қайта жасалады. Халықтың мал шаруашылығына байланысты егін егу, бұлақ басын ашу, ағаш егу сияқты дәстүрлі әрекеттер Наурыз мерекесінің мәнін сақтап, адамдарды табиғат циклымен үйлестіріп өмір сүруге үйретеді. Этнограф Ғалия Қайдауылқызының сөзінше, қазақ үшін табиғат жай ғана қоршаған орта емес, ол – жаратушының үлкен сыйы, өмірдің, дәстүрдің, мерекенің өлшемі болып келген. Дана халық кез келген атаулы күнді, тойды немесе дәстүрлі іс-шараны табиғатпен үндестіріп, ауа райы мен мезгіл ерекшелігіне қарай ұйымдастыруды әдетке айналдырған.
– Адамның екі анасы бар деп айтсақ, оның бірі – туған анасы, екіншісі – табиғат. Көктемнің келуімен жер беті жаңа кейіпке боялады. Дүниенің жаны кіретін кез. Күннің шуағы, нұры көбейіп, көктің шығатын уағы. Адамзат содан да болар, табиғатты ерекше аялайды, баптайды, қадір тұтады. Әрі жас буынды осыған баулиды, тәрбиелейді. «Бұлақ ақса, көл тоқ. Еңбек етсе, ер тоқ», «Бір тал кессең, он тал ек», «Жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді» дейтін даналық сөздер соның бір дәлелі. Ежелгі түсінікте қоршаған ортаның бәрінің де жаны бар және жаратушысы бар, сондықтан олармен болатын қатынас жанды деңгейде болу керек деп есептелген. Қазақтың көне дәстүрі бойынша жер – адамзат, жалпы тіршілік иелері мен өсімдіктер, жан-жануарлар анасы, ал аспан – жарық, жылу беріп, жаңбыр жаудырып, бүкіл тіршілік атаулыға жақсылық жасап, қорған болатын атасы ретінде есептелінген. Одан бөлек, төрт түлік малдың да өзіне тән иесі болды. Мұның бәрі халықтың табиғатпен үндесіп жатқанының басты көрінісі. Қазақ халқының әрбір мейрамы табиғатпен астасып, оның циклымен үндесіп келетін. Мысалы, көктемде атқа міну, мал сою, егін егу сияқты дәстүрлі әрекеттер Наурызбен, жаңару мен тіршіліктің оянуымен байланысты болса, күзде өткізілетін жиын-терін мерекелері табиғаттың мол өнімін жинаумен тығыз байланыста болған. Тіпті, кейбір тойлар мен діни рәсімдер де ауа райына, жыл мезгіліне қарай ұйымдастырылып, адамдардың табиғат заңдарына бағынуын, оның сыйына құрмет көрсетуін көрсетеді», – дейді этнограф.
Міне, дәл осы үйлесім – қазақ халқының дүниетанымында табиғатты тек қоршаған орта ғана емес, тіршілік пен мерекенің серігі ретінде қабылдағанының айқын көрінісі. Халық қоршаған ортамен тамырластығын дәріптейтін, дүние түлеп, жаңғыратын маусымдарға арналған жылдың 4 мезгілін 4 ірі мерекемен ұштастырған. Соның бірі Наурыз мерекесі – Жер-ананың қайта түлеп, жаңаратын уақыты. Осы тұста этнограф Ғалия Қайдауылқызы қазақ халқы бұл мейрамның өзін үш негізгі жікке бөліп, тойлай білгенін тілге тиек етті.
– Алғашқысы – тепе-теңдік ұғымы. Ұлыс тойы Күн мен Түн, Қыс пен Жаз тепе-теңдікке келген сәттен бастап тойланады. Осыған сәйкес Наурыз тойы жаратылысты қоршаушы күштердің, алдымен табиғат пен қоғамның, екіншіден, ел мен елдің, үшіншіден, қоғамдағы әлеуметтік топтардың тепе-теңдігінің сақталуын талап етеді. Екіншісі – игілік. Наурыз тойы қарсаңында: «Бұлақ көрсең, көзін аш», – деп қаумаласқан жігіттер бастаулардың көзін ашып, қариялар: «Атаңнан мал қалғанша тал қалсын», – деп бұлақ басына тал егіп, аналар жаңа атқан күнге: «Армысың, қайырымды Күн-Ана, құт дарыт, жарылқа!» – деп бұлаққа май құйып, өсімдіктерге ақ бүркеді. Сөйтіп, табиғаттың өсіп-өнуіне жағдай жасалады. Үшіншісі – жаңару. Ұлыс күні аспан денелері бастапқы нүктесіне келеді. Мал төлдеп, жер көктеп, дүние жаңарады. Осыған сәйкес адамдар да шашын алып, сақал-мұртын күзеп, жуынып-шайынып, ақ көйлек пен су жаңа киінеді, – дейді Ғалия Қайдауылқызы.
Одан бөлек, Жаңару күні қарсаңында халқымыз бірнеше дәстүр мен ғұрыпты орындаған. Мәселен, қазақ жерінің оңтүстігіндегі қазақтар көктеуге наурыздың басында көшіп, отпен аластау, қауақ сындыру, яғни «тазару» ғұрыптарын жасаған. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, этнограф Тәттігүл Қартаеваның айтуынша, Оңтүстік қазақтарының отпен аластауының көне ғұрпы туралы Н.Гродеков, Ә.Диваев жазбаларында қызықты деректер кездеседі. Қыстаудан көктеуге көшке жиналғанда аман-есен жаңа қонысқа жетуге ырымдап, ғұрыптық дастарқан жайып, бата жасаған. Одан соң, көшке шығар алдында жолдың екі жағынан үлкен екі от жағады, әйелдердің жасы жағынан үлкені қауақтан жасалған ыдысты алып «қауақ сынды қайғы кетті», – деп дауыстап айтып, қауақты сындырады. Қауақ – іші бос, тек тарамдалған кеуіктері мен дәндері бар асқабақ тәрізді жеміс. Оңтүстіктің отырықшы шаруашылықты кәсіп еткен қазақтары өсірген. Ішін кеулеп тазалап, тұз, қант, тәттілер салуға ыдыс ретінде пайдаланған. Сопақ түрлерін екіге жарып, ожау да жасаған. Жағылған екі от арасынан жүк артылған түйелерде өткізеді, одан кейін еркек, әйел, балалар «алас, алас» деп оттан секіреді. «Қауақ сындыру» – қыстан аман-есен шыққандарына тәубешілік етіп, қыстан келетін қауіп-қатер сынған ыдыспен кетсін дегені. Себебі қыстың қыстың қатты болуы жұтқа әкеліп соғып, мал басының азаюына тікелей әсер еткен. Қыста болатын жұт қазақ үшін ең үлкен қауіп-қатер еді. Көшті аластау, оттан секіру ғұрыптары көшпеліліктен отырықшылыққа ауысу кезеңінен бастап жойылған.
«Байырғы қазақтар Наурызда кетік аяқ (ыдыс) болса сындырып, ескі заттарды «бәле-жала осымен кетсін» деп жерошақ жасап, отқа жағып, күлін көміп тастаған. Бұл ритуал ескі зат үйдегі ошаққа тасталмағандықтан, «моғал ошақ қазу» деп аталған. Қазақтар арасында ертеде жұп шырақ жағу ғұрпы болған. Бұл ғұрыпқа кезінде қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов үлкен мән берген. Наурыз дастарқанының басына, Наурыз күні түнге қарай үйде жұп шырақ жағу дерегі қызығушылық тудырады. Зерттеушілердің пайымдауынша, түнгі шырақтың бірі От Құдайына, бірі Ұмай Анаға (От Ана, Май Ана) арналған болуы мүмкін. Аластау, шырақ жағу рәсімдерінің архисемасы (түпкі мәні) От Әулиеге (От Құдайға), отқа табынумен (зороастризммен, шаманизммен) байланысты сенім», – деді Т.Қартаева.
Жаңару күні адамның да жаңа бетбұрыс жасауына, өткен жылмен қоштасып, жаңа мүмкіндіктерді қарсы алуға мүмкіндік береді. Күллі табиғат тіршілігі оянып, жайма-шуақ күн басталған шақта әрбір адам жаңалыққа, жақсылыққа ұмтылады. Сондықтан бұл күнді әркім жаңа мүмкіндіктерді қарсы алу, ішкі дүниесін тазалау және оң өзгерістерге бет бұру мерекесі ретінде атап өтеді.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ
