Шынайы өмірде де, әсіресе, дамыған елдерде ізкесуші мамандар әділдікті қалпына келтіруде, шындықты ашуда үлкен рөл атқарады. Қазақстанда мұндай кәсіп иелері ресми түрде танылмады. Сондықтан Парламент пен ІІМ бұл олқылықтың орнын толтырып, заң қабылдауға, сол арқылы әділетті нығайтудың жаңа тетігін іске қосуға кірісті.
Ашық алаңдағы жасырын із
Қазақстанда азаматтар мен кәсіпкерлер құқықтық теріс салдардан еш қауіптенбей, жеке детективтің көмегіне ресми жүгіну мүмкіндігінен айырылған. Жеке іздестіру институтын енгізу сонау 2010 жылы-ақ ұсынылған-тын, екі жылдан соң тиісті заң жобасы жетілдіруге жіберіліп, сол бойы жоғалды. 2015 жылы «Жеке детективтік қызмет туралы» заң жобасы Парламент Мәжілісінде қаралғанымен, белгісіз тосқауылға тап болып, қабылдануы белгісіз мерзімге кейінге қалды. Соның кесірінен, әлі күнге дейін республикада бейінді заң жоқ, бұл аталған салада құқықтық бос қуыстың қалыптасуына алып келіп отыр.
«Қазақстан Республикасында жеке детективтер институты жоқ. Соған қарамастан, интернет желісінде жеке тұлғалар тарапынан детективтік қызметтер көрсету туралы көптеген ұсыныс бар: оларды жүзеге асыру барысында азаматтардың конституциялық құқықтары бұзылуы мүмкін. Тиісті заңды қабылдау жеке детективтер мен детективтік агенттіктердің қызметін заңнамалық тұрғыдан реттеуге, сондай-ақ осы саладағы заң талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілік белгілеуге мүмкіндік береді», – деп хабарлады Ішкі істер министрлігі.
Ұлттық статбюро да детективтердің барын мойындамайды. Сондықтан олар бойынша бірде-бір статистикалық мәлімет жоқ. Бір қызығы, интернеттен детектив іздеп табу – қиын шаруа емес. Іздеу сервистеріне сұрау енгізсеңіз, түрлі агенттік легі алдыңыздан самсап шыға келеді. Бұл жасырын жертөлелер, күңгірт форумдар, тіпті «даркнет» те емес – күн сәулесі түсіп тұрған ашық алаңдар. Әлеуметтік желіде белсенді парақшалары да, төл сайттары да бар.
Алайда осы сайттарға зер салсаңыз, елең еткізер бір сәйкессіздікті байқайсыз. Классикалық, әйгілі детектив романдары кейіпкерлерінің есімін иеленген агенттіктердің көбінде БСН-і көрсетілмеген, ресми тіркелген заңды атауы жазылмаған. Демек, қызмет бар, табыс бар, жарнама бар – бірақ құқықтық субъект жоқ. Ал субъект болмаған жерде жауапкершілік те көмескі. Бұл – кез келген құқықтық мемлекет үшін жүйелі тәуекелдің алғашқы нышаны.
Ұсынылатын қызмет түрінің ауқымы кең: «жұбайының опасыздығын тексеру», «есейген баланы бақылау», «алиментшіні табу», «туысқанды не ескі досты іздестіру», «адам артынан бақылау жүргізу», «бизнеске детективтік көмек», «өнеркәсіптік шпионажға» дейін қарастырылған. Жасырын аудио және бейне құрылғылар орнату, «нысанды» шетел аумағында аңду, стандартты тізімнен тыс «ерекше тапсырмаларды» орындау да ұсынылады. Сайттардың бірінде ашық жазылған: «Біздің детективтік агенттігіміз ІІМ-нің қылмыстық іздестіру бөлімінің арнайы бөлімшелерінің және басқа да күштік құрылымдардың бұрынғы қызметкерлерінен құралған», – дейді ізкесуші агенттік.
Заңдылық – тәртіп тірегі
Жалпы, жеке детективтік қызмет туралы жаңа заң жобасы жай ғана «аңдуға рұқсат беру» емес. Ол үш іргелі мақсатты көздейді. Біріншісі – дәлелдерді институционализациялау. Жинағаны сотта заңды күшке ие болса, азаматтардың құқықтарын қорғау мүмкіндігін кеңейтеді. Әйтпесе, қазіргі көлеңкелі детективтердің жинап берген айғақзаттарын сот қабылдамай тастап жатады. Қолданыстағы ескі заң бойынша дәйектемелер іздеу тек адвокаттардың сұрауымен жүзеге асады. Алайда молырақ табыс табу үшін өз мойнына көбірек істі алатын қорғаушылар айғақ іздеуге бас қатырмауы, уақытын кетірмеуі мүмкін.
Екінші игілік – қол сұғуды бақылау. Лицензия – тәртіп құралы. Ереже бұзған маман кәсібінен қуылады. Салада тәртіп болмаған соң, «сұр» детективтер ойына келгенін істейді. Отандық «детектив агенттіктерінің» бірі жазылушыларын бәсекелестерінің аңдуын әшкерелеуге үйретеді: «Бақылауға іліксеңіз не істеу керек? Дүрлікпеңіз, алаңдағаныңызды аңғартпаңыз, көшеде келе жатқан бағытыңызды күрт өзгертпеңіз. Барлық байқағаныңызды мұқият есте сақтап, біздің жеке детективімізге жүгініңіз. Оның бақылауды анықтай алатын дағдылары мен құралдары бар, өйткені оның өзі де мұндай әрекеттерді жеке тәртіпте, тәжірибеде қолданады», – деп сауат аша отырып, өзін жарнамалайды.
Үшінші қажеттілік – заңды нарықты қалыптастыру. Осы сала маманының айтуынша, қазіргі кезде «жеке детективтер» заңдастырылған институты болмағандықтан, көбіне коллекторлық немесе күзет компаниялары арқылы әрекет етеді, сондай-ақ жеке сот орындаушысы, адвокат және басқа мамандықта істейді. Осы арқылы мемлекеттік ауқымды автоматтандырылған ақпараттық жүйелер мен қаптаған дерекқорларға еркін қол жеткізеді. Парламент жаңа заңдар топтамасын қабылдаса, олар «жеке детектив» деген мөр мен қызметтік куәлік жасата алады. Заңды түрде агенттіктерге бірігіп, БСН-і, кеңсесі, сақтандыруы бар толыққанды кәсіп субъектісіне айналады.
Көлеңкедегі детективтер өз қызметінің нақты бағасын телефонмен хабарламайды екен. Тарифі шамамен бірнеше жүз мың теңгеден бірнеше мың долларға дейін баруы мүмкін. Нақты соманы жеке кездесіп, мән-жайды білген соң жобалап айтады. Ақырғы сома келісімшартта бекітілмек: ол зерттеудің тереңдігіне, іздеу ауданына (шетелге сұрау сала алады), мәселенің күрделілігіне байланысты. Сондай-ақ детективтің қызметі бірнеше кезеңге және бөлікке бөлінеді. Әрқайсының қорытындысында ізкесуші клиентке есеп береді және алдағы іс-қимылдың ауқымын, әлеуетті шығындар көлемін түсіндіреді. Зерттеуді одан әрі жалғастыру керектігін немесе осымен тоқтатудың қажетін тапсырыс беруші адам немесе компания шешеді.
Лицензиялы лупа, дипломды ізші
Парламентшілер бұл кәсіп иелері қызметінің заңдастырылуын қолдайды. Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның пайымдауынша, тергеу ісі әкімшілік не бейресми қысымға душар болуы мүмкін жағдай болады, сонда қозғалған істің бір телефон қоңырауымен-ақ «жабылып» қалу қаупі әрдайым сақталады. Бұл жекелеген адамдардың моральдық қасиетіне қатысты мәселе емес – тіпті дамыған елдердегі кез келген иерархиялық жүйеге тән құбылыс. Жоғарыда тірегі жоқ жәбірленушілер бұған қарсы тұру үшін детектив жалдап, тергеуші «таппаған» айғақтарды өз бетінше анықтауға мүмкіндігі болғаны жөн.
Депутаттың пікірінше, жеке детектив институтының пайда болуын баламалы қорғану тәсілдерін енгізуге жасалған талпыныс деуге болады. Қызметі заңды болса, детектив, әдетте, жұмысты нақты нәтижеге жеткізуге мүдделі болады. Әрине, оның жинаған деректері ресми тергеудің орнын алмастырмайды, бірақ қосымша дәлел көзіне айналып, қылмыстың ашылуына ықпал етуі мүмкін.
– Бұл саладағы қызмет нақты әрі түсінікті ережелермен реттелуге тиіс. Мысалы, детектив болуға үміткер ішкі істер органдарында немесе соған жақын құрылымдарда көп жыл қызмет етуі керек. Мұндай талап кездейсоқ адамдардың бұл салаға келу қаупін азайтып, нарықтың кәсіби деңгейін арттыра түседі, – деді Мәжіліс депутаты.
Сондықтан бір топ депутат «Жеке детективтік қызмет туралы» және «Кейбір заңнамалық актілерге жеке детективтік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларына бастамашы болды. Ішкі істер министрлігінің талдауында көрсетілгендей, Негізгі заңды қабылдау 2026 жылға жоспарланған.
Ведомствоның мәліметі бойынша, заң жобасында қазақстандық «шерлокхолмстарға» келесідей біліктілік талабы қойылмақ: біріншіден, жоғары заңгерлік білімнің болуы, екіншіден, үлкен тәжірибесі мен еңбек өтілінің болуы, яғни құқық қорғау немесе арнайы мемлекеттік органдардың жедел-тергеу бөлімшелерінде кемінде 7 жыл істеуі немесе заңгерлік саласында кемінде 10 жыл еңбек етуі талап етілмек.
Үшіншіден, арнайы лицензия алуға міндеттеледі. Уәкілетті мемлекеттік орган заң талаптары бұзылған жағдайда жеке детективтің лицензиясын тоқтата тұруға немесе кері қайтарып алуға құқылы болмақ. Енгізілгелі тұрған қатаң мемлекеттік реттеу аясында азаматтар детективтің іс-қимылына қатысты мемлекеттік органдарға шағым жасауға мүмкіндік алады.
Төртіншіден, заң жобасында жеке детективтер мен агенттіктердің кәсіби жауапкершілігін міндетті түрде сақтандыру ұсынылды. ІІМ-нің түсіндіруінше, бұл тетік азаматтарға сапасыз қызмет көрсетілген жағдайда келтірілген залалды детективтен жеңілдетілген тәртіппен өндіріп алуға жол ашпақ. Детективтің сақтандыру полисіне шығаратын шығыны келесідей болады деп белгіленген: Астана, Алматы және Шымкенттің бірінің аумағында қызмет көрсетер болса, детективке арналған сақтандыру жарнасы – кемінде 1 000 АЕК-ті (2026 жылы 4 325 000 теңге), облыстар аумағында әрекет етсе, кемінде 500 АЕК-ті (2 162 500 теңге) құрайды.
Айта кету керек, жуырда жеке детективтерді лицензиялау мәселесі Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралды. Отырысқа мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының және салалық бірлестіктердің өкілдері, Парламент өкілдері қатысты. Жиында Ішкі істер министрлігі жеке детективтерді лицензиялауды, олардың жұмыс орнына қойылатын талапты белгілеуді, сондай-ақ кәсіби жауапкершілікті міндетті сақтандыруды көздейтін реттеуші құралдарды енгізуді ұсынды.
– Қазіргі уақытта жеке детективтердің қызметі, соның ішінде жоғалған адамдарды іздеу, бақылау, азаматтық, әкімшілік іс бойынша дәлелдеме жинау іс жүзінде заңнамалық жағынан реттелмеген. Ұсынылып отырған шаралар азаматтардың құқығын қорғауға, білікті мамандардың қызмет көрсетуін қамтамасыз етуге, сондай-ақ мемлекеттік құпия және жеке өмірге қол сұқпау талабын сақтауға бағытталған, – деді Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов.
Ол жеке детективтердің кәсіби жауапкершілігін лицензиялау мен сақтандыру азаматтардың жеке өміріне араласу тәуекелін азайту, осы сала қызметінің ашықтығын арттыру үшін қажетті шарт екенін атап өтті. Бұл шаралар азаматтардың мүддесін қорғауға бағытталған өркениетті детективтік қызмет нарығын қалыптастыруға ықпал етеді. Отырыс қорытындысында ведомствоаралық комиссия «Реттеушілік әсерді талдау» нәтижелерін мақұлдады. Яғни, жаңа заң жобалары Үкімет пен кәсіпкерлік қауымдастықтың құптауына ие болды. Енді заңнамалық түзетулерді тездетіп Парламент қабылдаса, құп.
Ширек ғасыр бойы Қазақстанның құқықтық айдынында «бар, бірақ жоқ» деп саналған жеке ізкесушілер институты бүгінде заңсыздықтың тұманын сейілтіп, ресми мәртебе алудың табалдырығында тұр. Жарнамасы жарқыраған, бірақ көлеңкелі ісі көмескі тартқан бұл жұмбақ сала енді «сұр аймақтан» шығып, «Заң мен тәртіп» аясында өркениетті нарықтың қатаң қағидаларына бағынбақ.
Елдос СЕНБАЙ
