1 шілдеде Талдықорған қаласында еліміздің жаңа Ата Заңының күшіне енуіне орай "Жаңа Конституция – Әділетті Қазақстанның берік негізі" атты ауқымды конференция өтті. Жиынға белгілі қоғам қайраткерлері, ғылым және білім саласының өкілдері, заңгерлер, азаматтық сектор белсенділері мен жастар қатысып, Конституцияның саяси және құқықтық реформалардың берік іргетасы ретіндегі маңызын талқылады.
Іс-шараға Жетісу облысы әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов модераторлық етті. Конференцияны ашып, қатысушыларды ел өміріндегі маңызды мерекемен құттықтаған ол жаңартылған Конституцияның күшіне енуі әрбір азамат үшін айрықша мәнге ие тарихи оқиға екенін атап өтті.
Диас Есдәулетовтің айтуынша, жаңа Конституция қоғамның әділеттілікке, ашықтыққа және тең мүмкіндіктерге деген сұранысын айқын көрсетеді. Оның негізінде заңның үстемдігі, адам құқықтарын құрметтеу, биліктің жауапкершілігі, ұрпақтар сабақтастығы және қоғам бірлігі сияқты мемлекет пен халық үшін аса маңызды қағидаттар жатыр. Ол әділетті мемлекет қарапайым әрі түсінікті қағидаттан басталатынын атап өтті, яғни әр азамат тұрғылықты жеріне, мамандығына, жасына немесе әлеуметтік жағдайына қарамастан өзін заңның қорғауында сезініп, өз әлеуетін толық жүзеге асыруға мүмкіндік алуға тиіс.
Атап өтсек, жаңа Конституцияны әзірлеу жөніндегі ұсыныстарды пысықтаумен айналысқан Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның жұмысына Жетісу облысының атынан облыстық мәслихаттың төрағасы Гүлнәр Тойлыбаева қатысқан. Конференцияда сөз сөйлеген Гүлнәр Қожагелдіқызы Қазақстан Республикасы парламенті палаталарының бірлескен қорытынды отырысында мемлекет басшысы заң шығарушы органның жоғары миссиясына ерекше тоқталғанын атап өтті. Сонымен қатар ол Конституцияда әділеттілік, "Заң мен Тәртіп", табиғатқа ұқыпты қарау сияқты жаңа құндылықтардың бекітілгеніне назар аударды. Бұл мемлекеттік органдар шешім қабылдау кезінде тек бүгінгі міндеттерді ғана емес, қоғамның ұзақ мерзімді мүдделерін де басшылыққа алуы қажет екенін айқындайды.
Конференция қатысушыларына Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі, "Жетісу облысының Азаматтық альянсы" заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Дания Қыдырбаева бейнеүндеу арқылы құттықтау жолдады. Ол өз сөзінде жаңартылған Конституция еліміз үшін жаңа құқықтық кезеңнің бастамасы ғана емес, сонымен қатар азаматтық қоғамды дамытуға тың мүмкіндіктер ашатынын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі таңда мемлекет пен қоғамның бір-бірін тыңдап, маңызды мәселелерді бірлесіп талқылап, халықтың нақты сұранысына сай келетін шешімдер қабылдауының маңызы зор.
Сондай-ақ жиында облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Әсет Қыдырманов, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің басқарма төрағасы – ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Ермек Бөрібаев, облыс прокурорының орынбасары Бірлік Ізбасаров, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Жетісу облысы бойынша өкілі Қанат Қарымсақов және басқа да спикерлер сөз сөйледі.
Талқылау барысында қатысушылар теңдік, инклюзия, құқықтық мәдениет, қоғамдық диалог, цифрлық құқықтар және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік т.б. мәселелерге тоқталды. Бұл тақырыптар жаңа Конституциямен тікелей байланысты, өйткені қазіргі заманғы мемлекет баршаға – ерекше қажеттілігі бар азаматтарға, жастарға, түрлі қоғамдық бірлестіктер өкілдеріне, білім, ақпарат және цифрлық технологиялар саласында жұмыс істейтін мамандарға – ыңғайлы, ашық әрі әділетті болуға тиіс.
Осы күні айтылған ойлардың жалпы мазмұны бір арнаға тоғысты: жаңа Конституция күнделікті өмірде нақты жұмыс істеуі тиіс. Ол тек заңгерлерге, мемлекеттік қызметшілерге немесе депутаттарға ғана емес, әрбір адамға қатысты. Яғни, бұл – әр азаматтың әділ қарым-қатынасқа құқығы, сапалы білім алуы, жеке деректерінің қорғалуы, құқықтық көмекке қолжетімділігі, қоғам өміріне қатысу мүмкіндігі.
Конференция соңында Жетісу облысы әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов талқылауды қорытындылап, жаңа Конституцияның күшіне енуі тек құқықтық оқиға ғана емес, сонымен қатар қоғамдық жаңғырудың маңызды кезеңі екенін атап өтті.
Іс-шара аясында қатысушыларға жаңа Конституцияның арнайы басылымы табысталды.
