in

Жол сапасы төмен

Әсіресе, әңгіме атышулы «Атырау – Астрахань» тасжолы арқылы қалаға кірер беттегі Сарыөзек ауылынан Тайманов көшесінің сақинасына дейінгі жол құрылысына қатысты болып отыр. 

11 млрд теңге қаржы қайда бөлінген?

Әсіресе, жағдай желді күн­дері ушығады. «Құрылыс аяқталғанға дейін мердігерлер шаң-топырақты басу үшін бор­пыл­дақ топыраққа су шашса екен», – дейді тұрғындар. Осыған орай, «AMANAT» партиясы Атырау об­лыстық филиалы жанындағы Өңір­лік даму жөніндегі аймақтық кеңес өкілдері жол құрылыстары жүріп жат­қан нысандардағы жұмыс­тармен танысып шықты.

Атырау қалалық мәслихатының депутаты Ақылбек Құлбарақовтың айтуынша, партияға Сарыөзек ауы­лы тұрғындарынан шағым көп. «Шағым осы жолға қатысты түсіп жатыр. Қазір қаржының 25 пайызы игерілген. «Жол құрылысы неге жыл­дам бітпейді?» – дейді тұр­ғын­дар. Жоспар бойынша бұл жол 2027 жылдың аяғына дейін салынып біту­ге тиіс. Бірақ мердігер мекеме жол­ды 2026 жылдың аяғына дейін ер­те тапсыруды жоспарлап отыр. Біз­дің бұл жердегі міндетіміз – қа­ра­жаттың мақсатты игеріліп, жол­дың сапалы жасалуын қада­ғалау», – дейді ол. 

Атырау қалалық жолаушылар кө­лігі және ав­томобиль жолдары бө­лімі басшысының орын­ба­сары Алмас Сәрсеновтің айтуынша, қа­зір жұмыс кестеге сай жүруде. «Тай­манов көшесінің айналма са­қинасынан Сарыөзек ауылына дейі­нгі жолды жаң­ғырту жұмыс­тары­ның бас мердігері – «Қазақ­дорстрой» мекемесі. 

«Қазіргі уақытта 5 шақырымды құрайтын жолдың сол бөлігінің екі жолағы ірі түйірлі асфальт жа­бын­­дысын салу арқылы уақытша көлік қозғалы­сы­на ашылды. Қалған екі жолағында қиыршық тас­ты қоспа жабындысын төсеу жұмыстары жү­­руде. Жолдың жалпы ұзындығы – 6,4 шақырым. Жоспар бойынша құрылыс 29 айда аяқталуға тиіс. Яғни, нысан 2027 жылдың қыр­күйе­гінде пай­да­лануға берілуі керек. Келісімшарт 2024 жылы жа­сақ­­талғанымен, іс жүзінде құрылыс 2025 жыл­дың наурыз айында бас­талды. Осыған қарамастан, нысан мер­зімінен бұрын қолданысқа тап­­­сырыла­ды. Жалпы құны 11 млрд теңгені құрайтын жо­ба­ның қа­зіргі уақытта 3 млрд теңгесі иге­рілді. Жол 2026 жылдың аяғына дейін тапсырылады», – деді ол. 

«Қазақдорстрой» мердігер ме­кемесі жоба басшысының орынбасары Әсет Бектеновтің айтуынша, құрылыс басында қазіргі уақытта 50-ден астам техника жұмыл­дыры­лып, 60-тан астам жұмысшы еңбек етіп жатыр. 

«Жұмыстар кестеге сай жүруде. Жұмыс­шы­лардың 90 пайызы – жер­гілікті мамандар. Мате­риал­дар­дың ішінде шебін негізінен Ақтө­беден теміржол тасымалымен жет­­­­кізілуде. Өзіміздің асфальт шы­ғаратын зауытымыз бар. Құры­лыс жүргізуде еш­қандай мәселе жоқ», – дейді мердігер ме­кеме өкілі.

Пластикалық қалдықты жолға пайдалануға бола ма?

Рейдтен кейін депутаттар «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі аймақтық кеңестің отырысын өткізді. Онда өңір­дегі жол құрылысы мен қауіп­сіз­дігі, мердігер мекемелердің жауап­­­­­кершілігі, жаңа технологияларды қолдану және жол қоз­ға­лы­сын реттейтін құралдардың уақы­ты­­лы орнатылуы мәселелері тал­қы­­лан­ды. 

Өңірлік кеңестің төрағасы, Аты­рау қалалық мәслихатының де­путаты Ақылбек Құлбарақов жол сапасының төмендігін сынға алды. Оның айтуынша, кейбір учаскелерде мердігерлер жұмысты талапқа сай атқармағандықтан, жолдар шұ­рық-тесік күйде қалып, қара­пайым тұрғындар зардап шегуде. 

– Жол құрылысы саласында жүйе­лі бақылау жоқ, жауапкершілік те біржақты. Оған халық кінәлі емес, мердігерлер мен тиісті мекемелер нақты жауап беруге тиіс, – де­ді А.Құлбарақов. 

«ПП Автодор» ЖШС директоры Михаил Бессонов тұрмыстық плас­тикалық қалдықтарды қайта өң­деп, оларды полимерлі қоспаға ай­налдыру тәжірибесін таныстырды. Оның айтуынша, бұл қоспа 2016 жылдан бері Қазақстанда қол­данылып келеді және уақыт сынынан өткен. 

– Астанада, Алматы – Астана дә­­­­лізінде, сон­дай-ақ Шығыс Қ­а­зақ­стандағы бірқатар жол жұ­мыс­тарында біздің өнімді пайдаланды. Бүгінде ол өзінің жол құрылысы үшін сапалы материал еке­нін дә­лел­деді. Барлық шикізат – отандық, жұ­мыс­шылар да өзіміздің азаматтар. Біз экологияға да, экономикаға да үлес қосып отырмыз, – деді ол. Со­нымен қатар компания мер­ді­гер­лермен ашық жұ­мыс істеуге дайын екенін, өндірістік зерт­ха­на­сында ең оңтайлы құрамды әзірлеу мүмкіндігі барын айтты.

Атырау облысы ПД Әкімшілік по­лиция бас­қармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инс­пекторы Тілепберген Ақболатов жол қозға­лы­сы қауіпсіздігіне қа­тыс­ты өзекті проблемаларды кө­тер­ді. Оның айтуынша, жол бел­гілері мен таң­баларды орнатудағы кешігулер үлкен қиындық ту­ғызып отыр. Бұрын бұл жұмыстарды қала әкім­дігінің бір бөлімшесі атқарса, қазір ауылдық округ­тер жеке сатып алу рәсімдерін өткізуде. 

– Соның салдарынан жаңа оқу жылы қар­саңында мектеп маңын­дағы «зебралар» уақытша бояумен сы­зылып, аз уақытта өшіп кетеді. Олар­­ды термопластикалық таңба­мен белгілеу қажет. Жолдағы қауіп­сіздік – тұрғындардың өмірі мен ден­­саулығының кепілі, – деді Тілеп­берген Ақбо­латов. 

Жол құрылысының сапасы мен қауіпсіздігі – тек мер­дігерлердің емес, барлық жауап­­ты мекемелердің ортақ міндеті. Ор­талық­тандырыл­ған жүйе арқы­лы жол белгілерін уақы­тылы орнату, мектеп маңын­дағы жаяу жүргін­шілер өткелдерін сапалы материалмен сызу және қысқы күтімге жет­кілікті техника бөлу – тұрғын­дар­дың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты шарттары болып қала бермек.

Баян ЖАНҰЗАҚ, 

Атырау облысы