in

Заңсыздықтың жолы кесіледі

Есірткімен күрес – қоғам­ның қауіпсіздігі мен бо­ла­шағын қорғауға бағытталған ұзақ­мерзімді әрі кешенді үдеріс. Есірт­кі тек жеке адамның ден­сау­лығына зиян келтіріп қана қой­май, отбасылардың күйреуі­не, қылмыстың өсуіне және әлеу­меттік тұрақсыздыққа себеп бола­ды. Сондықтан есірткіге қарсы іс-шаралар тек құқық қор­ғау ор­ган­дарының жұмысы емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті саналады. 

Қазір елімізде нашақор­лық­пен күрес күшейтіліп, заң және тәртіп қағидатын қалыптастыру жұмыстары жүзеге асырылып жатыр. Дегенмен ресми дерек­тер­ге сәйкес, елімізде есірткіге тәуелді 18,3 мың адам диспан­серлік тіркеуде тұр. Оның 66 пайызы – кәмелетке толмаған жастар. Әсіресе, жастардың жан­ын да, тәнін де улап жатқан син­те­тикалық есірткінің таралуы алаң­датарлық деңгейде. Кейінгі үш жылда есірткіге тәуелді жас­тар­дың саны үш есеге артқан.

Ал Ақтөбе облысында, ашық ақпарат көздеріндегі соңғы де­рек­терге сәйкес, есірткіге тәуелді 8 499 адам есепке алынған болса, оның 7 325-і – ер адам, 1 174-і – әйел. Қазір облыс бойынша ес­ірт­кі қылмысына қарсы күрес күшей­тілді. Облыстық Полиция деп­ар­таменті бастығының бірін­ші орынбасары Мұрат Сейталин: «Есірткі қылмысы – қоғам қауіп­сіздігіне төнген үлкен қатер. Біз тек заңсыз айналыммен күресіп қана қоймай, жастар арасында алдын алу және түсіндіру жұмыс­тарын тұрақты жүргіземіз», – дейді. 

Соған сәйкес, аймақта құ­қық қорғау органдары мен мем­ле­кет­тік құрылымдар, үкімет­тік емес ұйымдар бірігіп, тек есірт­кінің айналымын шектеуге ғана емес, ең алдымен, оның алдын алуға басымдық беріп отыр. «Заң және тәртіп» қағидасы ая­сында поли­цейлер есірткінің заңсыз айна­лы­мына қарсы кеш­енді шара­ларды жалғас­тырып келеді. Осы жылдың 9 айында облыста 300-ге жуық есірткі қылмысы тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кез­еңімен сал­ыстырғанда 25,1 пай­ызға көп. Заңсыз айналымнан 478 келіден астам есірткі тәркі­ленді, оның ішінде 470 келісі – марихуана, 8 келісі – синтети­ка­лық есірт­кілер. Интернет кең­­іс­­тігінде есірткі жарнамасын таратқан 1 120 сайт анықталып, олардың сілтемелері «Кибер­бақылау» жүйесіне енгізілді. «Антифрод» жүйесі арқылы 2 441 банк кар­тасы бұғатталды.

Аймақта жыл басынан бері мыңнан астам про­фи­лак­тикалық іс-шара ұйымдас­ты­рылып, тергеу жұмыстары қатаң­­датылды. Сондай-ақ ком­му­налдық қызметтермен (ЖШС «АТК Қызмет») наркограффити деректері анықталған жағдайда полиция органдарына уақтылы хабарлау жөнінде меморандумдар жасалды, психикалық  денсаулық орталығының қызметіне талдау жүргізілді. Ақтөбе облыстық Про­куратурасының баспасөз қыз­метінің хабарлауынша, зерт­теу барысында есірткіге тәуелді деп есептелетін 205 адамның қайтыс болғаны немесе басқа өңір­лерге көшіп кеткеніне қара­мастан, орталықтың есебінен шығарылмағаны анықталды. Олар есептен шығарылмай, емі­не негізсіз түрде 2,5 млн теңге бюд­жет қаражаты бөлініп, орта­лықтың есепшотына аударылған. Прокурорлық қадағалау актісі бойынша бюджет қаражаты кері қайтарылып, 6 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тар­тылды.

Өңірде қауіпсіз әрі салауатты қоғам қалыптастыру бағытын­дағы жұмыстар жүйелі түрде жал­ғасуда. Ішкі істер министр­лігінің бастамасымен 1 маусым мен 31 қазан аралығында еліміз­дің барлық аймағында өтетін «Қарасора–2025» іс-шарасы Ақ­төбе облысын да қамтыды. Бұл шараның басты мақсаты – есірткіге байланысты құқықбұзу­шылықтардың алдын алу, заңсыз өсімдіктерді өсіру мен таратуға тосқауыл қою. Облыс көлемінде бұл бағыттағы жұмыстар жоспар­лы түрде ұйымдас­тырылып, бар­лық аудандық бөлімшелерде мобильді және жедел-тергеу топтары құрылды. Жергілікті атқарушы органдармен бірлес­кен іс-қимыл жоспары бекітіліп, техникалық және кадрлық қам­тамасыз ету жұмыстары толық жүргізілді.

Биылғы «Қарасора–2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында арнайы бөлімше жауынгерлерінің қаты­суы­мен полиция қызметкерлері есірткі құралдарын заңсыз өсіру фактісін анықтады. Шалқар аудан­ының 47 жастағы тұрғы­нының үйінде санкцияланған тінту жүргізу кезінде, шаруа­шы­лық құрылыс нысандарының бірінен (шатырсыз сарайда) топыраққа отырғызылған 32 бұта табылды. Сыртқы белгілері бойынша олар есірткі құрамдас өсімдік – қарасораға ұқсас. Сонымен қатар екі бұта пластик ыдыстарға отырғызылған күйде болған. Қосымша тексеру кезінде, басқа сарай мен тұрғын үйден есірткі затына ұқсас өсім­дік тектес ерекше иісі бар жасыл түсті зат салынған 5 пакет, сон­дай-ақ қарасора сабақтарына толы 8 қап табылып, айғақ зат ретінде тәркіленді. 

Соңғы жылдары өңірде «Шат­­тандырғыш газ» сата­тындар мен оны тұтынатын жастардың қатары артқан. Ма­мандардың пікірінше, түнгі клуб­тарда, жар­нама сайттарында бұл тауар ашық сатылады. Баға­сын да, ме­кен­жайын да еш жа­сыр­май көрсетеді. Әрі сату орын­дарының кейбірі жұмысын кешке бастап, таңға дейін тапсырыс қабыл­дай­ды. Жеткізу қызметі де ашық жазылады. Мәселен, Ақтөбе қаласында 25 дана шарға жегетін 1 литрлік шар құны 18 мың теңге, 2 литрі – 30 мың теңге. Бірақ әзірге «Шаттан­дырғыш газ» са­та­тындарға қыл­мыстық жаза қарастырылмаған. Сондықтан олармен нақты күрес шарасы нә­тижелі болмай отыр­ған көрінеді. 

– Бұған дейін сараптамаға қаншама рет жіберілсе де, қыл­мыстық құрамы анықталмай, іс жабылып қалған. Келер жылы жаңа заң күшіне енеді. Әзірге оның талабы да, жазасы да бел­гісіз. Корбюратор тазартқышты көлік құралдарын сататын кез келген дүкеннен алуға болады. Қазіргі уақытта психикалық денсаулық облыстық орталы­ғында 1 553 адам есепте тұр. Оның 1 433-і – ер, қалғаны – әйел, – дейді Ақтөбе облыстық ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы Азамат Қияшев.

Оның айтуынша, есірткі құ­рал­дары мен психотроптық зат­тардың таралу арналарын, соның ішінде интернет-сайттар мен QR-кодтарды анықтау және бұ­ғат­тау жұмысы атқарылып жатыр. Қазақстан аумағында 1240 сайт анықталды, «Кибер­надзор» ақпараттық жүйесіне енгізілді. Бұғатталған ақша қара­жатының жалпы сомасы – 59,6 млн теңге.

Облыс бойынша биыл бір адам «шаттандырғыш газдың» артық дозасынан көз жұмған.

– Жыл басынан бері есірткі тасымалдап, жасырып жүрген 13 адам ұсталды. Тергеу барысында олардың аса ірі көлемде синтети­калық есірткі заттарын өткізгені анықталды. Сот шешімімен бар­лығы бас бостандығынан айыр­ылды. Қазіргі уақытта соттал­ғандар жазасын өтеу меке­ме­лерінде отыр. Ұсталғандардың жасы – 18 бен 35 жас аралығын­да, – дейді ол.

Есірткі тұтыну және сату бо­йынша қылмыстың тым жасарып бара жатқандығы облыс бойынша алаңдатушылық тудырып отырғаны жасырын емес. Қазір түсіндіру жұмыстары мектеп, колледж, университет­терде жиі ұйымдастырылып, алдын алу шаралары жүзеге асып жатыр. Тіпті, Қылмыстық код­екс­тің «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз иемдену, сақ­тау, тасымалдау, оларды жөнелту не өткізу» бабымен істі болып, жазасын өтеп шыққандар да жастармен кездесуге барып, олар өз қателігінен қалай сабақ алға­ны туралы айтып, жасөспірім­дерді салауатты өмірге шақырып, насихат жұмыстарына жұмыл­дырылып та жүр.

Әлем елдері есірткі мәселесін тек құқықтық немесе медицина­лық қана емес, сонымен қатар психологиялық, әлеуметтік, мә­дени дағдарыс мәселесіне айнал­ып барады деп дабыл қағып отыр. БҰҰ-ның есірткі және қыл­мыс жөніндегі басқарма­сының 2024 жылғы есебінше, дүниежүзінде 296 миллион адам өмірінде кем дегенде бір рет есірткі қолданған, олардың 39,5 миллионы тұрақты түрде тәуелді­ліктен зардап шегеді. Ал 3,5 мил­лион адам есірткіге байланысты тікелей немесе жанама себеп­терден жыл сайын көз жұмады. Сондықтан ғасыр дерті саналған бұл дерттің алдыналу, сауатты, салауатты қоғам қалыптастыру әрбір азаматтың міндеті екенін естен шығармаған абзал. 

Тілек ҚАБЫЛ