Жуалы ауданында ерлі-зайыптылар арасындағы жанжал сотқа дейін жеткені белгілі болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Жуалы аудандық соты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің (ӘҚБтК) 73-бабы 1-бөлігі бойынша Р.-ға қатысты әкімшілік істі қарады.
Іс материалдарына сәйкес, әйел адам таңертең учаскелік полиция қызметкеріне қоңырау шалып, күйеуінің өзін ұрғаны туралы хабарлаған.
Полиция қызметкері оқиға орнына келгеннен кейін жәбірленуші белгісіз себептермен медициналық тексеруден өтуден және күйеуіне қатысты заңды шара қолданудан жазбаша түрде бас тартқан.
Өз түсініктемесінде жәбірленуші С. таңертең қызығушылық танытып, күйеуінің телефонындағы белгісіз әйелмен хат алмасуын тексергенін айтқан. Осыдан кейін ерлі-зайыптылар арасында жанжал туындап, ол балағат сөздер айту мен қол көтеруге ұласқан.
Сот отырысында құқық бұзушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне шын жүректен өкініш білдірген. Сондай-ақ әйелінен кешірім сұрап, тараптардың татуласуына байланысты істі тоқтатуды сұраған. Жәбірленуші де күйеуімен татуласқанын растады.
ӘҚБтК-нің 73-бабы 1-бөлігіне сәйкес, құқық бұзушыға ескерту жасау, 20 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы қарастырылған.
Сот қаулысымен тараптардың медиация тәртібімен татуласуына байланысты іс бойынша өндіріс тоқтатылды, – деп хабарлады Жамбыл облысының Жуалы аудандық соты.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
