in

Майкл Дэниел Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды

Бүгін "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" АҚ-ның бас атқарушы директоры лауазымына Майкл Дэниел тағайындалды, деп хабарлайды Азаматтық авиация комитетіне сілтеме жасаған astana24.com.

Комитеттің мәліметінше, Майкл Дэниел авиация саласы бойынша профильдік білімге ие, АҚШ-тағы Эмбри-Риддл аэроғарыш университетін "Аэронавтика" мамандығы бойынша тәмамдаған және азаматтық авиация саласында 40 жылдан астам тәжірибесі бар.

Кәсіби қызметін АҚШ-тың Азаматтық авиация жөніндегі федералдық басқармасында (FAA) бастаған. Бұл мекемеде ұшу пайдалану инспекторы, әуе кемелерін сертификаттау жөніндегі маман, ұшу қауіпсіздігі қызметінің басшысы, сондай-ақ халықаралық бағдарламалар мен саясат жөніндегі аға менеджер сияқты бірқатар маңызды лауазымды атқарған.

FAA-ның Франкфурт, Нью-Йорк және Вашингтон қалаларындағы халықаралық кеңселерінде жұмыс тәжірибесі бар. 2006-2009 жылдары Сингапур мен Бейжіңдегі FAA халықаралық кеңселерін басқарған, онда шетелдік жөндеу ұйымдарына қадағалау жүргізіп, халықаралық қауіпсіздік бағалауларын жүзеге асырған.

Әр жылдары халықаралық бастамаларды, оның ішінде APEC-тің көлік қауіпсіздігі және әуе қатынасы жөніндегі жұмыс тобын басқарған, халықаралық қадағалау және қауіпсіздікті бағалау мәселелеріне жетекшілік еткен, сондай-ақ бірқатар басшылық лауазымды атқарып, бірнеше жыл бойы Халықаралық азаматтық авиация ұйымымен (ИКАО) жұмыс істеген.

"Азаматтық авиациядағы ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әуекомпанияларын сертификаттау және мемлекеттік қадағалау жүйелерін дамыту саласында ауқымды халықаралық тәжірибеге ие.

Жаңа басшының негізгі міндеттерінің бірі – Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей рейстер ашу", – делінген хабарламада.