Семейде басталған жол артынша Астанамен байланысқан. Қазір оның Астана қаласында 16, Алматы қаласында 3 көркем гимнастика мектебі бар. Талантты бапкердің бірнеше шәкірті биік белесті бағындырып жүр. Соның бірі – Ақмарал Ерекеш. Ол жақында жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында топ жарды.
– Меруерт, осыдан екі жыл бұрын сұхбаттасқанда жас таланттар өсіп жатыр деп едіңіз. Соның ішінде Ақмарал Ерекешті атап өткенсіз. Шәкіртіңіз жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанды.
– Иә, біз бұл жарысқа өте жоспарлы түрде дайындалдық. Әлем чемпионатының алдында, бір ай бұрын Азия чемпионаты өтті. Сол жерде Ақмарал чемпион атанды. Азия чемпионатында бір жағынан өзімізді сынап көрдік, екінші жағынан дайындық деңгейін білуге таптырмас мүмкіндік болды. Аталған чемпионаттан кейін жаттығу бағдарламасын күрделендіріп, техника мен тактикаға көбірек көңіл бөлдік. Нәтижесінде, әлем чемпионатын ойдағыдай өткіздік. Бұл – тарихи жеңіс. Себебі бұған дейін Қазақстан әлем чемпионатында ең жоғары дегенде төртінші орынмен шектелген. Айта кетерлігі, жыл санап жаттықтырушының да, спортшының да деңгейі өсіп жатыр. Бұрын қыздар шетелге, соның ішінде Ресей асып дайындалатын, жеке бапкер жалдайтын. Қазір еліміздегі жаттықтыру деңгейі шетелден кем емес. Нәтижесін көрдіңіздер, тарихты жаңартып жатырмыз. Біз мұнымен тоқтамаймыз. «Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей, талантты танып, оны жарыққа шығару үшін барымызды саламыз.
– Жеңіс егіз дегендей, Ақмарал әлемдік брендпен келісімшартқа отырған екен. Бұл қалай болды?
– Иә, Ақмарал – Sasaki әлемдік брендімен келісімшартқа отырған алғашқы шетелдік спортшы. Оның сахнадағы мінезі, еңбекқорлығы, шеберлігі көптің назарын аударды. Әсіресе, өзін-өзі ұстауы, әр нөмірін толық алып шығуға ұмтылысы талайды тәнті етті. Басшылар оның әртістік қабілеті, сахнада ұшып жүргендей еркін қимылдауы да брендтің болмысын ашатынын түсінді. Sasaki-дің тұңғыш рет шетелдік гимнастпен келісімшартқа отыруы – бұл қазақ спортшысының халықаралық аренадағы беделі артып келе жатқанының нақты дәлелі. Бұл жол басқа да жас спортшыларға шабыт береді деп сенеміз. Алдымен, аталған бренд менімен байланысқа шығып, ұсыныс білдірді. Федерацияға, басшылыққа жақсы жаңалықты жеткізіп, нәтижелі жұмыс екеніне көз жеткіздім. Одан кейін Ақмаралдың өзіне хабарладым. Ал алғашында не сенерін, не сенбесін білмеді. Біз де шәкіртіміздің қуанышына барынша ортақтасуға тырыстық.
– Ал Ақмаралдың ең алғаш залға келгені есіңізде ме?
– Әрине, есімде. Ақмаралдың алғаш рет жаттығуға келген сәті әлі күнге дейін көз алдымда тұрады. Осы тұста қызық факт айтайын. Менің бапкер ретінде бірнеше ережем бар. Соның бірі тым ерте жастан, яғни 3-4 жастан қыздарды жаттығуға алмаймын. Бірақ Ақмаралды төрт жасынан қатарға қостым. Әлі күнге басқасына мұндай «жеңілдік» жасағаным жоқ. Есептесем, жаттықтырып келе жатқаныма 11 жыл болыпты. Ол алғаш келгенде-ақ мені бірден баурап алды, таңғалдырды. Бойында спортқа деген үлкен махаббат барын байқадым. Көзі күлімдеп, «нәтижеге жетпей қоймаймын» дегендей болды. Баланы жарқын болашақ күтіп тұрғанын түсіндім. Түсіндім де, оны осы бекзат спортқа баули бастадым. Жаттығуға жауапкершілікпен қарайтыны, барынша тыңдап, ұғып, табанды дайындығы бірден байқалды. Ақмаралды қатардағы шәкірт ретінде қабылдамадым. Оның нәтиже шығаратынына, елімізді халықаралық аренада танытатынына, өзіндік қолтаңбасы бар гимнаст боларына сендім. Содан ба осындай сұхбат кезінде «Кімнен үміт күтесіз?» дейтін сұраққа ойланбастан Ақмаралды қосатынмын. Айтқаным айдай келіп, ол өзінің де, менің де, ата-анасының да үмітін ақтады.
Жаттықтырушы ретінде мен үшін ең маңыздысы – баланың ішкі мүмкіндігін, болашағын ертерек танып-білу. Ақмаралдың бойындағы талантты алғашқы күндерден-ақ байқадым. Тапсырма берсең, оны бар ынтасымен орындауға тырысатын. Бір нәрсені бір көрсетсең, тез қағып алатын. Бұл гимнастшы үшін керек қабілет. Сонымен қатар жарыста өзін қалай ұстайтыны да маңызды. Ақмарал алғаш қатысқан жергілікті жарыстарда-ақ толқымай, сенімді өнер көрсетті. Сол кезде оның үлкен сахнаға дайын екенін байқадым. Жеңіске жетуге деген құлшынысы, еңбекқорлығы мен сабырлығы – оның басты қасиеті. Талант – Алла берген сый, ал оны дамыту үшін еңбек пен тәртіп керек. Ал Ақмаралда осының бәрі бар.
– Естуімізше, көпке ұнаған «Чаплин» нөмірін дайындауды сіз ұсыныпсыз. Осы музыка Ақмаралды бейнелейтіндей көріне ме?
– Ақмаралдың болмысына, әртістік қабілетіне қарап «Чаплин» нөмірін дайындауды ұсындым. Аталған музыка мен образды бекер таңдамадым. Өйткені оның берілген тапсырманы толық орындап, нөмірге өзіндік өрнек қоса алатынын білдім. Ол эмоцияға толы бейнесімен көрерменнің жүрегін жаулап алады. Оның нөмірін бір рет көрген адам келесіде жазбай танитын болады. Сондықтан Чарли Чаплин сияқты бүкіл әлемге танымал, әрі эмоцияға бай образ оған дәл келеді деп түйдім. Нәтижесінде, күткендей-ақ ол бұл образды керемет жеткізе білді. Ал обручқа «Рух» атты әнді таңдап алдық. Бұл – біздің патриоттық рухымызды, ұлттық болмысымызды көрсету үшін арнайы жасалған шешім. Мен Ақмарал арқылы қазақтың мәдениетін, рухын көрсетуге тырыстым. Бұл композиция көрермендерге де ерекше әсер етті. Өзі де барын ортаға салып, жоғары деңгейде орындап шықты.
– Шәкіртіңіз гимнастикадағы төрт құралмен де еркін өнер көрсете ме?
– Біздің басты бағытымыз – көпсайыс. Сондықтан гимнастшы барлық төрт құралмен де еркін әрі сапалы өнер көрсете білуі керек. Егер белгілі бір құралда еркін көсіле алмай жатса, онда жаттығу барысында сол құралға баса назар аударамыз. Арнайы уақыт бөліп, шеберлігін шыңдауға тырысамыз. Ақмарал – жан-жақты спортшы, барлық құралмен жақсы жұмыс істейді. Бірақ оның ең сүйікті құралы таспа екенін анық білемін. Аталған құрал көркем гимнастикада ең күрделі құрал санатында. Өйткені оны игеру кезінде қозғалыс дәлдігімен қатар, ырғақ, пластика және әртістік шеберлік те өте маңызды. Сондықтан Ақмаралдың таспамен көрсететін бағдарламасы – оның көзірі. Көрерменнің есінде қалатын, әсерлі шығатын нөмірдің бірі. Байқағаным, ол таспамен өнер көрсеткенде залда тыныштық орнап, бәрі бір сәтке сол образға еніп кетеді. Бұл – нағыз шеберлік пен артистизмнің белгісі.
– Жанкүйерлер Ақмаралдан ендігіде бұдан да үлкен жетістік күтеді. Осы қысымға дайынcыздар ма?
– Иә, жанкүйерлердің үміті мен күткені – біз үшін үлкен жауапкершілік. Әрине, бұл белгілі бір қысым тудыратыны рас. Бірақ сол қысымды дұрыс қабылдап, мотивация ретінде қолдануға тырысамыз. Ақмаралдың өзі де өте саналы, ішкі дайындығы мықты спортшы. Біз жеткен жетістікпен тоқтап қалмаймыз, әрі қарай да жұмыс істей береміз. Ең бастысы – жаттығуда шеберлікті шыңдау. Егер күнделікті дайындықта бәрі сапалы болса, онда ешқандай сыртқы фактор кедергі бола алмайды.
– Алда қандай жоспарыңыз бар? Ақмаралды қандай жарыс күтіп тұр?
– Кез келген спортшының биігі – Олимпиада ойындары. Ақмарал да сол жолда тер төгіп, жетістікке жеткісі келеді. Әлия Юсупованың Пекин Олимпиадасында көрсеткен жарқын өнері ел есінде. Оның үстіне Ресейдің «сен тұр, мен атайын» дейтін қыздарымен терезесі тең өнер көрсетуі – шеберлік. Қазір бәсеке тіптен жоғары. Ақмарал да, мен де Олимпия биігін бағындырсақ, еліміздің көркем гимнастика тарихына елеулі өзгеріс әкелсек дейміз. Жаттықтырушы ретінде қыздарды барынша бекзат өнерге баулып, қанатын кең жаюына серпін берсем деймін. Айта кету керек, ел ішінде де бәсеке жыл санап артып келеді. Көркем гимнастикаға қызығушылық жоғары. Болашақта талайға таңдай қақтырар өрендер шығатынына сенемін. Әр бапкер әлем мойындар шәкірт тәрбиелегісі келетіні тағы бар. Қазір Шымкентте ғана көркем гимнастика үшін бар жағдай жасалған орталық бар. Сондай орталықтың Астанада да ашылса деймін. Көркем гимнастшылардың «Барыс Аренаға» ұқсас биік әрі кең залда дайындалып жүргенін қалаймын.
Сұхбаттасқан
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ