– Құрметті отандастар! Ардақты ардагерлер! Сіздерді Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Биыл осынау әлемдік маңызы бар тарихи оқиға – Ұлы Жеңіске 80 жыл толып отыр. Бұл – ерекше белес, айтулы дата. Өйткені елімізде әлемді шарпыған осы сұрапыл соғыстың салқыны тимеген отбасы кемде-кем.
Жасанған жауға тойтарыс беріп, Жеңіс туын желбіретуде Қазақстанның да қосқан үлесі зор. Сондықтан оны лайықты атап өтіп, Отан қорғау жолында опат болған боздақтардың рухына тағзым ету, майдангерлер мен тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсету – елдік те, перзенттік те парызымыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында бұған арнайы тоқталып, «Ұлы Жеңіс туралы ұмытпау дегеніміз, бұл – ең алдымен, ержүрек батырларымызды жадымызда сақтау, олардың жанқиярлық еңбегі мен ерлігін, парызға адал және антқа берік болғанын ұмытпау деген сөз. Біз сол сұрапыл соғыс кезінде теңдессіз батырлық пен батылдық көрсеткен отандастарымызды әрдайым орасан зор құрметпен есте сақтаймыз», – деген болатын.
Ардагерлеріміздің майданда көрсеткен ерен ерлігі мен елге шексіз адалдығы, тыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегі мен мұқалмас ерік-жігері – кейінгі буынға үлгі-өнеге. Ол ұмытылмай, ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса береді. Байтақ Отанымыздың әрдайым аспаны ашық, байрағы биік болсын!, – деді Ерлан Қошанов.