in

Мәулен Әшімбаев Сингапурда өткен халықаралық конференцияға қатысты

Іргелі жиында белгілі аналитиктер, саясаткерлер, қоғам және дін қайраткерлері мен жас көшбасшылар «Біртұтас қоғамдар, тұрақты болашақ» ұранымен бүкіл әлемде біртұтас әрі тұрақты көпмәдениетті қоғам құруды көздейтін инновациялық шешімдер әзірлеу барысына мән берді. Сондай-ақ олар бұл бағыттағы идеялармен бөлісіп, озық тәжірибелерді талқылады.

Конференция аясында өткен дөңгелек үстелде Мәулен Әшімбаев «Әралуандықтағы бірлік: көпмәдениетті қоғамда дінаралық және этносаралық диалогты дәріптеу» тақырыбында сөз сөйледі. Кездесуге Парламент депутаттары, Сингапурдың Дінаралық ұйымдарының Президенті, дін қайраткерлері, сарапшылар мен жастар қоғамдастықтарының өкілдері қатысты. Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев әлемде геосаяси тұрақсыздық белең алған қазіргі кезде осындай кездесудің маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ ол Қазақстан мен Сингапурды екі мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының іргетасын қалыптастырған көпмәдениеттілік пен ашық диалогқа ұмтылыс сияқты ортақ құндылықтар біріктіретініне назар аударды.

«Кейінгі жылдарда Қазақстан мен Сингапур арасындағы екіжақты ынтымақтастық жаңа сапалы деңгейге көтерілді. Өзара іс-қимылдың қарқыны мен ауқымы да айтарлықтай артты. Бұл ретте екі елдің серіктестігін одан әрі нығайтуды және бар әлеуетті тиімді іске асыруды көздеген жоғары мемлекеттік деңгейдегі байланыстың жандана түсуі маңызды рөл атқарғаны анық. 2023 жылы Сингапур Президенті Халима Якоб Астанаға келді. Бұл Сингапур президентінің Орталық Азияға жасаған алғашқы сапары болды. Былтыр Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Сингапурға соңғы 20 жылда алғаш рет мемлекеттік сапармен келді», – деді Сенат Төрағасы.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев рухани дипломатияны ілгерілету үшін ортақ күш-жігерді біріктірудің маңызды екенін тілге тиек етіп, Сингапур бастамашы болған Ұйымшыл қоғамдар жөніндегі халықаралық конференцияның көптеген аспектісі Қазақстан өткізіп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің миссиясымен үндес екенін айтты.

«Қазақстан Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап конфессияаралық келісім мен қоғамның бірлігін нығайтуға ықпал етіп келеді. Сингапурдың 2003 жылы қабылданған Діни келісім туралы декларациясы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезінің декларациясындағы маңызды принциптермен сәйкес. Екі Декларацияда да келісім – тыңдауға, құрметтеуге және жасампаздыққа дайын болуды көздейтін белсенді әрі тұрақты жұмыс екені айтылады. Сондай-ақ бұл бастамалар аталған салаға жастарды жұмылдыруға үлкен мән береді. 2023 жылы біз Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі аясында Жас дін көшбасшыларының форумын өткізуді қолға алдық. Биылғы қыркүйекте Астанада VIII съезд аясында екінші Форум өтеді. Біз сол іс-шараға қатысу үшін Сингапурдан келетін діни конфессиялардың жас өкілдерін, ғалымдар мен зерттеушілерді қуана қарсы аламыз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Кездесуде рухани дипломатияның ішкі және сыртқы диалогты жолға қою, теңгерімді өңірлік саясат жүргізу кезіндегі ұйыстырушы рөліне жоғары баға берілді. Іс-шара барысында Қазақстан мен Сингапур негізгі ішкі құндылықтар – диалог, толеранттылық және инклюзивтілікті өздерінің сыртқы саясатының негізіне айналдырғаны да атап өтілді.

Айта кетейік, Ұйымшыл қоғамдар жөніндегі халықаралық конференция (ICCS) үш жылда бір рет Сингапурдың Мәдениет, қауымдастықтар және жастар министрлігінің қолдауымен өткізіледі. Бастама қолға алынғалы бері оған 50-ден астам елден 2 мыңнан астам қатысушы келген.

Биылғы конференцияға түрлі діни конфессиялардың, сарапшылар қауымдастығының көшбасшылары, ғалымдар, саяси қайраткерлер мен белсенді жастар қатысты. Форум аясында білім мен тәжірибе алмасуға басымдық берілген секциялық отырыстар, семинарлар, көшпелі іс-шаралар, экспозициялар және нетворкинг-сессиялар ұйымдастырылды.