Біз бұған дейінгі мақаламызда ХХІ ғасыр адамзат үшін шын мәнінде енді ғана, яғни ширек ғасыр өткеннен кейін басталғанын айтқан едік. Оның басты белгісі өткен жүзжылдықтың екінші жартысында қалыптасқан іргелі геосаяси негіздер тепе-теңдігінің бұзылуы болды. Сол кезде біз Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жаңа дәуірдің сын-қатеріне төтеп беру үшін жасаған жүйелі екі қадамын талдаған едік. Оның біріншісі – саяси реформалар арқылы мемлекеттің ішкі тұрақтылығын нығайту, екіншісі – экономикалық жүйені құбылмалы әлемге бейімдеуді көздейтін экономикалық реформалар. Ал Жаңа Қазақстанның үшінші тағаны қандай болмақ?
ТАРИХТАН ТАРТЫЛҒАН КӨПІР
«Мен кіммін? Қайдан келдім?
Мені өгейсінбейтін ел бар ма?»
«Сұлтан Бейбарыс» фильмі (1989)
Әдетте, біз адамзат немесе ұлт тарихын өткеннің қойнауында қалған дүние секілді қабылдаймыз. Сондықтан оның қазіргі өмірімізге тікелей қатысы жоқтай көрінетіні бар. Әрине, тарихтың ықпалын ешкім жоққа шығара алмайды. Десек те, біз өткен¬ге өткел салып өту мүмкін емес деп есептейтініміз жасырын емес. Бірақ кейде тарихтың тілсіз куәсі – тасқа, қабырғаға, сынған тостағанға қолымыз тисе, кенеттен кеше мен бүгінді жалғайтын көпір пайда болғандай, дәуірді дәуірге ұластырған жүйке тамырдың бүлкілдеп соққанын сеземіз.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2023 жылғы жазда Мысыр мен Сирияның сұлтаны, крест жорықтарына және моңғолдарға тойтарыс берген мәмлүк, ұлы бабамыз Бейбарыстың 800 жылдығына орай Каирге бардық. Басты мақсатымыз – Қазақстан мен Мысырдың бірлескен жобасы, ХІІІ ғасырда Бейбарыс салдырған мешіттің ашылу салтанатына қатысу еді. Нысанды қалпына келтіру жұмыстары біраз жылға жалғасқаны белгілі. Нәтижесінде, бұл тарихи жәдігер өзінің рухани болмысын жоғалтпай, қазіргі заманның сән-салтанатына сай келетін заманауи кешенге айналды. Бізге, әсіресе, ондағы архитектуралық шешім ұнады. Себебі заманауи технологиялар мен көне негіздің астасуы өткеннен болашаққа салынған көпір іспетті көрінгені рас.
Сол кезде ерекше бір күйді бастан кештім: бір сәтке туған жер мен тұрған жердің арасындағы бес мың шақырымның бар-жоғын сезбей қалдым. Өйткені талантты қолөнершілер қалпына келтірген сонау ХІІІ ғасырда бедерленген таныс ою-өрнектер, екі түсті кірпіштен қаланған қабырғалар – бәрі жүрегімізге жақын дүниелер еді. Бәлкім, біздің даңқты жерлесіміз өзінің бала кезінде Ұлы Дала төсінде қо¬лына алған жусанның иісін сезініп, осылай болса да Отанына оралғандай күй кешкісі келген болар?!
Осындай сәттерде өзіңді бүгінгінің ғана емес, одан анағұрлым үлкен жаратылыстың бір бөлшегі сияқты сезінетін күй болады. Өзіңнен бұрынғылар мен кейінгілердің ой-армандарын, рухын, қайғы-мұңы мен үмітін ұрпақтан-ұрпаққа жалғап, бойына сіңірген біртұтас, үздіксіз, тірі сананың бөлігі екеніңді ұғына түсесің.
Осы тұрғыдан алғанда, Ұлы Дала – тарихи-географиялық кеңістік қана емес,
ол – ұжымдық санадағы рухани өл¬шем. Оған дем беріп отырған көнерген қияндағы бейсаналы импульстер емес, мыңжылдық жолдағы мәдениеттермен, сынақтармен және жеңістермен бетпе-бет келгенде туған эмоционалды тәжірибе. Міне, біздің бірегейлігіміздің тамырын осы тұстан іздеу керек. Көптеген ғасыр бойы бұл жанды кеңістіктің арнасы тарамдалып, әлемге жаңа қан таратса, тартылуға шақ қалған кездері де болды. Жеңістердің атасы атанған әл-Мәлік аз-Захир Рукн ад-Дин Бейбарыс қай¬та оралуды армандаған осы кеңістіктің бүлкілдеп соғып тұрған географиялық және рухани жүрегі, «әлемнің кін¬дігінде» орналасқан мекен, ол – Қазақстан. Бұрын солай болған, қазір де солай.
Себебі әлемнің қай түпкірінде жүр¬сек те, тағдыр қаншама тамаша жерлерге же¬телеп апарса да, мұрынды жарып, кеудені керген дала жусанының иісіне жететін ешнәрсе жоқ.
ТАРИХ ТАСҚЫНЫНДА ЖОҒАЛМАУ
Осылайша, қалыптасқан парадигмалардың бұзылуы ХХІ ғасырдың өзіндік ерекшелігіне айналды. Яғни, жаһандық қауіп-қатердің өрши түсуі, халықаралық ортақ өмір сүру қағидаттарының деформациялануы және ұлтшыл-популизмнің кең таралуы уақытша дағдарыстың өз¬герістері ғана емес, бүгінгі күннің шындығын айқындайтын белгілер. Қазақстан осы біртұтас әлемнің ажырамас бөлшегі ретінде бұл үдерістерден қалыс қала алмайды.
Ал тарихтың осынау асау толқынына жұ¬тылып кетпеу үшін мемлекетке мыз¬ғы¬мас ішкі өзек қажет. Бұл дегеніңіз, экономика да, саяси жүйе де емес. Себебі олар белгілі бір аумаққа және ондағы адамдардың менталитетіне тәуелді емес әмбебап ұғымдар десек, қателесе қоймаймыз. Ал ішкі өзек болса, бірегей, берік, ұлтты ұйыстыратын дүниелерге табан тірейтіні анық.
Яғни, бөлшектеуге келмейтін бірегейлік қана жалпыға ортақ дағдарыс дүрбелеңінде ұлттың ыдырауына жол бермейтін молекулярлық байланыс бола алады. Бұл – барлық азаматтың өзіне ғана тән мәдени-болмыстық құндылық матрицасына жата¬ты¬нын сезінуі.
Аталған тезисті жақсырақ түсіну үшін біз ұлтты адаммен салыстырып көрейік. Адам тұлғасы Өзім және Өзге деген түсінік арқылы өзін өзгеден бөлектейді. Біз және Олар. Ұлттың өзін-өзі тануы осындай оппозициялық ұстанымнан басталып, оның қоршаған геосаяси ортадан жойылып кетпеуінің кепілі болады.
Қуатты ұлттық бірегейлік шығу тегіне, әлеу¬меттік жағдайына, діни немесе саяси көз-қарастарына қарамайды. Біз айтқан ішкі өзек дегеніміз – осы. Сол ғана Қазақ¬станды біртұтас өміршең ағзаға біріктіре отырып, негізгі күштер мен сыртқы сын-қатерлерге төтеп бере алады. Егер саяси жүйе – оның тірегі, экономика – өмірлік нәрі болса, бірегейлік – ұлттың жаны, мәні, еркі мен рухы.
Бұл салыстыру – романтикалық абстракция емес. Себебі Самюэль Хантингтонның пікірінше, оның сипаттамалары көзге көрінбейтіндей, қолға ілінбейтіндей сан түрлі мазмұнда болса да, ұлттық бірегейліктен ұлттық мүдде туындайды. Сондықтан ұлттың мүддесін тұтас айқындау біздің кім екенімізді және басқалардан қалай ерекшеленетінімізді түсінуімізге тікелей байланысты. Ал мұны түсініп алмай, мемлекет пен қоғамның одан әрі дамуын болжау мүмкін емес.
Осыдан келіп, мынадай сұрақ туындайды. Жалпы, Қазақстан дегеніміз не? Ол этностық тұтастық па, әлде ортақ азаматтық біріктірген өз қазанында қайнаған этномәдени суббірегейлік пе? Ұлттық коктейльдің ингредиенттерін біріктіретін не? Мәдениет, туыстық, саяси құндылықтар, ортақ тарих немесе болашаққа деген көзқарас па? Егер біріктіруші мәдениет болса, ол біртұтас па, әлде көпмәдениетті ме? Этностық, діни, әлеуметтік және саяси бірегейліктен биік тұратын баршаға ортақ супер-бірегейлік бізге тән бе?
Осы сұрақтарды қоюдың өзі ықтимал жауап¬тың көп болатынын меңзейді. Қымбатты оқырман да солай ойлайтыны анық. Бірақ біз бұдан қысылмауымыз керек. Өйткені ХХІ ғасыр – басқаларды айтпағанда, ұлттық бірегейліктің өзі әлемдік дағдарысқа тап болған дәуір.
Бұл дағдарыс барлық жерде байқалады және жаһандық сипатқа ие. Одан бай-қуатты Батыс Еуропа да, АҚШ та тыс қала алған жоқ. Бұған дәлел америкалық балқыту қазанының классикалық моделі бірнеше фактордың күшті қысымымен негізгі англо-протестанттық бірегейлік әлсіреген тұста сыр беруі айқын дәлел бола алады. Бұл қандай факторлар? Олар: Латын Аме¬рикасы мен Азиядан жаппай көшу, мәдени әралуандықтың кеңінен таралуы, нәсіл, этнос және жыныстық белгілер ұғымдарына негізделген топтық бірегейліктің орнығуы, диаспоралардың, космополитизм мен элитаның трансұлттық өзіндік бірегейлігінің күшеюі.
Осылайша, дәстүрлі америкалық бірегейлік кейінгі сегіз-тоғыз жылда айтарлықтай дағдарысқа тап болды. Таразының бір басында «Black Lives Matter» ұранымен жаппай наразылықтарға ұласқан нәсілдік дағдарыс тұр. Ал оның екінші басына АҚШ-тың ішкі және сыртқы парадигмасының түбегейлі өзгерісі орналасқан. Осының нәтижесінде «Make America Great Again» деген ұранды ту еткен Дональд Трамп АҚШ-тың 47-ші Президенті болып сайланғаны мәлім. Кейінгі жылдары №1 әлемдік держава Американы ұлы ел еткен ұлттық бірегейліктің тамырына оралу үшін жасаған BLM-нен MAGA-ға дейінгі бұл күрт бетбұрыс осы материалдық емес категорияның әлем тағдырындағы шешуші мәнін көрсетеді.
Осыдан келіп шығатын қорытынды: әрбір мемлекет үшін алдымен – ұлттық бірегейлік, содан кейін ғана – экономика мен саясат. ХХІ ғасырдағы кез келген елдің мемлекеттік басымдықтар үштігінің орнын осылай айқындауға болады. Меніңше, бұл артық айтқандық емес.
Сондықтан 2022 жылғы бетбұрыс кезеңінен бастап, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қазақстан құру туралы бастама көтеріп, өзінің реформалық күн тәртібіне ұлттық бірлік мәселесін қосты. Сондай-ақ Президентіміз: «Біз «Түрлі көзқарас, біртұтас ұлт» қағидатын берік ұстануымыз керек» деп, оған еліміздің бар¬лық азаматы үшін ортақ бірегейлік құндылығы тұрғысынан назар аударды. Мемлекет басшысы осылайша ұлттың жаңа са¬па¬сын және барша азаматқа ортақ құнды¬лық¬тарды қалыптастыру жолында бәрімізді ұлттық бірегейлікті нығайтуға шақырып отыр.
ҚАТАР ЖОЛДАР ТОҒЫСПАЙДЫ
Осы ретте скептиктерді сөйлетсеңіз, олар былай дер еді: біріншіден, біз мұның бәрін өткен отыз жылда бірнеше рет естідік; екіншіден, мемлекеттің бұрынғы басшылары Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап ұлттық бірлік пен ортақ бірегейлік мәселелерімен айналысып келді.
Шындығында, өткен отыз жылдан астам уақыт ішінде қазақстандық бірегейлік пен ұлт санасын жаңғырту қажеттілігі туралы мәлімдемелер билік дискурсы үшін ортақ мәселеге айналды. Олай болса, сіз бұрынғы кезеңдегі ұлт құру саясаты мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазіргі рефор¬малары арасында түбегейлі айырмашылық бар ма деп сұрайтыныңыз анық.
Спойлер: айырмашылық бар және ол айтарлықтай үлкен десек, артық емес.
Бұл пікірімізді дәлелдеу үшін бәрін басынан сараптауымыз керек. Ең алдымен, біз өзі жас ұлтпыз ба? Жауап: иә және жоқ. Өйткені Тәуелсіздік алған сәтті жаңа ұлттың пай¬да болуының бастауы деп санауға да болар еді. Бірақ, сонымен бірге, мұны кем дегенде 13 ғасыр бұрын немесе одан ертерек, біздің жерімізде, мәдениетіміз бен генімізде өз ізін қалдырған сақтардың, ғұндардың және ежелгі түркілердің көшпелі өркениеттерінен басталған тұтас әрі ұзақ тарихи тізбектің табиғи жалғасы деп қарастырған жөн. Тікелей біздің ұлтымыздың Қазақстан аумағында қалыптасуы бүгін немесе тіпті 30 жыл бұрын да басталған жоқ. Ол бір-бірімен астасып жатқан екі үдеріспен байланысты: біріншісі – қазақ этносының Жошы Ұлысындағы халықтардың конгломератында пайда болып, бөлінуі, кейін 300 жылдан астам уақыт бойы өз мемлекеттілігі шеңберінде дамуы, екіншісі – Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы құрамындағы көпэтносты бірегей халықтың қалыптасуы.
1991 жылдан бастап бұл үдерістердің екеуі де құқық тұрғысында мирасқор мемлекет Қазақстан Республикасында егемен ұлттың құрылысы ретінде жалғасын тапты. Мұн¬да екі жолды ажыратып көрсету керек. Өйткені төменнен – мемлекеттік егемендік пен нарықтық экономика жағдайындағы қоғамдық «өзін-өзі құрудың» стихиялық, табиғи процесі жүрді. Ал жоғарыдан – көпэтносты кеңестік дәуірден кейінгі халықты жаңа типтегі азаматтық бірлікке интеграциялау жөніндегі мемлекеттік ішкі саясат жүзеге асырылды.
Әрине, бұл екі жол да бүгінде этносқа, нәсілге немесе әлеуметтік мәртебеге қарамастан, бізге танымал сипат берген дәс¬түр¬лердің, әдеттердің, мәміленің, өмірлік тәжі¬рибенің, мақсаттардың, құндылықтар мен мұраттардың бастапқы синтезі болған ортақ нәтижеге әкелді. Бұл ортақ нәтиже – шетелде жүріп те, бір-бірімізді жазбай танитын адамның сипаты.
Алайда «жоғарыдан» басталған жол анағұрлым қиын болып шықты және ол басталған жерінен алыстаған сайын алғашқы импульс энергиясын жоғалта берді. Біз қазір ішкі, сыртқы, экономикалық, әлеуметтік және тағы басқа бағыттардан тұратын жалпы мемлекеттік саясат туралы емес, мақсатты мемлекеттік ұлт құру жобасы туралы айтып отырмыз.
Расымен, бұл бағыттағы алғашқы бастамалар, соның ішінде Конституцияда бекітілген қадамдар, жақсы әрі нәтижелі болды. Бірақ кейіннен нақты әрекеттер декларативті дүниелерге ұласып, тақырыптық дискурстың тұңғиығына батып кетті. 2015 жылы Президент Жарлығымен қабылданған Қазақстанның бірегейлігі мен бірлігін нығайту және дамыту тұжырымдамасын бүгінде ешкім есіне түсіре қоймас. Бірақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасы көпшіліктің санасынан көше қой¬маған шығар. Дегенмен мазмұн жағынан белгілі бір инновациялық сипатқа ие бол¬ғанымен, ол да бюрократиялық құжаттама мен есептердің арасында жоғалып кетті.
Сондай-ақ Қазақстанның 2050 жылға дейін¬гі даму стратегиясы жазылғаны белгілі. Онда дамыған 30 елдің қатарына кіру жоспарынан бөлек, халқымыздың тарихи са¬насының өзегі ретінде бүкілқазақстандық бірегейлік алға шығарылды. Сонымен бір қатарда дамып келе жатқан қазақстандық азаматтық қоғамдастықтың біріктіруші негізі ретінде қазақ халқының рөліне мән берілді.
Бұл екі тезис бір-бірімен байланысты секіл¬ді көрінсе де, нәтижесінде бізде қос бірегейлік фактісінің бар екенін көрсетті. Оның бірі – дамып жатқан азаматтық біре¬гейлік, ал екіншісі – полиэтностық электрондар үшін тартылыс ядросы болатын қазақ этносының бірегейлігі. Ал мұның бәрінің бір арнаға тоғысуы тек 2050 жылға қарай толық аяқталады деп күтілген еді.
Осылайша, Қазақстан халқының өзіндік бірегейлігінің екі деңгейі тіркеледі: біріншісі – ортақ саяси құндылықтарға негізделген біртұтас азаматтықтан туындайтын баршаға ортақ бірегейлік, екіншісі – қазақ этносының бірегейлігі. Сәйкесінше, екі бірегейлікті, Қазақстан азаматы мен қазақ этносының бірегейлігін қатар дамытуға ұзақмерзімді бағыт берілді. Оған сәйкес ұлтты жасанды түрде құрастырылмаған, адамдар қолдайтын шынайы құндылықтар негізінде баршаға ортақ бірегейлік аясына ұйыстыру міндетін шешу кем дегенде 2050 жылға дейін шегерілді.
Міне, «ескі» және «жаңа» Қазақстан ара¬сын¬дағы ұлттық бірегейлікті қалыптастыру мәселесі осы жерден екіге ажырайды.
«ТОҚАЕВ МОДЕЛІ»
Сонымен, ұлттық бірегейлік мәселесін¬дегі ескі және жаңа көзқарастардың айырмашылығы неде? Бұрын ұлт құру процесі, негізінен, стихиялы болды және оған «жоғарыдан» ықпал ету әрекеттері декларативті тетіктерді қабылдаумен шектелді. Сондай-ақ бұл жұмыстың барлығы мемлекеттің ақ¬параттық тапсырысымен орындалатын БАҚ-тағы тақырыптық дискурспен тәмамдалатын. Ал «Тоқаев моделі» болса, мемлекет пен қоғамның ұлтты біріктіріп қана қоймай, оған ХХІ ғасырда жаңа сапа бере алатын ортақ құндылықтарды іріктеу және әзірлеу жөніндегі проактивті қызметін ұсынады.
Дәл осылай екі бірегейліктің орнына елді бө¬ліп-жармайтын жаңа тәсіл алға шыға бастады. Осынау «Тоқаев моделі» Тәуелсіздік алғалы бері бір жүйеге түскен және көпшілік қабылдаған ортақ мәдени, саяси, экономикалық, тұрмыстық, дәстүрлі, өмірлік құндылықтар кешенін негізге алады. Бұл үлгі еліміздің азаматтарын жікке бөлмейді, керісінше біріктіреді. Мұның бәрі, түптеп келгенде, жаңа жалпыұлттық бірегейліктің іргетасы болып қаланады. Бұл – уақыт талабына сай нығайту мен жетілдіру арқылы жұмыс істеу¬ге болатын және соған қажет берік қоспа. Ескеретін жайт: оның барлық құраушы бөлшектері механикалық қоспа емес, қорытпа, яғни, түрлі құрамдас бөліктердің жаңа бірегей мәнге сапалы трансформациялануының нәтижесі.
Бұл қорытпаның бірегейлігі сол – ол әр¬түрлі мәдени құндылыққа негізделген элементтердің бітеқайнасып кетуімен ғана айқындалмайды. Сондай-ақ Қазақстан халқының жалпыұлттық бірегейлігінің негізгі сипаты – «қазақы» мәдени кодтың басым болуымен де дараланып тұрады. Бұл, шама¬мен, «ағылшындық», британдық бірегейліктің болмысын айқындайтын жағдайға ұқсайды. Бұл ретте қазақы бірегейлік те басқа дәстүрлердің мәдени элементтерін өзіне қабылдайтынын назарда ұстаған жөн.
Дәл осы қазақы мәдени код элементтері ортақ азаматтықпен және өзге де ортақ құн-дылықтармен бір қатарда тұрады, алуантүрлі сипаттағы бірлікті қамтамасыз ететін маңыз¬ға ие. Сонымен бірге бұл ұлтқа, көзбен көріп, қолмен ұстау мүмкін емес, өзгелерге ұқса¬майтын ерекшелік сыйлайды. Соның арқасында біз шетелдіктер арасынан «қазақтарды» этностық тегіне қарамастан, жазбай тани аламыз.
Бұл модельдің мәнін Мемлекет басшысы 2023 жылы былайша тұжырымдап берді: «Бүгінде азаматтарымыздың барлығы өзде¬рін үлкен әрі біртұтас қазақ отбасының, шын мәнінде, қазақ елінің мүшесі сезінеді. /…/ Осы ретте біз мақтаныш ететін этномә¬дени әралуандығымыз ешқайда жоғалып кет¬пейді. Керісінше, біртұтас азаматтық негіз есебінен нығая түседі. Елімізде түрлі мәдениет дәстүрлері жалпыұлттық бірегейліктің берік іргетасы болып қаланатын өзімізге тән айрықша өмір сүру салты қалыптасты».
Ұлт құрылысының аморфтық, бет-әлпетсіз, субъектісіз жалпыазаматтық моделінен қазақ мәдени генотипінің айқын субъективтілігіне ауысуы – «Тоқаев моделінің» басты маңызды ерекшелігі. Бұл жекелеген бірегейліктердің «біртұтас қазақ отбасының» аясында бір мәдени-ақыл-ой матрицасына ұласуынан көрінеді. Мұның бәрі – ешқандай қысымсыз немесе мәжбүрлі ассимиляциялаусыз, тұрғылықты жердің, мәдени ортаның және сандық фактордың ықпалымен болып жатқан табиғи процесс.
Осы пікірімізге Мемлекет басшысының: «Даңқты отандастарымызды, спортшыларымызды, мәдениет қайраткерлерімізді, ғалымдарымыз бен студенттерімізді, кәсіпкерлерімізді шыққан тегіне қарамастан, шетелде үнемі қазақтар деп атайды. Бұл – табиғи құбылыс. Солай болуға тиіс», – деген ұстанымы дәлел.
Объективті үдерістерді негізге алу – «Тоқаев моделінің» тағы бір ерекшелігі. Бұл – түп-тамырдан алшақтатып, негізсіз шығындарға ғана әкелетін күрделі конструкцияларды, доктриналар мен бағдарламалар жа¬сауға тырысудан түбегейлі бас тарту деген сөз.
Алайда осы қарапайымдылық жағдайды жүгенсіз жіберу дегенді білдірмейді. Кері¬сінше, бұл – оқиғалардың қалыпты ағынына жәрдемдесу, бағытты түзеп, жолда кездескен кедергілерді еңсеріп, кедергілер туғызбай, қоғам көшіне ілесіп отыру. Айкидо қағидаты да осыған саяды. Яғни, ол – табиғи процес¬тердің энергиясын ақырын, бірақ анық, тұншықтырмай әрі тежемей мақсатқа бағыттау. Сонымен қатар ол – қарсы қоймай ортақ мүдделерді іздеу, ассимиляцияламай интеграциялау.
«Тоқаев моделінің» тағы бір маңызды құрамдас бөлігі – прагматизм және нәтижені көздеу. Соның негізінде дискурс шындығын іс-әрекет шындығы алмастырды. Тиімділігі күмәнді, ұзаққа созылатын, бірінен-бірі туындайтын бағдарламалардың орнын нақ¬ты істер басты. Осыған қарап, Жаңа Қазақ¬стан дегеніміз амалдың сөзден басым түсуі деп айта аламыз. Бұл 15 жылға жуық уақыт тұралап қалған ауқымды ЛРТ жобасының Мемлекет басшысы араласқаннан кейін 2025 жылдың күзінде тест-драйвтан өтуге дайын болуынан да көрінсе керек.
Ұлт құру ісіндегі бұл прагматизм барлық ба¬ғыттан байқалады. Әсіресе, поп-мәде¬ниетті, фильмдерді, сәнді, тамақты, спортты, әлеуметтік желілердегі контентті қалыптас¬тырушы әсерді туындататын негізгі бағыт¬тарды саналы түрде қолдау мен насихаттау¬дан да көрінеді. Қалыптастырушы әсер деп отыр¬ғаным – ұлттық трендтердің, көп жағ¬дайда, жастар арасында қалыптасуы¬на барын¬ша кең және терең әсер ететіндей тара묬ған көңіл күй толқыны. Мұнда да «қа¬зବқылықты» сәнге айналдырған креативті ин¬дустрия «Тоқаев моделінің» негізгі басым¬ды-ғы екенін атап өткен жөн.
Бұған нақты мысалдар аз емес. Себебі кейін¬гі жылдары Димаш Құдайберген, Ирина Кайратовна, Қазыбек Құрайыш, Мирас пен басқа да жаңа толқын Q-pop орын¬даушылары арқылы қазақ поп-музы¬касы әлемге таныл¬ды. Қазақ киноин¬дуст¬риясы қарқын алып, соңғы екі-үш жылда фешн-және гастро-индустриядағы этно¬бағыттар алға шықты. Әлеуметтік желілерде ұлттық тақырыпқа ар¬налған авторлық роликтердің саны да, са¬пасы да артты. Мұ-ның бәрі – біздің пікірі¬міздің дұрыс екенін рас¬тайтын дәлелдер.
Жалпы, Мемлекет басшысы креативті индустрияны ұлттық жаңғырудың маңызды тетігінің бірі ретінде қарастыруы тегін емес. Себебі дәл осы салада soft power, яғни жұм¬сақ күшті пайдаланудың берері мол. Бұл істе ешкімді мәжбүрлеу, күшпен көндіру немесе медиа гипнозды қолданудың қажеті жоқ. Қайта тартымды трендтер қалыптастыру арқылы жеке қызығушылыққа және эмоция¬ға әсер ететін тетіктерді жандандыру айрық¬ша мәнге ие.
Түптеп келгенде, болашақтағы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жолын айқындау және содан келіп туындайтын ұлттық ренессанс «Тоқаев моделінің» негізгі қағидаты саналады. Мемлекет басшысы атап өткендей: «Жас ұрпақ тарих тағылымын және елдің жарқын болашаққа ұмтылысын бір арнаға тоғыстырып жатыр. Осылайша, олар ұлттың рухын жаңғыртуда. Осы серпілістің қарқынын сақтай отырып, оны күшейте түсу – мемлекеттің міндеті. Бұл міндетті абыроймен атқарсақ, қазақтың ре¬нессанс дәуірі, яғни түбегейлі өзгерістер заманы келеді».
ХХІ ғасырда ұлтты қайта жаңғырту 2050 жылдарға көздеген бұлыңғыр меже емес,
ол – орта мерзімде нақты қол жеткізуге бола¬тын айқын мақсат. Бұл жолда ұлт өзін бір отбасы ретінде сезінуге тиіс. Бұл отба¬сы¬ны ортақ құндылықтар және еліміздің ұзақ¬мер¬зімді даму перспективаларына деген ор¬тақ көзқарас байланыстыруы шарт. Ал мұ¬ны тек ұлттық диалог арқылы ғана жүзеге асыруға болады. Халық үніне құлақ асатын мем¬лекеттің жаңа институты – «тарих тағы¬лымы мен жарқын болашақты» тоғыс¬тыра¬тын Ұлттық құрылтай дәл осы мақсатпен құрылды.
ТАРИХ ТАҒЫЛЫМЫ
Ұлттық құрылтайдың 2022 жылғы мау¬сымда өткен тарихи I отырысын¬да ұлттық жаңғырудың негізі қаланды. Сол жиында Мемлекет басшысы: «Құрылтайдың басты мақсаты – жаңа идеялар мен жасампаз қадамдар арқылы ұлт бірлігін нығайту», деп, жаңа алаңның рөлін айқындап берді. Осы¬лайша, ұлтымызға ұя болған қасиетті Ұлытау төрінде, қазақ хандарының атасы Жошы хан кесенесінің іргесінде тамырын тереңге жай¬ған мемлекеттілігіміздің жаңа дәуірі бас¬тал¬д¬ы деуге толық негіз бар.
Қазақтың мәдени және тарихи дәс¬түрі¬нен бастау алатын Ұлттық құрылтайдың фор¬маты дала демократиясы институтының мә¬нін жаңғыртып қана қоймай, халықтың тарихи жадына, ғасырлар бойы сақталған әдет-ғұрпына табан тірейді. Мұның мәні тереңде жатыр. Бұл даңқты тарихты еске алу үшін жасалып жатқан символикалық шара емес. Ол – болашақтың келбетіне ұлы тарих арқылы қарауға мүмкіндік беретін қадам.
Қазақстан тарихында ұлттық бірегей¬лік¬тің қалыптасуына әсер етіп, біздің мәдени-ментальды жадымызда терең із қалдырған үш маңызды кезеңді белгілі бір шартты¬лық¬пен бөліп көрсетуге болады. Біріншісі – VIII ға¬сырдан XII ғасырға дейін жалғасқан Ор¬та¬лық Азиядағы ағартушылық дәуірі болса, екін¬ші кезең – Алтын орда уақыты. Ал үшін¬ші кезең – Тәуке хан билеген Қазақ хан¬дығының алтын ғасыры.
«Өркениеттер тоғысында болған Қазақ¬стан өзінің көп ғасырлық тарихында әлем¬нің сан алуан салт-дәстүрін бойына сіңірді. Бұл – мәдени кодымыздың ажырамас бір бөлшегі, ұлтымыздың баға жетпес байлығы және бәсеке жолындағы артықшылығы». Мемлекет басшысының бұл сөздері Орталық Азия өңірінде, оның ішінде біздің еліміздің аумағында өркениеттің өркендеген дәуірін дәл сипаттайды. Шын мәнінде, сол кезең адам¬затқа Шығыста Екінші ұстаз атанған әйгілі энциклопедист әл-Фарабиді, Бируниді, Ибн-Синаны, алгебраның атасы әл-Хорезмиді, Қожа Ахмет Ясауиді, әл-Бухариді, Румиді, Жүсіп Баласағұнды, Омар Хайямды және басқа да ұлы есімдерді берді.
Бұл ғалымдар мен ойшылдардың, геог¬раф¬тар мен саяхатшылардың, философтар мен теологтардың, ақындардың, суретші¬лер¬дің, музыканттардың, сәулетшілер мен сау-дагерлердің дәуірі болды. Мұның бәрі Еу¬ро¬падағы ғылым мен өнердің даму кезеңінен бір-неше ғасыр бұрын болғанын атап өткен жөн. Бұл нағыз ағарту және 500 жылға жа¬л¬ғас¬қан рухани гүлдену дәуірі еді. Ол кезде Орталық Азия бүкіл әлемнің ғылыми және мәдени орталығы, елдер мен халықтар ара¬сындағы алтын көпір болғаны белгілі. Осы бірнеше ғасырға ұласқан интеллектуалды өрлеу кезеңінде жинақталған мол қазына бүкіл адамзаттың, соның ішінде XVIII ғасыр¬дағы Еуропада ғылым мен білімнің серпі¬лісіне жол ашты.
Осыншалық даму мен ілгерілеу Ұлы Жі¬бек жолының бойында болғаны айрықша маңызға ие. Бұл өркениет Қазақстанның оң¬түстігіндегі қалаларды қамтыды. Мәселен, ежелгі Тараздың саудамен тығыз байланысты болғаны соншалық, кейбір деректерде шаһа𬬬дың атауы «таразы» сөзінен шығатыны жөнінде айтылады. Коммерциялық белсен¬ділік қалалардың дамуына, ауқымды тран¬сұлт¬тық байланыстарға және тұтас «халық¬ара¬лық инфрақұрылымның» пайда болуына ық¬пал етті. Ол дегеніміз – қызмет көрсету са¬ласы: қонақүйлер, керуен-сарайлар, базар¬лар мен қоймалар. Сол кезде дүниенің әр түп¬кірінен саудагерлер мен қолөнершілер, саяхатшылар мен ғалымдар, өнерпаздар мен суретшілер бай қалаларға ағылды. Әлемді танып-білген, өз бетінше шешім қабылдай ала¬тын, жеткілікті салық төлейтін, өздерімен би¬лік санасатын деңгейдегі саудагер кәсіп¬керлердің тұтас шоғыры қалыптасты.
Орталық Азиядағы ағарту дәуірі еліміз¬дің ілгерілеуіне үлкен әсерін тигізіп, халқы¬мыз¬дың ұжымдық санасында айқын із қал¬дырды. Бұл кезең әлемге ашық болу, мә¬де¬ниеттер полифониясы, толеранттылық, бә¬рімен тіл табыса білу, дипломатия өнері, бі¬лім жолындағы талпыныс сияқты хал¬қы¬мызға тән қасиеттердің қайнар көзі екені сөзсіз.
Біздің бірегейлігіміздің қалыптасу жолындағы екінші маңызды кезең – Алтын Орда дәуірі. Шын мәнінде, дәл осы жерде XIII-XV ғасырларда халықтардың тарихи қауымдастығы қалыптасты. Одан Жошы Ұлысының аумағын, тілін, дәстүрі мен болмысын мұра етіп қабылдаған қазақ этносы бөлініп шыққаны белгілі.
Кеңес тарихшыларының «Алтын Орда езгісі», басып алған халықты найза мен қы¬лыш арқылы қорқытып ұстаған жабайы көш¬пенділер ордасы туралы айтқан стерео¬типті тұжырымына қарамастан, Жошы Ұлысы орта ғасырда өркениеттің ошағы бол¬ды. Бірін-бірі толықтыра түсетін қалалық жә¬не көшпелі мәдениеттердің синкре¬тика¬лық үйлесімділігінен оның бірегейлігі қа¬лып¬тасты. Көшпенділердің жауынгерлік ай¬быны қала қолөнершілерінің өнерімен ұш¬тасып, сауда керуендері әлемнің үздік сар¬баздарының қорғауымен шығыстан ба-тысқа қарай ағылып жатты. Базарлар Ой¬куменаның әр түпкірінен келген тауарларға толы болды. Ал, діни төзімділік өзара қып¬шақ диалектісінде сөйлесетін мұсылман¬дар¬ға, қырым иудей-караимдарына, несториан-хрис¬тиандарға және православие өкілдеріне бей¬біт қатар өмір сүруге мүмкіндік берді.
Жошы Ұлысының мәдени алуандығы философия, дін, медицина, математика, парсы және түркі әдеби дәстүрімен қатар, Орталық Азия ислам ағартушылық мұрасын, сондай-ақ өзінің бай фольклорын, оның ішінде батырлар жырын бойына сіңірді. Алтын Орда бірнеше ғасыр бойы Қытай жә¬не Үндістан, сондай-ақ Ресей және Қырым¬дағы италиялық (генуэзиялық) факториялар арқылы Шығыс пен Батыс арасында Ұлы Жібек жолындағы сауда және мәдени көпір, Транскаспий дәлізінің баламасы болды.
Тіл осы этномәдени әралуандықты бірік¬тірген құрал ретінде қызмет етті. Ол – жазбаша оғыз-қыпшақ түркі тілі мен lingua franca – қыпшақ тілінің халықтық диа¬лектілері. Тұрпайы латыннан француз және испан тілдері пайда болғаны сияқты бұ¬лардың бірі қазіргі қазақ тіліне айналды.
Осы этностық, діни және мәдени то¬лерант¬тылықтың нәтижесінде Алтын Ор¬дада өмір сүрген халықтар ерекше көп¬мә¬дени жүйе ретінде қалыптасты. Лев Гуми¬лев¬ше айтқанда, оны суперэтнос деуге болады. Бұл – белгілі бір өңірде бір уақытта пайда болған, экономикалық, идеологиялық және саяси тұрғыдан өзара байланысты және та¬рих¬та мозаикалық тұтастық танытқан эт¬нос¬тар тобы.
Қазіргі Қазақстан – Ұлы Даланың дәл жү¬регінде, Алтайдан Каспийге, Сібірден Сырдарияға дейінгі Жошы Ұлысының негізгі аумағын сақтап қалған және оның мәдени-ментальдық парадигмасын қабылдап алған жалғыз егемен мемлекет. Содан қазақтың бүгінгі бірегейлігі бастау алды. Оның мәні – түркілік, еуразиялық, шығыс, батыс және дәстүрлі қазақ құндылықтарының синтезі, дінаралық және этносаралық толерант¬тылық, табандылық, байсалды авантюризм, бостандық пен жаңа көкжиектерге ұмтылу.
Бірегейлігіміздің қалыптасуындағы үшінші маңызды кезең – халық арасында әз-Тәуке – Дана Тәуке атанған ұлы реформа¬тор, Қазақ Конституциясы әйгілі «Жеті жар¬ғы» заңдар жинағын қабылдаған Тәуке хан би¬лік құрған уақыт. Халық арасында бұл ке¬зең қазақ үшін алтын ғасыр саналғаны те¬гін емес.
Тәуке хан басқару және құқық жүйе¬сін¬дегі реформалардың арқасында ішкі саяси қатынастарды реттеді. Ол билік қатынас¬тары¬ның жүйесін өзгертті. Билікті бір қолда шоғырландырмау саясатын жүргізді. Ескі бай-сұлтандарды ығыстырып, халық өз ара¬сынан сайлаған ру билерін мемлекетті бас¬қаруға тартты. Билер билік пен халық ара¬сындағы кері байланысты және даулы мә¬селелердің әділ шешілуін қамтамасыз етті.
Консенсус, яғни ортақ мәміле басқару¬дың негізгі қағидаты ретінде жарияланды. Элита арасындағы қақтығыстар тоқтап, заң¬ның әділдігі мен үстемдігі орнады. Эко¬номика дамып, сауда өркендеді. Тұрақты өт¬кізіліп тұрған билер құрылтайы жал¬пыұлт¬тық мәселелер шешілетін маңызды мем¬лекеттік органға айналды. Еліміздегі бү¬гінгі Ұлттық құрылтай осы демократиялық дәстүрдің тікелей жалғасы екені анық.
Сол кезең халықтың санасында алтын ға¬сыр, игілік пен бейбітшілік салтанат құрған әділетті әрі жайлы дәуір, «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заман» болып, мәң¬гіге қалды.
Ұлы бабаларымыз бізге жақсылық пен жа¬мандықтың аражігін ажырату, қашанда әділ¬дік пен ар-намысты ту ету, қарапайым әрі қайсар болу, білімге талпыну, жақынға қам¬қорлық таныту, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсету, туыстық қарым-қатынасты үзбеу, Тәуелсіздікке ұмтылу, жаңашылдықты мең¬геру, балалардың еркіндігі мен дұрыс мақсат сияқ¬ты құндылықтарды баға жетпес мұра етіп қалдырды. Біздің ендігі міндетіміз – осы бай қазынаны әрі қарай дамыту және соның айналасына топтасу. Сол арқылы Ұлы Дала¬ның жаңарған және мәңгілік жүрегінде бо¬ла¬шаққа лайықты ұлт қалыптастыру.
Біздің ренессанс қазірдің өзінде бас¬та¬лып кетті. Соның нәтижесінде ұлттың өсіп-өркендеуіне жаңа жол ашылды. Даңқты жауын¬герлер мен саудагерлерден, ғалымдар мен ақындардан, хандар мен билерден, қо¬ныс аударушылар мен жер аударылғандардан, ағартушылардан, Алтын Орда, Қазақ хан¬ды¬ғы, Алаш ордасы, Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы дәуіріндегі зиялы қауым мен жұ¬мысшылардан бізге жеткен ДНК код – соның кепілі.
КЕЛЕШЕК КӨКЖИЕГІ
2022 жыл еліміз үшін халықтың санасын оятқан, ұлттың бірегейлігін қалыптастыру про¬цесін жандандырып, жаңа бағыт-бағдар берген межелі жыл болды. Цифрлық дәуірдегі геосаяси сын-қатер көбейген осынау уақытта ұлтты біріктіретін тұрақты және саналы біре¬гейлікті сақтап, нығайту жеткіліксіз еке¬ні анық. Сондықтан бірнеше қадам алда жүру және ХХІ ғасырда ұлтты жаһандық гео¬саяси аренада бәсекеге қабілетті ететін құн¬дылықтарды қалыптастыруды қазірдің өзінде бастау аса маңызды. Бұл – Қазақ¬стан¬ның әлемнің болашақ саяси картасынан ала¬тын орнына тікелей қатысты мәселе.
Бүгінде Қазақстан Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жан-жақты ойластырылған және жүйелі қадамдарының арқасында өзінің әлемдегі лайықты орнын иеленді. Сондықтан біз әлі де айналасында дау-жанжал белең алған ортада бейбітшілік мекені болып қалып отыр¬мыз. Біздің жауымыз жоқ, өз көзқара¬сымыз бен мүддемізді сақтай отырып, бәрі¬мен достық қарым-қатынас орнаттық. Өзі¬мізді Шығыс Азия мен Еуропа арасындағы жаңа Жібек жолының маңызды логис¬тика¬лық тармағы ретінде таныта алдық. Ресей, Қытай және жаһандық Оңтүстік сияқты гео¬саяси алыптардың ортасында өзіміздің бағ-дарымызды сақтап қана қоймай, маңыз¬ды өңірлік күш ретінде дамып келеміз. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның саяси ла¬герьлерден тыс мультилатерализм саясатын ұстанатын орта держава ретіндегі мәртебесі ай¬рықша маңызға ие. Сыртқы саяси бағдар¬дың бұл өзгерісі туралы 2024 жылдың жа¬зын¬¬да Еуропалық Одақтың сол кездегі Сыртқы істер және қауіпсіздік жөніндегі Жо¬ғарғы өкілі Жозеп Боррель: «Бұрын Қа¬зақ¬стан периферияның орталығы саналатын еді. Ал ол қазір бәрінің нақ ортасына жай¬ғасты», – деп пікір білдірген болатын.
Қазақстан көп елмен салыстырғанда, бү¬кіл әлемді шарпыған бірегейлік дағда¬ры¬сынан шығатын жолды тапты. Кейбір мем¬лекеттерде, оның ішінде әлемдік держава¬лар¬да бұл сын-қатерге жауап ретінде регресс, этностық ұлтшылдық, ксенофобияның өр¬шуі, оңшыл радикализмнің белең алуы, өңір¬лік және ұлттық деңгейде оқшаулану, со¬лардың салдарынан кері кету байқалғаны жа¬сырын емес. Ал Қазақстан ішкі этномә¬дени интеграция арқылы, ешкімнің құқы¬ғына нұқсан келтірмей әрі ассимиляция¬лаудан бас тартып, ұлттық жаңғыруға ұмтыл¬ды.
Қоғамдық санада болашақтағы ұлттық құн¬дылық пен мәдени-ақыл-ой негізін қа¬лыптастыру және бекіту – күн тәртібіміздегі өзек¬ті мәселе. Оның тартымды болуы Қазақ¬станның әрбір азаматына жаңа мүмкіндік беріп, ел брендінің шетелде бәсекеге қабі¬лет¬ті болуын қамтамасыз етер еді. Бұл – ХХІ ғବсырда ұлттық идеяға айналуға лайық та¬ри¬хи ауқымдағы мақсат.
Мемлекет басшысы: «Ең алдымен, біз ұлт¬¬тың жаңа сапасын қалыптас¬тыру¬ға баса мән беруіміз керек. Сонымен бір¬ге қоғамды алға жетелейтін құнды¬лық¬тар¬ды қалыптас¬тыру қажет. Халықтың біре¬гейлігі мен қо¬ғам¬дық сананы жаңартпай тү¬бегейлі өзге¬ріс¬терді жүзеге асыру мүмкін емес», – деп, жаңа құндылықтардың бұл үде¬ріс¬тегі рөлін ерекше атап көрсетті.
Дәстүр мен қазіргі заманды біріктіретін жаңартылған ұлттық бірегейлік тұрақты мем-лекеттіліктің негізгі орталығына, ре¬фор¬малар драйверіне және дағдарыс уақытында дамудың жасампаз күшіне айналуы да керек шығар. Ол ХХІ ғасырдағы ұлттың деңгейіне сай келетін жаңа этиканы, рухани дамудың үштағаны – білім, ғылым және мәдениетті, ең¬бек мәдениетін, цифрлық дәуірдің озық дағ¬дыларын қалыптастыруды, сол арқылы смарт-ұлт құруды қамтиды. «Тоқаев моде¬лі¬нің» басты ұстанымы осы тетіктерді жал¬пыұлт¬тық бірегейліктің мәдени-ментальдық матрицасына енгізуді көздейді.
Қазір оны айқындайтын негізгі құн¬ды¬лық¬тар мен мәдени үрдістерді атап көрсетуге бо¬лады. Ол, ең алдымен, Мемлекет басшы¬сы¬¬ның «Адал азамат» тұжырымдамасынан кө¬¬рініс тапқан әділдік, заң мен тәртіп. Бұл тұ¬жырымдама Президентіміздің заң үс¬тем¬дігін, ашықтық пен азаматтық жауап¬кер¬ші¬лікті нығайту жөніндегі саясатының маңыз¬ды бағыты саналады. Бұл идея сыбайлас жем¬қорлыққа қарсы күрес саласындағы ре¬фор¬малармен, мемлекеттік қызметтерді цифрландырумен және жаңа қоғамдық сана қалыптастырумен тығыз байланысты. Адал азамат – сыбайлас жемқорлық ұят саналатын және заң, ашықтық, жауапкершілік қалыпты нормаға айналатын қоғам құндылықтары.
Мәдени мұра мен дәстүрдің жаңғыр¬тыл¬ған құндылықтары – жаңа бірегейліктің маңыз¬ды элементі. Тыңғылықты зерделенген дәстүрлі негізге табан тірейтін қазіргі қазақ мә¬дениеті халықаралық аудиторияға да өзек¬ті және сұранысқа ие құбылысқа айна¬лып келеді. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде ғана емес, бірегейліктің бастапқы әрі маңызды бөлігін біріктіретін мәдениет құра¬лы ретінде аясының кеңейе түскенін де атап өткен жөн. Бұл үрдіс ұлттық ренессанстың негізгі элементіне айналып келеді. Наурыз тойлау, этностильдегі киім үлгісіне, халық аспаптарына, ұлттық тағамдарға сұраныс¬тың артуы сияқты жаңартылған әдет-ғұрыשּׁтар мен салт-дәстүрлер де ұлт бірлі¬гіне ық¬пал ететіні анық.
Патриотизм мен ұлттық бірлік – ресми идеология ретінде емес, ел мен халық үшін мақтаныш сезімі, мемлекеттік рәміздерге – Туға, Әнұран мен Ел