in

Рингті кернеген рух

Екі сессияда да ине шаншыр орын болған жоқ. Финалдағы Тәшкенбай «шоуын», Нұрдәулетовтің нокдаунын, Графее­ваның камбэгін аяғынан тік тұрып тамашалады. Елге қонаққа келгендер Қазақстанды әуесқой бокстан бекер державаға теңемейтінін түсінді, бұл – анық. Ақтық кезеңге шыққан әр өреннің өліспей беріспейтіні жанарынан байқалып тұрды.

Астанадағы «айқас»

Иә, елімізде өткен байрақты бәсекеде боксшылар 8 алтын, 4 күміс, 4 қола медаль еншіледі. Жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды. Ерлер арасында 50 келіге дейінгі салмақта Санжар Тәшкенбай топ жарса, Назым Қызайбай 48 келіге дейінгі салмақта дес бермеді. 55 келіде Махмұд Сабырхан ұрандатса, 60 келіде Виктория Графеева ерледі. 75 келіде Сабыржан Аққалықов алдына қара салмады, 70 келіде Наталья Богданова да жеңіске жетті. 85 келі салмақта Бекзад Нұрдәулетов алтыннан алқа тақса, 90 келіден жоғары салмақта Айбек Оралбай ел үмітін ақтады. Ал Алуа Балқыбекова (51 келі), Елдана Тәліпова (+80), Надежда Рябец (75 келі) күміспен күптелсе, Нұрбек Оралбай (80 келі) да тұғырдың екінші сатысынан көрінді. Ертуған Зейнуллинов (65 келі), Сағындық Тоғамбай (90 келі), Айдана Забынбекова (57 келі), Аида Әбікеева (65 келі) қола жүлде иеленді. 

«Қазақстан құрамасы Астанада әлем кубогында рекордтық деңгейдегі медальді жеңіп алды. 8 ал­тын – жоғары көрсеткіш. Менің білуімше, бұған дейінгі көрсеткіш – 5 алтын. Астанадағы турнирде 16 спортшы жеңіс тұғырына көтерілді. Біріншіден, бұл – тарихи жарыс. World Boxing турнирі аясындағы әлем кубогы кезеңі – маңызды аламан. Екіншіден, қазақ жанкүйерлері осындай атой салар турнирді сағынды. Бұған дейін Азия чемпионаты, әлем чемпионаты әртүрлі деңгейдегі халықтаралық жарыстарды отандық телеарналар тікелей эфирден көрсетпейтін. Төрткүл дүние қазақтың боксты қалай жақсы көретінін, барынша қолдайтынын, жарыстарды ұйымдастыру деңгейіне куә болды. Талай додадан хабар тараттым. Бұл турнирдің деңгейі Олимпиададан кем емес, тіпті World Boxing ұйымы мамандарының өзі «шок» болды. Биыл жанкүйерлер қозғалысы қалыптасып, бокс десе, ішкен асын жерге қоятындар жиналды. Түскі сағат екіден түнгі сағат онға дейін аяқтарынан тік тұрып, қолдады. Финалға Президент келіп, 4-5 кездесу тамашалағанының өзі турнирдің деңгейін көрсет­ті», – дейді спорт журналисі Аслан Қаженов. 

Бокс тойында бірінші күннен бастап, соңына дейін комментатор болған Исатай Мәди де тур­нирдің идеясы жақсы екенін атап өтті. Басқа спорт түрінде де әлем кубогының этаптары, халықаралық турнирден деңгейі жоғары турнирлер әрдайым қызығушылық тудыратынын айтты. Бұл ішкі бәсекені артыруға көмектесетінін де айта кетті. Боксшылар деңгейін көтеріп, еліміз әуесқой бокс державасы екенін еске салар дода екеніне тоқталды. Федерация жұмысына жоғары баға беріп, жан­күйерлерге қолдауы үшін алғыс білдірді. 

Айтып-айтпай не керек, бокс­шылар іріктеу не финал демей, жанын салып бокстасты. Әсіресе, финалдағы Санжар Тәшкенбайдың жеңіс сальтосы, Сағындық Тоғамбайдың іріктеудегі жарқын сәттері, Виктория Графееваның соңына дейін өліс­пей-беріспегені жанкүйер жадында сақ­талды. Қос сарапшы да қыздар ара­сындағы үздік финалист ретінде Виктория Графееваны көрсетті. Ұтылып жатып, қарсыластан жеңісті жұлып алғаны нағыз майталман екенін дәлелдеді. Осы ретте Аслан Қаженов Наталья Богданованың да жарқын боксына тәнті болғанын айтады. Ал ерлер арасында Бекзад Нұрдәулетовтің қарқыны көпті қайран қалдырды. Комментатор Исатай Мәдидің айтуынша, боксшы Әлем чемпионатынан кейін өзін жоғалтып алғандай көрінген. Қазір түрлі сынақтан өтіп, өз стилін, мәнерін тапқан боксшы ретінде қалыптас­қандай. Спорт маманына былғары қолғап шеберінің турнирдегі бокс мәнері ұнаған. 

Иә, финалда Бекзад Нұрдәулетовтің қарсы­ла­сын нокдаунға жіберіп, есеңгіреткені өзіне сенім­ді екенін дәлелдеді. Төпелей соққы жасап, білгені­нен жаңылған жоқ. Шапшаң қимыл, сақ қоз­ға­лыс пен дәл соққы Нұрдәулетовтің бір бойынан табылды. 

Шаршы алаңдағы шешім

Аслан Қаженовтің айтуынша, турнирдегі басты сенсация – Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбайдың финалдағы жеңілісі. Нұрбек ұзақ үзілістен соң әлемдік аламанға оралған-ды. Финалдың алдында екі жекпе-жек өткізбегені тағы бар. Өйткені қарсыластары кездесуге шығудан бас тартқан. Яғни, оның қарсыласты зерттеуге, тактика қойып, физикалық және психологиялық түрде шыңдалуға уақыты болған. Өкініштісі сол, Нұрбектен халық алтын күтті және алатынына нық сеніммен қарады. Ендігіде құрама үздігі Ливерпульде өтетін Әлем чемпионатында барын салады деп үміттенеміз. 

Бокстан ұлттық құрама маңайындағы бітпейтін «текетірестің» бірі – Абылайхан Жүсіпов пен Төрехан Сабырхан арасындағы бәсеке. Дау неден басталды десеңіз, 70 келі салмақта турнирде бақ сынаған Жүсіпов шаппай жатып, аламаннан шығып қалды. Себеп – жарақаты жазылмай жатып, жарысқа қатысқан. Бұл турасында боксшыны кінәлай алмайтынымызды мамандар да айтып отыр. Комментатор Исатай Мәдидің сөзінше, ол осыдан бір ай бұрын Эйдховен турнирінде жарақат алған. Ал Астанадағы жарысқа қатысқанында екі турнирдің арасы үш-ақ апта болған. Сәйкесінше, қабағындағы жарақаты жазылып үлгермеген. Сол үшін маман Әлем чемпионаты алдында қос боксшы арасында спаринг өткізіп, шын мықтының топқа түскенін қалайды. Комментатордың айтуынша, Төрехан Сабырхан ересектер арасында әлі кіл мықтымен күресіп, жеңіске жетпеген. Мысалы, 70 келідегі өзбек мықтысы Асахужа Муйдинхужаев сияқты осы салмақтағы дүлдүлмен бетпе-бет кел­­­ме­ген. Сондықтан Абылайхан мен Төреханның қай жеңгені алдағы алманға барғанын құп көріп отыр. 

«Әлеуметтік желіде Абылайхан мен Төрехан туралы көп талқыланып жатыр. Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы Мерей Ақшалов бұл бас бапкердің шешімі екенін, Қайрат Сатжанов осы турнирден кейін жауап беретінін айтқан. Сәйкесінше, біз де бас бапкердің қателігі деп ойлаймыз. Абылайханды жарыс басталмай тұрып, екі-үш күн бұрын көрдім. Қабағындағы жарақатын байқадым. Бапкерлер құрамында бір күн қалғанша таңдау болды. Олар Абылайханды қалдырды. Қабағының толық жазылмағанын біле тұра рингке шығарған бас бапкер және медицина маманына сұрау салу керек. Өкініштісі, Абылайханның денсаулығына кері әсер етті. Бар әлеуетті дұрыс пайдаланып, алдағы жарыстарда резервке де жүктемені тең бөлсек деген ұсыныс бар. Абылайхан қандай шешім болса да, бапкер шешімін қолдайтынын айтты. «Төреханға жолыңды бер» деп жатса, дайынмын деп отыр. Ал Төреханның өзі әлі де нейтралды көзқараста жүр. Оған да мүмкіндік, жас та болса, Әлем чемпионы атануға тапсырмас мүмкіндік туып тұр», – дейді спорт журналисі Аслан Қаженов.

Қош, халық қанша дүрліксе де, шешім қыркүйекке қарай қабылданады. Оның алдында боксшыларды екі жаттығу жиыны күтіп тұр. Ал құрамадағы орнын нақ бекітіп, турнирде бір темпен жұдырықтасқанның бірегейі – Сабыржан Аққалықов. Сарапшылар турнир жаңалығы да, үздік бокшысы да осы деп отыр. Өйткені Аққалы­қовтың финалда аутсайдер екенін айтқан көп. Жанкүйер де оның алтын арқалайтынына сенбеді. Бірақ ол жеңісті жұлып алғанымен қоймай, сауатты жұдырықтасып, ерекші қарым-қабілетімен көзге түсті. Мамандар осы қарқыннан таймаса, оның Әлем чемпионатында атой салатынына сенімді. 

«Боксшының бәрі – бір төбе. Тәшкенбайдан бастап, Оралбайға дейін салмағы бар, атағы бар боксшылар. Солардың арасында Аққалықовты ерекше атап өткім келеді. Өткен жылы ғана 70 келі салмақта жүрді. Биыл Абылайханмен бәсекеге түспеу үшін 75 келіге салмақ көтергенге ұқсайды. Жаңа салмаққа бой үйренісіп, халықаралық турнирде топ жарды. Бірақ жанкүйер назарынан тыс қалды. Меніңше, ол нағыз арқасынан қағып, барынша демейтін спортшы. Сондықтан мен үшін турнир жаңалығы – Сабыржан Аққалықов», – дейді Исатай Мәди. 

Жоғарыда айтқанымыздай, бұл – әлем кубогы кезеңінің үшінші этабы. Қазір аталған этапты қоса алғанда еліміз жалпы есепте екінші орында тұр. Аслан Қаженов егер Алуа Балқыбекова же­ңімпаз атанғанда, 9 алтынмен көш бастайтынымызды атап өтті. Ол аталған кездесудегі төрешілер ше­ші­мімен келіспейді. Тең нәтижелі бокс болғанымен, көп соққы жасаған Алуа алтын жүлдеге лайық жұ­ды­рықтасқан. Спикер Балқыбекова бастаған сайып­қырандар ағылшын елінде барын салып, ал­да­ғы додада көк Туды тұғырдан түсірмейтініне сенеді. 

 

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ