Астана қаласындағы полиция бөлімшелерінің бірінде бізді капитан Жігер Кәкімсейітов қарсы алды. Ол ішкі істер саласында он жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Әрбір қызметкер жұмысқа кіріспес бұрын формасын киіп, құралдарын түгелдеп, кешкі жиынға қатысады. Сағаттың тілі алты жарым мен жетінің арасында саптық тексеру жүргізіледі. Жеті жарымға дейін экипаж авто-көліктері тексеріледі, қызметкерлер алкотест және қан қысымын тексеруден өтіп барып, қызметке кіріседі екен.
– Әр күн – жаңа сынақ. Қай уақытта, қай жерде не боларын ешқашан алдын ала болжау мүмкін емес. Әр жұмысқа шыққан сайын үйге аман-есен оралу – үлкен сұрақ, – дейді капитан Жігер Кәкімсейітов.
Экипаж құрамына капитан Жігер Кәкімсейітов пен аға лейтенант Мінтемір Әбілқайыр кірді. Олар қызметтік көліктері-не отырып, сағат сегізге дейін Алматы ауданындағы белгіленген өз территорияларына жол тартты. Сағат сегіз болған сәттен бастап, патруль көлігімен қала көшелерін аралауға шықтық. Бастапқыда халық көп жина-латын орындар тексерілді: аял-дама, саябақ, базар маңы. Қызметкерлер әр көлікті, әр бұрышты жіті назарда ұстады. Жол қозғалысы ережесін бұзған көлік иелеріне де ауызша ескерту жасалып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Кейін рация арқылы хабарлама келіп түсті: «пәтер маңында айқай-шу». Оқиға орнына жеткенімізде, көршілер арасында дау шыққаны белгілі болды. Мәселе екі әйелдің бір-бірінің рұқсатынсыз телефон камерасына түсіруінен басталған екен. Полиция екі тараппен де сөйлесіп, жанжалды ушықтырмай шешіп берді.
– Біздің міндет – тек ереже сақтау емес, көбіне психолог болу, сабырға шақыру, – деп түсіндірді капитан.
Көп ұзамай рациядан шұғыл хабарлама түсті: Б.Момышұлы мен М.Жұмабаев даңғылдарының қиылысындағы «Жерұйық» саябағының кіреберісінде күмәнді әйел күтіп тұр екен. Куәгерлердің айтуынша, ол есірткі әсерінде болуы мүмкін. Полиция оқиға орнына бес минут ішінде жетті. Әйелдің жүріс-тұрысы мен сөйлеу мәнері қалыпты емес еді. Құжат тексеру кезінде ол қарсылық көрсетіп, түсініксіз сөздер айтып, өз әрекетін түсіндіре алмады. Кейінірек оның үстінен есірткі заттарының иісі анық байқалды. Ал медициналық сараптама жасауға бара жатқан жолда өз еркімен кінәсін мойындады. Медициналық сараптамадан кейін әйелді жергілікті Алматы ауданының полиция бөлімшесіне жеткізіп, іс тіркелді. Осылайша, полиция қызметкерлері нашақорлықтың тағы бір көрінісін әшкереледі. Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті басқармасының 2024 жылғы деректеріне сүйенсек, психоактивті заттарды қолдану салдарынан «психикалық мінез-құлық бұзылыстары» диагнозымен 108 722 адам динамикалық бақылауда тұр. Оның ішінде есірткі мен психотроптық заттарға тәуелді 18 329 адам бар.
– Мұндай жағдайлар өкінішке қарай жиі кездеседі. Ең қиыны – адамның өзіне де, айналаға да қауіп төндіруі, – дейді аға лейтенант Мінтемір Әбілқайыр.
Сағат он екі жарым шамасында кезекті шақырту түсті. Бір үйден қатты айқай-шу естілгені туралы көршілері хабарлаған. Оқиға орнына барғанда, полиция қызметкерлері ерлі-зайыптының ауладағы жанжалының үстінен түсті. Кикілжің күйеуінің қызғанышынан туған екен. Жағдай шиеленісіп тұр. Күйеуі өте ашулы, көзі алайып кеткен. Әйелі үстел үстіндегі телефонды көрсетіп, айқайын үдете түсті. «Неге ол олай болады?», «Кім бұл?» деген қарапайым сұрақтарды қайта-қайта қоя береді. Полиция екі тарапты бірден ажыратып, жеке-жеке сөйлесуге тырысқанымен, бір бітімге келе алмады. Әуелі ашулы әйелмен сөйлескен капитан оған дауыс көтерудің, эмоциямен шешім қабылдаудың кері әсері туралы түсіндірді. Әйел әлі де ашуын баса алмай тұр. Кейін күйеуімен әңгімелескенде, оның да ашулы күйде екені анық байқалды. Алайда ол полиция қызметкерінің сабырлы даусы мен байыпты сөздерінен кейін бәсеңдей бастады.
– Кейде отбасындағы ұсақ-түйек – үлкен жанжалға айна-лып кетуі мүмкін. Бірақ біз он-дайда эмоцияны емес, сөзді, сабырды қолдануымыз керек, – деді капитан Жігер Кәкімсейітов жұпты қайта сөйлестірмес бұрын.
Соңында ерлі-зайыптылардың екеуі де сабасына түсіп, бір-біріне түсіністікпен қарауға тырысты. Хаттама толтырылмады, алайда полиция түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, қажет болса, отбасын қолдау орталығына жүгінуге кеңес берді. Бұл бір қарағанда – қарапайым ғана ұрыс. Бірақ мұндай жағдайлар күн сайын қайталанып, психологиялық, әлеуметтік қиындықтарға әкелуі мүмкін. Полиция бұл жерде тек заң күзетшісі ғана емес, татуластырушы, тыңдаушы, кеңесші рөлінде болды.
Сағаттың кіші тілі түнгі бір жарымнан асқанда рация арқылы тағы бір хабар түсті: тұрғындардың айтуынша, көпқабатты үй ауласында бірнеше сағат бойы қозғалыссыз тұрған күмәнді көлік бар екен. Ішінде ешкім жоқ, есігі жартылай ашық. Полиция көлігі оқиға орнына жылдам жетті. Капитан Ж.Кәкімсейітов алдымен аумақты шолып шықты, көлік айналасы тексерілді. Қауіпсіздік мақсатында ішке де үңілді. Көлік ішінде адам да, күдікті зат та болған жоқ. Есік толық жабылмаған, сірә, иесі асығыс кеткен болуы мүмкін. Бірақ мұндай хабарламаның ешбірі назардан тыс қалмайды.
– Жай тұрған көлік те қауіп көзіне айналуы мүмкін. Әр шақыртуды тексеру – біздің мін-дет, – дейді капитан Ж.Кәкімсейітов.
Көлік иесі анықталып, түсіндіру жұмысы жүргізілді. Оқиға қауіпсіз аяқталғанымен, бұл – сақтықтың, кез келген мәліметке мән берудің маңызын көрсеткен эпизод болды.
– Кез келген жағдайға бізді жібереді, қайта бүгін аптаның ортасы жұмыс күні шақырту аз, адам аз. Жұма, сенбі, жексенбі күндері келуің керек еді. Адаммен сөйлескенде қиындықтар туады. Заң білмегендіктен өзіңе қарсы шығады. Адамдар бос уақытында заң оқыса, қайта бізге де жақсы. Білмейтін жерін, заңды түсіндіріп айтсаң, «ондай жоқ» деп тыңдамайды. YouTube, TikTok сияқты әлеуметтік желілерден бізге қарсы бейнежазбалар қарап алады да, оның рас-өтірік немесе бар-жоғын білмей, соған еліктейтін адамдар көп. Заң жүзінде түсіндіріп жатсаң, қарсы шығады. Айтарым: халық құқықтық сауатты оқып, көзі ашылса деймін. Қиындықтың бәрі сол адамдармен жұмыс істеген кезде болады. Ештеңе түсінбей, ақ-қарасын ажыратпай, қарсылық танытады. Бөлімшеге апарсақ, оған ренжиді. Жалпы, сондай дүниелер өте көп, – дейді аға лейтенант Мінтемір Әбілқайыр.
Бір күн бойы полиция қызметкерімен бірге жүріп, олардың жұмысының сырт көзге көрінбейтін, бірақ маңызды тұстарын түсіндім. Тәртіп пен заңды сақтау үшін тек қатаң мінез емес, үлкен сабыр, мейірім және адаммен жұмыс істей білетін икем керек. Полиция формасының ар жағында жай ғана қызметкер емес, сенім мен жауапкершілікті ұстаным ретінде қалыптастырған адам тұр. Полиция қызметі – бұл жай ғана құқық бұзғанды ұстау емес. Бұл – адамдар арасындағы дауды шешу, қауіптің алдын алу, кейде жан-жақты тыңдап түсіндірумен қатар, ел тыныштығын күзетіп тұрған азамат екенін түсіндік. Айта кету керек, биыл – Қазақстан полициясының құрылғанына 33 жыл. Осыған орай, жыл сайын 23 маусымда бейбіт күнде қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін күзететін Полицейлер күні аталып өтеді.
Абылайхан ДҮЙСЕНБЕК, ЕҰУ студенті