Шымкентте сөйлесіп жүрген 17 жастағы қызын азаптап өлтіріп, мәйітін қорлап, оны бейнежазбаға түсірген жігітке қатысты сот басталды, – деп хабарлайды Аikyn.kz. сайты Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға наурыз айының 12-де болған. Студент қыз жігітке енді мазаламауын сұрап, ұялы телефонда қара тізімге жіберген. Бұған шыдамаған күдікті оны өлтіруге бел буған.
Прокурордың айтуынша, ол базардан арнайы пышақ сатып алып, көлік жалдаған. Сөйтіп 17 жастағы студентті университеттен алып кеткен. Жол бойы екеуі ұрсысқан. Содан жігіт қала шетіне тоқтап, ақыры арам ойын жүзеге асырған.
“Сол жақ көкірек тұсына бір рет, арқа тұсынан екі рет соққы жасаған. Ерланқызының өлгеніне сенімді болу үшін оның мойын аймағын сол қолындағы пышақпен бірнеше жарақат салып, өлгеніне көз жеткізген. Осыдан соң Тойлыбай өзінің қылмыстық әрекетін тоқтатпастан, жәбірленуші Ерланқызының киімін толық шешіп, жалаңаш денесіне қарап отырған”, – дейді мемлекеттік айыптаушы Әскербек Пошимов.
Күдікті қаршадай қызды азаптап өлтіргенімен қоймай, мәйітін қорлап, видеоға түсіріп алған дейді айыптаушы. Осыдан кейін досына барып, екеуі марқұмды қапқа салып, елді мекенге тастап кеткен.
Үйге оралмаған қызын іздеген ата-ана полицияға арызданған. Бір күн ішінде күдікті де, мәйіт те анықталған. Марқұм үйінде 5 баланың ортаншы перзенті болыпты.
“Сіңлім өте ақжарқын, тік мінезді, өжет қыз еді. Қайғылы жағдай бірінші курста оқып жүргенінде болды ғой. Жаңалықтан “қыз зорланды, қыз өлді” деген ақпарат естігенде қыздардың намысын қорғайтын заңгер боламын деуші еді. Қыршын кетті. Қимаймыз. Мұндай ауыр қылмыс істеген адам жай қалмауы керек. Өмір бойына бас бостандығынан айыруын сұраймын”, – дейді марқұмның әпкесі Аружан Ерланқызы.
Қызды өлтірді деп күдікке ілінген 19 жастағы жігіт адам өлтіру бабымен жауапқа тартылды. Ал мәйітті қапқа салуына көмектескен досы қылмысты жасыру бабымен айыпталды.