Қазақстан да соңғы жылдары инвестициялық саясатқа басымдық беріп, сырттан қаржы әкелемін дегеннің «бетін қақпауға» бекінген. Тіпті, осы мақсатта Мемлекет басшысы мұхит асып, АҚШ-тың алпауыт компанияларымен ауқымды келіссөз жүргізіп келеді. Бүгінде сол келіссөздердің алғашқы нәтижелеріне куә болып отырмыз.
Еуразиялық зерттеулер институтының дерегіне сүйенсек, соңғы он жылда, яғни 2015 жылдан 2025 жылдың алғашқы тоғыз айына дейін, АҚШ-тан Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 28,9 миллиард долларға жеткен. Бұл – тұрақты әрі ұзақмерзімді әріптестіктің дәлелі. Инвестиция – жай сауда емес, ол өндіріс ашу, технология әкелу, жұмыс орындарын құру деген сөз.
«2025 жылдың қарашасында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-қа жасаған сапары кезінде өткен «C5+1» саммиті осы үрдісті бекіте түсті. Нәтижесінде, жалпы құны шамамен 17 миллиард доллар болатын 29 екіжақты келісімге қол қойылды. Бұл келісімдер өнеркәсіп, энергетика, медицина, цифрландыру, білім беру және инновация салаларын қамтыды», – дейді институт мамандары.
Жобалардың мазмұнына назар аударсақ, олардың ауқымы әртүрлі, бірақ барлығы да экономиканың сапасын өзгертуге бағытталған. Мысалы, Air Astana компаниясы үшін Boeing 787-9 ұшағын сатып алу – авиация паркін жаңартуға қадам.
«Одан бөлек, вольфрам кен орындарын игеру жобасы 1,1 миллиард долларды құрайды. John Deere ауыл шаруашылығы техникасын өндіру жобасының құны – 2,5 миллиард доллар. Жасанды интеллект пен цифрландыру бағытындағы бастамалар 1,3 миллиард долларға бағаланып отыр. Сонымен бірге ұлттық қаржы институттары арқылы шамамен 1 миллиард доллар көлемінде қаржылық келісімдер жасалған», – делінген Еуразиялық зерттеулер институтының мәлімдесінде.
Сарапшылар екі бағытта да белсенді жүргізіліп отырған сәтті жобалардың бар екенін алға тартты. Мәселен, «Самұрық-Қазына» қоры мен шетелдік серіктестердің медициналық клиника құру жобасы, АҚШ-та химиялық кешен салу бастамасы – бұл инвестицияның тек Қазақстан аумағымен шектелмейтінін көрсетеді. Яғни, серіктестік екі бағытта да жүруде.
Сондай-ақ АҚШ-тың Орта дәлізді дамытуға назар аударуы – маңызды көрсеткіштің бірі. Өйткені Шығыс пен Батысты жалғайтын бұл бағыт – Қазақстан үшін тек транзит емес, геоэкономикалық мүмкіндік. Егер инфрақұрылым сапалы дамыса, ел халықаралық логистикалық тізбектердің ажырамас бөлігіне айнала алады.
Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық байланыс туралы сөз болғанда, ең әуелі Қашаған мен Қарашығанақ жобалары, сондай-ақ Chevron компаниясы ойға оралады. Алайда сарапшылардың айтуынша, соңғы жылдары америкалық капиталдың құрылымы айтарлықтай өзгерген. Мәселен, экономист Сапарбай Жобаевтың пікірінше, АҚШ инвестициясы бұрынғыдай тек мұнай-газ секторымен шектелмейді.
– АҚШ инвестициясы дегенде, ең алдымен, ойға Қашаған мен Қарашығанақ секілді ірі жобалар, сондай-ақ Chevron компаниясы оралады. Дегенмен соңғы жылдары бұл тізімге General Electric пен Boeing сияқты алпауыттар да қосылды. Қазір америкалық капитал тек мұнай-газ саласымен шектелмей, сирек металдарды өңдеуге және өндіріс ашуға бағытталып отыр, – дейді экономист.
Оның айтуынша, бұл – инвестиция құрылымының өзгергенінің белгісі. Шынында да, бүгінде вольфрам сияқты стратегиялық элементтерден дайын өнім өндіру жобаларына қызығушылық артып отыр. Электровоз шығаруға қатысатын General Electric компаниясының жобалары соның нақты көрінісі. Ауыл шаруашылығы саласында да қозғалыс бар, John Deere компаниясымен сауда көлемі ұлғайған. Бұл бағыттар америкалық капиталдың өндіріс пен технологияға бет бұрғанын аңғартады.
Дегенмен Сапарбай Жобаевтың сөзіне сенсек, сауда саясаты бөлек мәселе. Дональд Трамп билікке келгеннен кейін шикізатқа қатысты тарифтер айтарлықтай өзгермегенімен, дайын өнімдерге қатысты кедендік шектеулер күшейіп, 27 пайыздық баж салығы енгізілді. Атап айтқанда, атом электр станцияларына қажет уранға және Boeing ұшақтарында қолданылатын титан профильдеріне. Кейін екіжақты келіссөздер нәтижесінде бұл мөлшер белгілі бір деңгейде төмендетілгенімен, тарифтік саясатта өзгерістер әлі де жалғасып жатыр.
Жақында Президент «Бейбітшілік кеңесінің» отырысына қатысып, америкалық компаниялармен бірқатар маңызды келісімге қол жеткізген болатын. АҚШ тарапы жобаларды кластерлік тәсілмен дамытуды ұсынады.
– Яғни, тек шикізат өндірумен шектелмей, оны өңдеп, қосылған құнды өнім шығаруға басымдық беріледі. Мысалы, мыс өндіретін шахта ашылса, кенді байытып, құйма жасап, кейін кабель секілді дайын өнім шығару тізбегі қалыптасады, – дейді Сапарбай Жобаев.
Бұл тәсіл Қазақстан үшін де тиімді, себебі ол өндірістің толық циклін құруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ сарапшы Қытаймен арадағы геосаяси шиеленіс АҚШ-тың сирек металдарға деген қызығушылығын арттырғанын атап өтті. Бүгінде ол электроника, ғарыш және авиация салаларына қажет стратегиялық шикізатты сенімді серіктестерден алуға ұмтылады. Вольфрам, титан, хром, никель, марганец сияқты элементтер осы қатарда. Қазір бұл ресурстар Қазақстаннан, негізінен, Ресей мен Қытайға шикізат күйінде экспортталады. Ал АҚШ-қа тасымалдау қашықтығы алыс болғандықтан, шикізат күйінде жөнелту тиімсіз. Сондықтан оны өңдеп, дайын өнім түрінде шығару әлдеқайда ұтымды.
– Екі ел арасындағы сауда айналымына географияның да әсері бар. Қазақстан Ресей және Қытаймен жылына 25-30 миллиард доллар көлемінде сауда жасайды. Ал АҚШ-пен сауда айналымы 3-4 миллиард доллар шамасында ғана. Бұл айырмашылықты логистика мен қашықтық факторымен түсіндіруге болады. Дегенмен жоғары қосылған құнды өнім экспортын көбейту арқылы бұл көрсеткішті арттыруға аламыз. Дайын өнім жеткізілсе, тарифтік кедергілерді төмендету жөнінде келіссөз жүргізуге де мүмкіндік туады, – дейді экономист.
Қорыта айтқанда, Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық байланыс жаңа кезеңге аяқ басып отыр. Егер сирек металдарды өңдеу, өндірісті жергіліктендіру және кластерлік даму моделі жүзеге асса, бұл серіктестік шикізат саудасынан технологиялық әріптестікке қарай ойысады. Ал бұл өз кезегінде екі ел арасындағы сауда көлемін арттырып қана қоймай, оның сапасын да жақсартпақ.
Кәмила ДҮЙСЕН
