Көне құрақ – қазақтың тұрмысынан тамыр алған, әр бөлшегінде тарих пен тағылым тұнған өнер. Бүгінде сол дәстүр жаңа тыныс алып, заманауи сән индустриясымен үндесіп жатыр. Сән әлемі демекші, кейінгі жылдары бұл салада экологиялық тұтыну мәдениеті қайта күн тәртібіне шыққан. Мұны Толғанай ханымның түстері бір-бірімен үйлесім тапқан дизайнерлік өнімдерінен байқауға болады. Сәнгер 2020 жылы пандемия кезеңінен бері ескі мата қалдықтарын кәдеге жарату арқылы тұрмыстық бұйымдар әзірлеумен айналысады. Қазір сәнгер кәсібін екі бағытта дөңгелетіп отыр. Алғашқысы әрі негізгісі – экоқұрақ болса, екінші бағыты құрақ өнімдеріне қатысы болғанымен, мұнда жоғары сапалы америкалық мақта пайдаланылады.
– Алғашында құрақ көрпені өз қажеттілігіме арнап тігумен шектелдім. Уақыт өте келе оны тек дәстүрлі бұйым ретінде емес, заманауи тұрмысқа бейімдеудің жолдарын іздей бастадым. Мен үшін құрақты күнделікті қолдануға ыңғайлы өнімге айналдыру маңызды болды. Материал ретінде америкалық мақтаны таңдадым. Ол жиі жуғанға төзімді әрі берік келеді. Құрақтың дәстүрлі үлгілерін сақтай отырып, әжелеріміз қолданған ою-өрнек түрлерін негізге алдым. Нәтижесінде жұқа, сырып тігілген, кір жуғыш машинада жууға болатын әрі заманауи интерьерге үйлесетін бұйымдар пайда болды. Осылайша, құрақ жаңа сипат алып, ұлттық болмыс пен қазіргі эстетиканы ұштастырған өнімге айналды, – деді сәнгер.
Алғашында хобби ретінде бастау алған іс кейіннен Толғанай ханымның тұрақты табыс көзіне айналған. Қазір Алматыда сәнгердің арнайы тігін шеберханасы бар. Толғанай Сембаева сәнгер ретінде құрақ топтамаларын әзірлеп қана қоймай, дәл осы шеберханада бірнеше қызметкерін жұмыспен қамтамасыз етіп отырған кәсіпкер. Бір ерекшелігі, сәнгердің бір туындысы екіншісіне ұқсамайды. Себебі шеберханада орналасқан құрақ өнімдерінің әрқайсысы философиялық мәнге ие. Тіптен кейбір құрақтың жасалу технологиясы Толғанай ханымның тағдыр жолымен сабақтасып жатыр.
– Қазақта «ысырап болады» деген ұғым бекер айтылмаған. Кезінде әжелеріміз үйдегі затын ешқашан орынсыз тастамаған, керісінше ескі киімдерді қайта өңдеп, олардан жаңа бұйым тіккен. Бұрын киім адамның энергиясын сақтайды деген сенім болған. Мысалы, киімнің жағасы мен жеңінің ұштарын міндетті түрде кесіп алып, оны өртеп немесе көміп тастаған. Ал қалған бөлігін құрақ көрпе, жастық, көрпе-жабдық немесе киім тігуге пайдаланған. Осы арқылы ата-бабаларымыз үнемшілдікті ғана емес, рухани қорғаныш идеясын да қатар ұстанған. Бұл – қоршаған ортаға залалын тигізбейтін теңдессіз қайта өңдеу тәсілі. Осы әдіс табиғатпен үйлесімді өмір сүрудің, қалдықты кәдеге жарата білудің тамаша үлгісі деп ойлаймын, – деді Толғанай Сембаева.
Business Insider жүргізген зерттеуге сүйенсек, киім өндірісі әлемдік көмірқышқыл газы шығарындыларының шамамен 10 пайызын құрайды. Салыстырмалы түрде бұл халықаралық әуе және теңіз тасымалдарының жиынтық көлемінен де жоғары деген сөз. Сондай-ақ әлемде жыл сайын өндірілген текстильдің 85 пайызы қоқыс полигондарына тасталады. Тіпті, киім жуу процесінің өзі әр жылы мұхиттарға 500 мың тонна микроталшықтардың таралуына әкеледі. Бұл шамамен 50 млрд пластик бөтелкенің көлеміне тең.
– Қазір экология мәселесі – әлемдегі ең өзекті проблемалардың бірі. Адамдар көп мөлшерде зат тұтынып, кейін оны қоқысқа лақтырады. Киім мен маталар ұзақ уақыт бойы ыдырайды, ал кейбірі мүлдем жойылмайды. Сондықтан оларды көбіне өртеуге тура келеді. Ал бұл өз кезегінде ауаны ластайды. Тігін шеберханалары мен цехтарда да пайдаланылмай қалған мата қалдықтары көптеп кездеседі. Олар негізінен қоқысқа тасталады. Біз көпшілікті осындай артық мата қалдықтарын кәдеге жаратуға шақырамыз. Көпбалалы және ерекше балаларды тәрбиелеп отырған аналарды құрақ тігуге баулып, олармен бірге жастық, құрақ шапан, шоппер және т.б сияқты бұйымдар тігеміз. Осындай бастамамыз арқылы экологияны қорғауға және тігін қалдықтарын тиімді пайдалануға өз үлесімізді қосып келеміз. Барша жанашыр жанды осы игі іске қосылуға шақырамыз, – деді кәсіпкер.
Десе де, Толғанай ханым кейінгі уақытта адамдар ақырындап болса да құрақ өнімдерінің экологиялық мән-маңызын саналы түрде ұғына бастағанын айтады. Оның сөзінше, тұтынушылар сәнгердің өнімін эстетикадан бұрын мазмұнға бай тұтас құндылық болғаны үшін сатып алатын болған.
– Бүгінде көпшілік экологиялық өнімнің маңызын түсініп, бағалай бастады. Көп жағдайда тұтынушылар бұйымды тек әдемілігі үшін емес, оның экологиялық, ұлттық және тарихи мәні үшін таңдайды. Кейбір сатып алушылар бізге анасының, әжесінің немесе әкесінің киімдерін, орамалдарын әкеледі. Біз солардан құрақ панно жасап, оған ерекше мағына мен естелік сыйлаймыз. Мұндай бұйымдар үйге эстетикалық сұлулық беріп қана қоймай, отбасының жылуы мен өзіндік тарихын сақтайды, – деді ол.
Кәсібін қолға алғанына көп бола қоймаса да, аз уақыттың ішінде сәнгердің авторлық топтамасы шетелдіктер тарапынан жоғары бағаланып үлгерді. Толғанай ханымның өнімдеріне Қазақстаннан ғана емес, АҚШ, Канада, Швейцария, Өзбекстан мемлекеттерінен тапсырыстар түсе бастаған. Әсіресе, сәнгер мұхиттың ар жағындағы америкалықтардың ерекше ынта танытып, шапандарды көптеп сатып алғанын мақтанышпен еске алады.
– Шетелдік аудитория қазақтың құрақ өнерін ерекше таңданыспен қабылдайды. Олар құрақ өнімін нағыз құнды дүние, қолөнер туындысы ретінде бағалайды. Шетелдіктер қолмен жасалған еңбектің қадірін жақсы түсінеді. Олардың арасында қазақ мәдениетінің жанкүйерлері мен тұрақты сатып алушыларымыз да бар. Осының арқасында Қазақстан туралы ақпарат әлемге кеңінен таралып, адамдар тарихымыз бен мәдениетімізбен жақынырақ таныса бастайды, – деді Т. Сембаева.
Сәнгер құрақ – өткеннің сарқыншағы емес, болашақтың бір бөлігі деп біледі. Дәстүр сабақтастығы үзілмей, заманмен жаңарып отырса, ұлттық құндылықтың ғұмыры да өміршең болмақ. Толғанай Сембаева келешекте ісін алға жылжытып, кәсіпкерліктің өрісін кеңейтпек ниетте.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы
