in

Қамқорлық – анаға, жәрдемақы – балаға

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы төлеу мерзімі 1 жылдан 1,5 жылға (18 айға) ұзартылды. Бұл өзгеріс – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы Жолдауында айтылған бастаманың бірі. Әлеуметтік кодекске енгізілген осы өзгеріске сәйкес бала туу және бала күтімі бойынша төлемдер мен жәрдемақылардың құқықтық негізі жаңартылды.

2025 жылғы 1 қаңтардан бас­тап көпбалалы отбасыларға таға­йындалатын мемлекеттік жәрдем­ақылардың мөлшері 6,5%-ға арт­ты. Дегенмен балаға берілетін жәрдемақы мәселесінде «Бала­ларға берілетін жәрдемақы бар­лық балаға бірдей беріле ме?», «Ба­ла күтіміне байланысты төле­нетін жәрдемақы 3 жасқа дейін ұзаруы мүмкін бе?» деген түйткілді сұрақ бар. Жиі көтерілгенімен, бұл сұраққа тұшымды жауап әлі айтыла қойған жоқ. 

Жақында вице-премьер Ер­мек Көшербаев декреттегі ана­ларға бала күтімі үшін берілетін ай сайынғы жәрдемақыны 3 жасқа дейін ұзартуға қатысты сұраққа жауап берді. 

– «Декреттік демалыстағы ана­ларға жәрдемақыны 1,5 жыл­дан ұзақ уақыт төлеуге бола ма?» деген сауал жиі қойылады. Мен, тіпті, 3 жылға дейін төлеуге қарсы емеспін. Ақша болса, әрине, тө­лей­міз. Бірақ басты сұрақ – қара­жатты қайдан табамыз? – деді вице-премьер. Сондай-ақ ол жәр­демақы көлемінің қысқартыла­тыны жөніндегі қауесеттерді жоқ­қа шығарды және жәрдемақы­ның көлемін ұлғайту үшін бағдарла­маларға сәйкесінше, «оптими­зация» мен ревизия жасалуға тиіс екенін айтты.

– Көп жағдайда бағдарлама­лар бір-бірін қайталайды. Сол сияқты ваучерлік бағдарламалар да діттеген жеріне жете ме, жоқ па деп күмәнданып жатамыз. Түрлі жұмыс қазір қолға алынып, жүр­гізіліп жатыр, – деді Ермек Кө­шербаев.

Жалпы, елімізде балаға бері­летін жәрдемақылар саны аз емес. Мәселен, «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдем­ақы­лар туралы» ҚР заңына сәй­кес, жұмыс істейтін немесе жұмыс істемейтін әйелдер үшін бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның кү­тіміне байланысты ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Одан бөлек, босанған анаға бері­летін бірреттік жәрдемақы – сү­йіншіпұл бар, декретке шыққанға дейін жұмыс істеген әйелдер үшін біржолғы әлеуметтік төлем бері­леді. Сондай-ақ әлеуметтік осал топтарға атаулы әлеуметтік көмек секілді мемлекеттен бөлінетін жәр­демақылар бар. Алайда осы «Жәрдемақылар діттеген мақсатта жұмсалып жатыр ма? Мұқтаж от­басы бұл жәрдемақыларды толық ала алып отыр ма?» деген сұрақ­тардың да «құлағы» жиі қылтиып қалады. Көптің көкейіндегі бір­қатар сұрақтарды қоғам қайрат­кері, ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері, отбасы-демогра­фия­лық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшесі Гүлнар Ома­роваға қойған едік. 

– Мемлекеттің қазіргі уақытта бала күтімі үшін 3 жасқа дейін жәрдемақы төлейтін мүмкіндігі жоқ. Бюджет тапшы. Бірақ бүгінгі жағдайда мемлекет балаға аз қар­жы жұмсап отырған жоқ. Нақты назарға алатын мәселе, «Мемле­кеттің балаға арнап бюджеттен бөлген қыруар қаржысы ата-ана­ға толық жетіп отыр ма?» деген сұрақ өзекті, – дейді қоғам қай­раткері, ҚР Президенті жа­нын­дағы әйелдер істері, отбасы-демо­гра­фиялық саясат жөніндегі Ұлт­тық комиссия мүшесі Гүлнар Омарова. 

Жемқордың жемсауы ма?

Себебі Үкіметтен атаулы кө­мек алатындардың арасында қал­талы азаматтардың да кезігіп қалатыны, нағыз тұрмысы төмен отбасылардың шөміштен жиі қағылатыны немесе аталған атау­лы көмекті атап тұрып балаға ар­найтын ата-ананың аз екені ту­ралы жиі айтылып та, жазылып та жатады. 

Жақында Сенат депутаты Бекболат Орынбеков: «Атаулы әлеуметтік көмек алып отырса да 6 үйден 12 үйге дейін мүлкі бар 15 отбасы анықталды. Ал 1,5 мың отбасының коммерциялық мүлкі бар болып шықты. Осыған қарап-ақ бұл саладағы қазіргі әдістерді түбегейлі өзгерту керек екенін түсінеміз», – дей келе, Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыповадан «Атаулы әлеуметтік көмек мұқтаж жан­дарға емес, бай адамдарға да бе­ріліп отыр, бұны тоқтату үшін не істейсіздер?» – деп сұрады.

С.Жақыпова тиісті бұйрыққа қол қойылғанын, сол арқылы енді АӘК алатын әр адам өзінің банк құпиясын ашуға рұқсат беруге келісуі керек екенін айтты. Сонда дейміз-ау, бұл жәрдемақы деген «қара қазан, сары бала» қамы ма, әлде қолы ұзын аздаған топқа арналған дайын жемсау ма?

Мемлекет басшысы атаулы әлеуметтік көмек беріле бастаған 2019 жылдан бері «АӘК беру тетігі ашықтықты, әділдікті, еңбекке ынталандыруды қамтамасыз етуі тиіс» дегенімен, бұл төңіректегі «бармақ бастып, көз қысты», «жең ұшынан бөліп алу» сияқты әре­кеттерге тосқауыл болмай тұр­ған­ға ұқсайды. Атаулы көмек алып жүрген 15 қалталы от­басының анық­талуы, 1,5 мың от­басының коммерциялық мүл­кінің болуы немесе үкіметті «ал­дап», мұқтаж емес болса да отба­сының әр мү­ше­сіне ақша алып отырған бай от­басылар бар екен­дігі Гүлнар Ома­рова айтқандай, мемлекет бөл­ген қыруар қаржы­ның мақсат­сыз жұмсалуының айғағы емес пе?! 

«Бала капиталы» қажет

Жәрдемақы – бұл жай сандар емес, балаға деген жанашырлық, қамқорлық. Оның артында сә­би­дің тамағы, киімі, күтімі, ананың алаңсыздығы мен отбасының ты­ныштығы тұр. Сондықтан «қас­қал­­дақтың қанындай» ғана қа­ражатты әрбір баланың қажет­­ті­лігіне жаратқан абзал.

– Мемлекет бөлген жәрдем­ақы мақсатты жұмсалуы үшін әр­­бір балаға арнап «Бала капи­та­лын» енгізу қажет, – дейді Г.Омарова.

Оның айтуынша, бала ка­питалы – материалдық, қаржы­лық, зияткерлік салым. Меди­ци­налық қызмет көрсету, білім беру, әлеуметтік қорғау, жалпы бала­лар­дың дарыны мен қабілет­терін дамытуға жұмсалатын қаражат.

– Ол үшін балаларға қажет қыз­меттерді тарификациялау қа­жет. Балалар капиталына арнал­ған барлық мемлекеттік төлемдер та­рифқа сәйкес әр ауыл, әр қала ба­ла­сына жетуге тиіс. Әр отбасы, әр ата-ана баланы аяғына тұрғызу үшін мемлекеттен бөлінген қар­жыны тиімді әрі толыққанды қа­же­тіне жаратуы керек. Мәселен, цифр­­лы заманда әр адамның есеп­шотына айыппұл қалай жыл­дам келеді, дәл солай әр адамға, әр ба­лаға жан басына шаққандағы бала капита­лына бөлінген қаржы дәл солай каспий кошелек сияқты әмиянға келіп түсуі керек, – дейді ол. 

Мемлекет толық цифрлы те­тікке ауысып жатқанда бюджеттік, бюджеттік емес қаржылан­ды­рудың барлығы ашық түрде цифр­ландырылуы қажет екеніне тоқ­талған Г.Омарова:

– Интерактивті ашық бюджет картасының көмегімен «Бала ка­питалы» жобасын тез арада енгізу керек. UNICE Халықаралық ұйымдарының COVID-19 індеті кезіндегі баяндамасына сәйкес, барлық балаға әмбебап жәрдем­ақы беру қажет. Сондықтан біздің бұл ұсынымыз өте орынды деп санаймыз. Ашық мемлекттік бюд­жет арқылы «бала капиталында» қанша қаражат орта білім алуға, қанша қаражат спортқа жұмсал­ғаны, жан басына шаққандағы нақты механизмі сияқты есептеуге болады. Айталық, ана баласын педиатрға әкелді – дәрігер тарифі, диагноз қойылды, қандай тегін мемлекеттен дәрі берілу керек аты мен сомасы тарификацияға сай шегеріліп отырса. Яғни, бюджет­тік немесе бюджеттен тыс балаға бөлінетін барлық қаражат ашық, нақты көрсетілсе және оның қан­дай мақсатта жұмсалғаны да ашық, нақты көрсетілсе. Әр ме­кеме басшысы ол қаражатты тиім­ді басқарса және қажетті қаражат қажетті бағытта жұмсалса тез ара­да әлеуметтік жүйе жөнге ке­лер еді. Қоғамдық бақылау бола­тын еді. Жемқорлық азайып, қа­ражатты тиімді басқарар еді, – деді.

2023 жылы елімізде Әлеуметтік кодекс қабылданып, сала маман­дары кодексте саланы реттейтін барлық заң біріктіріліп, бір жүйеге келтірді. Осының арқасында мем­лекеттен кім, қандай жағдайда және нендей көмек ала алатыны нақты бекітілді атап өткен бо­ла­тын. Алайда әлеуметтік саланың қордаланған мәселесі мен олқы­лықтары әлі де шашетектен десек болады. Өйткені вице-премьер Е.Кө­шербаевтың өзі «көп жағдай­да бағ­дарламалар бір-бірін қайта­лай­ды» деген-ді. Ал вице-пре­­­­­­мьер­дің «түрлі жұмыс қазір қолға алынып, жүргізіліп жатыр» деп, қандай жұмыстарды айтқанын алдағы уақытта білетін болармыз.

 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ