in

“Қасақана зақым келтірген”: “Сергек” камерасына оқ атқан жігіт жауапқа тартылды

Жамбыл облысы Байзақ ауданында жергілікті тұрғын “Сергек” камерасына оқ атқан. Сол үшін жамбылдық жігіт жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Байзақ аудандық соты бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру фактісі бойынша М.-ға қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы істі қарады.  Сот 2025 жылдың желтоқсанында азамат М.-ның “Сарыкемер-Түймекент-Ақшолақ” тасжолында пневматикалық мылтықпен оқ атып, “Сергек” бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеу камерасына қасақана зақым келтіргенін анықтаған. Келтірілген залал  ішінара өтелді дегенімен, жәбірленуші тарап залалдың толық көлемде өтелмегенін көрсеткен. 

“М.-нің кінәсі хаттамамен, полицияның хабарламасымен, жәбірленушінің жазбаша арызымен және құқық бұзушының айғақтарымен дәлелденді. Сот кінәні мойындауын жеңілдететін мән-жай ретінде таныды, ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. ӘҚБтК-нің  147-1-бабы 1-бөлігінің санкциясы 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салуды не 5 тәуліктен 20 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуды көздейді”, – деп жазылған Жамбыл облыстық сотының әлеуметтік желідегі ресми парақшасында.

Сот қаулысымен М. ӘҚБтК-нің 147-1-бабы  1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 196 мың теңге көлемінде айыппұл тағайындалған. Қаулы заңды күшіне енген.