in

Қасымбекті мақтап, "елдің ең осал тұсын" атады: Тоқаев Астанадағы жиында не деді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Таза Қазақстан" акциясына қатысушылар алдында сөз сөйледі, деп хабарлады astana24.com Ақордаға сілтеме жасап.

Жеңіс Қасымбек пен көмекшілерінің қажырлы еңбегінің нәтижесі

"Бүгінде Қазақстан тарихи, тағдыршешті дәуірге қадам басты. Қоғамның барлық саласында ауқымды реформалар жасалды. Мемлекетіміздің саяси жүйесі түбегейлі жаңарып, жаңғыруда.

Ел экономикасы да тың қарқынмен өсіп-өркендеуде. Қазақстанның әр аймағында әлеуметтік маңызы зор нысандар – мектептер, емханалар, мәдениет және спорт мекемелері бой көтеріп жатыр.

Ұлан-ғайыр жерімізде ондаған мың шақырым автокөлік жолы мен теміржол салынуда. Бұл жұмыс тоқтамайды, Қазақстан үлкен құрылыс алаңы, басқа сөзбен айтсақ, жасампаздық мекені болуы керек.

Құрылыстың сапасы өте жоғары болуы қажет. Мен өз басым осы мәселеге баса назар аударып, бұл жұмысты қатаң бақылауда ұстаймын. Аталған нұсқау мен тиісті ережені бұзатын адамдар заңымыз бойынша міндетті түрде жазаға тартылады.

Біздің мақсатымыз – айқын. Біз халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, әр азаматқа мейлінше қолайлы жағдай жасау үшін табанды еңбек етуіміз керек.

Осы тұрғыдан алғанда, Астана – Қазақстанның айнасы, бетке ұстар басты қаласы екені сөзсіз.

Қазір елордамызды жаңашыл, жасампаз азаматтардың құтты мекені деп айтсақ, қате болмайды. Астанамыздың көркі артып келе жатыр.

Бұл да – қала әкімі Жеңіс Махмұдұлы Қасымбек пен оның көмекшілерінің табанды жұмысы мен қажырлы еңбегінің нәтижесі", – деді президент.

Бір сәт Тик-Токтан бас көтеріп, мұндай міндеттеме тағы қандай елде бар екенін қарап көріңіздер

"Қазақстан – шын мәнінде әлеуметтік мемлекет. Ол құр сөз емес. Мәселе әлеуметтік қамсыздандыруға жұмсалатын орасан зор қаржы көлемінде де емес. Әйтсе де бұл тақырыпты қозғауға тура келеді.

Мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерінен ешқашан бас тартпайды. Өйткені бұл міндет Конституциямызда анық әрі тура жазылған.

Ата заңның мәтінінде "Қазақстан Республикасының азаматтары заңда белгiленген медициналық көмекті ақы төлемей алуға құқылы" деген арнайы бап бар. Яғни мемлекет кепілдендірілген көлемде тегін медициналық көмек береді. Бір сәт Тик-Токтан бас көтеріп, мұндай міндеттеме тағы қандай елдің Конституциясында бар екенін қарап көріңіздер.

Қазақстанда ғана бюджеттен төленетін медициналық көмек мемлекетіміздің әр азаматына, тек өз халқымызға ғана емес, шетелден келген әрбір қандасқа, тіпті елімізде тұруға рұқсаты бар шетелдік азаматтардың кейбір санатына да ұсынылады.

Басыңыз ауырып, балтырыңыз сыздаса, сізге жай ғана аспирин бере салмайды, учаскелік дәрігер қабылдап, тексереді, диагноз қояды. Денсаулығыңызға қауіп төнген жағдайда жедел көмек көрсетіледі. Диабет, онкология, туберкулез және басқа да кең таралған сырқат түрлеріне ем-дом жасалады. Науқастарға дәрі-дәрмек тегін беріледі, жедел жәрдеммен, тіпті санитариялық авиациямен қамтамасыз етіледі (Жақында ауыр дертке шалдыққан бір ғалымды Италиядан алып келді)", – деді Тоқаев.

Менің ұсынысыммен құрылған "Қазақстан халқына" қорын ұмытпағанымыз жөн

"Тегін медициналық қызметтердің тізімі мұнымен түгесілмейді. Азаматтарымыздың басым бөлігі оның игілігін көріп жатыр.  Бір қызығы, неге екені белгісіз, ақысыз медициналық көмекке жүгінушілердің саны жазғы демалыстан кейін күзде, қыста және ерте көктемде күрт артып, келесі демалыстарға дейін жалғасады.

Айтпақшы, менің ұсынысыммен құрылған "Қазақстан халқына" қорын ұмытпағанымыз жөн. Аталған қор көп көмек көрсетеді, әсіресе  ауыр дертке шалдыққан балаларға қол ұшын созады.

Дәрігерлердің мәліметі бойынша мұндай жеңілдіктерді өткен ғасырдағы соғыстар мен қақтығыстарға, апаттарды жоюға қатысқан "ардагерлер" пайдаланып жүр.

Бұл оқиғалардың бәрі тарих қойнауына кетті, бірақ, неге екені түсініксіз, ардагерлер жасара береді", – деді мемлекет басшысы.

Қазақстанда ғана босанған әйел үш жылға декреттік демалысқа шыққанда жұмыс орны сақталады

"Әлеуметтік салада, әсіресе, түрлі деңгейдегі мүгедектікті айқындаған кезде әлі де заңды белден басу фактілері кездесетінін осыдан-ақ аңғаруға болады.

Біз кездері мүгедектігі бар жандар 800 мыңнан асып кетті, ал халық саны – 20 миллион. Бейбіт заманда бұған сену қиын. Жазушы Чеховтің сөзімен айтсақ, "Бұлай болмауға тиіс, өйткені олай болуы ешқашан мүмкін емес".

Қазақстанда ғана босанған әйел үш жылға декреттік демалысқа шыққанда, қаржылық пакеті мен жеңілдік төлемдері, ең бастысы, жұмыс орны сақталатынын еске салғым келеді. Мемлекет жас аналарды, кем дегенде, бұрынғы жұмысына орналастыруға міндетті.

Халықаралық рейтингтерде ұдайы көш бастайтын елдердің бірқатарында мұндай әлеуметтік жеңілдіктер жоқ, болуы да мүмкін емес.

Ол жақта босанған аналар жарты айдан кейін қызметіне оралуға асығады, әйтпесе жұмысынан айрылады. Мемлекет кепілдік беретін тегін көмек жайында естімеген, ондай әлеуметтік қолдау шаралары бар дегенге сенбейді де.

Ал біз мұны ашық айтпаймыз. Халықаралық рейтингтерде 30, 40, 50-орындарда, тіпті, одан да төмен сатыда орналасамыз. Азаматтарға қандай қамқорлық көрсетіліп жатқанын ешкім білмейді", – деді президент.

"Гүлденген социализмнің" тұсында да мұндай қамқорлық болмаған

"Сол сияқты бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамту дегенді көз алдарына елестете алмайды.

Аз қамтылған немесе ауқатты отбасыдан шыққанына қарамастан, 1-4 сынып оқушыларының барлығына ыстық тамақ беріледі. Мұны жақсы білесіздер.

Талаптар мен нормаға сай, таңғы және түскі ас бала күні бойы алуға тиіс құнардың 40 пайызын өтеуі керек. Мұндайды қай елден көрдіңіздер?

Сондай-ақ шұжық, фастфуд, газдалған сусын секілді зиянды тағам түрлерін мәзірден толығымен алып тастадық, қант пен тұз мөлшерін азайттық. "Гүлденген социализмнің" тұсында да мұндай қамқорлық болмаған.

Парламенттің бұрынғы құрамы заңнамаға есту қабілеті бұзылған балаларға арнайы құрылғыны ақысыз беру туралы өзгерістер енгізу қажет деп ұйғарды. Мұндай аппараттар шетелде шығарылады. Сондықтан Үкімет тез арада отандық өндірісті жолға қоюы керек.

Жалпы, Үкімет Құрылтаймен және қоғамның белсенді өкілдерімен бірлесіп, әлеуметтік көмектер мен жеңілдіктердің мақсатқа сай берілуін қамтамасыз етуі қажет.

Бір сөзбен айтқанда, мемлекет шын мәнінде мұқтаж жандарға көмек қолын созуға міндетті. Сонда ғана әділдік салтанат құрады.

Бұл жұмыстан осы аттас партия да тыс қалмайды деп сенемін", – деді Тоқаев.

Бұл – біздің ең осал тұсымыз

"Біз цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту жолында нық қадам бастық. Табыстарымыз көзге көрініп тұр, оны күнделікті өмірде пайдаланып та жүрміз.

Бұған дейін атап өткенімдей, елордадағы Урбанистика орталығының тәжірибесін таратудың маңызы зор. Олар қала кеңістігін дамытуда заманауи тәсілдерді сәтті қолданып келеді.

Орталық елорданың бірыңғай сәулет стилін айқындайтын үлгілер мен дизайн-код әзірлеуде. Әрине, шетелдік тәжірибе де пайдаланылады. Бұл – қажет іс.

Барлық өңірде осы іспетті орталықтардың жұмысын уақыт оздырмай жолға қою қажет. Олар шаһарлардың біртұтас әрі үйлесімді келбетін қалыптастыруға тиіс.

Сонымен қатар үкімет пен әкімдер қала және ел ішіндегі, яғни ірі немесе шағын қалалардан тысқары жолдардың сапасына баса назар аударуы керек.

Бұл – біздің ең осал тұсымыз, оны мойындаған жөн. Мұны ешкім шеше алмады немесе шешуге құлық танытпады. Масқара жағдай. Оны саботаж деуге болады. Заң аясында қатаң шаралар қолданамыз", – деді мемлекет басшысы.

Еліміздегі және шетелдегі барша еріктілерді шын жүректен құттықтаймын

"Cіздер – жас, жігерлі азаматсыздар. Волонтерлік қызметпен айналысып жүрсіздер. Өте дұрыс. Мен еріктілердің еңбегін қолдаймын. Бұл – елге шынайы жанашыр болудың нақты көрінісі.

Біз 2020 жылды Волонтер жылы ретінде атап өттік. Сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымында сөйлеген сөзімде мен Халықаралық волонтерлер жылын белгілеу туралы бастама көтердім. Бұл ұсынысымды әлем елдерінің барлығы дерлік қолдап, 2026 жыл Халықаралық волонтерлер жылы болып жарияланды. Бұл жыл сіздерге арналды.

Бұдан бөлек Қазақстан – волонтерлік қызметті ең жоғары заң деңгейінде, яғни Конституцияда бекіткен санаулы мемлекеттердің бірі. Осы орайда, еліміздегі және шетелдегі барша еріктілерді шын жүректен құттықтаймын!

Сондай-ақ мен былтыр Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен елімізде "Таза Қазақстан" бірегей жобасы табысты жүзеге асырылып жатқаны туралы айттым

Соның негізінде БҰҰ Бас Ассамблеясының 80 сессиясында 22 сәуірді "Халықаралық жер шарын көгалдандыру күні" деп жариялауды ұсындым. Бұл бастаманы да Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының барлық мүшесі түгел қолдады деуге болады.

Мұның бәрі Қазақстанның дүние жүзіндегі озық үрдістерді терең түсініп, заман талабына сай дамып келе жатқанын көрсетеді. Осылайша, еліміз әлемдегі бейбітшілікті сақтауға өзінің елеулі үлесін қосып отыр.

Еліміздің болашағы – сіздер сияқты білімді, белсенді, көзі ашық, көкірегі ояу, талапты жастардың қолында!

Жолдарыңыз әрдайым ашық болсын!

Баршаңызға амандық және сәттілік тілеймін!", – деп сөзін аяқтады Тоқаев.