Лотос – сирек кездесетін, табиғи сұлулығымен ерекшеленетін өсімдік. Бір ғажабы, әйгілі лотос гүлі – Жапония, Қытай, Үндістан сияқты санаулы елдерде ғана кездесетін сирек өсімдік. Ал Қиғаш бойы – жабайы лотос өсетін Қазақстандағы жалғыз табиғи мекен. Оның гүлдеу кезеңі – шілде мен тамыз айлары аралығы – туристер үшін нағыз қызықты сәт. Бұл кезеңде Қиғаш өзенінің сағасында өсетін лотос алқаптары табиғаттың керемет көрінісіне айналып, мыңдаған туристің қызығушылығын тудырды.
«Lotus Fest – 2025» халықаралық фестивалі тамыздың ортасына дейін жалғасады. Фестивальдың алғашқы күнінен-ақ оған 5000-ға жуық турист келуі өңірдің жоғары туристік әлеуетін көрсетеді. Фестивальдың алғашқы күні 550-ден астам қайық рейсі орындалған. Бұл шамамен 3000 туристің лотос алқаптарын су бетінде тамашалағанын білдіреді. Бұл көрсеткіштер – бұрын табиғат туризмімен көп танылмаған Атырау облысы үшін рекордтық жағдай болып отыр.
Фестиваль аясында ұйымдастырылған 20-дан астам киіз үй, этноауыл, ұлттық спорт түрлері, қолөнер мен ұлттық тағамдар жәрмеңкесі – барлығы ішкі және шетелдік туристерге қазақ халқының мәдениетін терең таныстыруға бағытталған.
Атап өту керек, фестиваль аясында ұлттық тағамдар мен қолөнер жәрмеңкесі туристердің ерекше қызығушылығын тудырды. Қолөнер жәрмеңкесінде Құрманғазы ауданынан 25, облыстың басқа аудандарынан 10 және Ресейден келген 3 кәсіпкер өз өнімдерін ұсынды. Осылайша, ресейлік кәсіпкерлер фестивальға қатысып, трансшекаралық туризм бағытында ықпалдастық орнауына түрткі болды. Қонақтар әртүрлі бұйымды тамашалап, ұлттық тағамдардан дәм татты. Гастрономиялық аймақта қазақтың дәстүрлі тағамдары мен түрлі жеңіл-желпі тағамдар ұсынылды. Бұл қонақтар үшін жергілікті мәдениетпен танысудың тамаша мүмкіндігі болды. Этнотуризм қазіргі жаһандық трендтердің бірі болып саналатынын ескерсек, бұл – Атырау облысының туризм саласын әртараптандырудағы маңызды бастама.
Туған өлкені тану
«Lotus Fest – 2025» фестивалі аясында Атырау қаласынан келген Atyrau Nomads туристік клубы табиғат аясында отбасылық демалыс ұйымдастырды. Сапарға 150-ден астам адам, оның ішінде ересектер мен балалар қатысты. Туристер 30 автокөлікпен келді.
Клуб қатысушылары 26 шілдеде фестиваль аумағында орналасты, ал 27 шілде күні таңғы 07:00-де Қиғаш өзеніндегі лотос алқаптарына сапар шекті. Гүлдеген лотостарды су үстінде тамашалау үшін 15 арнайы қайық ұйымдастырылды.
Клубтың негізін қалаушы Ерлан Туралиевтің айтуынша, қатысушылардың басым бөлігі лотосты алғаш рет көреді. Atyrau Nomads клубы үшін бұл екінші сапар – 2022 жылы мұнда табиғатқа арналған танымдық тур өткізген.
– Лотос – балалармен бірге көруге тұрарлық сирек табиғи құбылыс. Біз бұл жолы бүкіл отбасымызбен келіп, балаларымызға туған өлкенің бай табиғатын көрсеткіміз келді. Мұндай сапарлар қоршаған ортаға деген сүйіспеншілікті тәрбиелейді, – дейді клубтың негізін қалаушы Ерлан Туралиев.
Atyrau Nomads – белсенді туристерді біріктіретін клуб. Бұған дейін олар Қазақстанның әртүрлі өңірінде, соның ішінде Маңғыстау облысындағы Бозжыра үстіртінде болған. Келесі отбасылық сапарларын тамыз айында Бөкейорда ауданына жоспарлап отыр. Аталған сапар ішкі туризм мен табиғи мұраны насихаттауға бағытталған.
Шынын айту керек, табиғат аясындағы демалысты таңдаушылар үшін Atyrau Nomads туристік клубының отбасылық сапары – экотуризмнің әлеуеті қаншалықты жоғары екенін көрсетті. Клуб мүшелерінің айтуынша, мұндай сапарлар балалардың табиғатқа деген қызығушылығын арттырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Ұлттық спорт – фестивальдың ажырамас бөлігі
Фестиваль табиғатпен ғана емес, ұлттық спорт жарыстары, кешкі концерттер, отшашу, көркемөнер, ұлттық ойындар сынды ауқымды бағдарламаларымен де ерекшеленді. Құрманғазы ауданының Теңіз ауылында өткен «Lotus Fest – 2025» фестивалі аясында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар мәресіне жетті. Жарыстарға Атырау қаласынан және Мақат, Индер, Махамбет аудандары мен Құрманғазы ауданының ауылдық округтерінен келген спортсүйер қауым белсене қатысты.
Қол күресіне 24 спортшы, 80 келіге дейінгі салмақтағы қазақ күресіне – 18, 80 келіден жоғары салмақта 10 балуан қатысты. Арқан тарту сайысына 6 команда, шамамен 30 спортшы қатысты. Бұл жарыс нағыз командалық рухтың мерекесіне айналып, көрермендердің ерекше ықыласына ие болды.
Әсіресе, қазақ күресінің ардагері, 43 жастағы Бекболат Салықов көптің назарын аударды. Ол кезекті рет өзінің шеберлігін дәлелдеп, ардагерлер арасында чемпион атанды. Ұлттық ойындар жарысы туристерге қазақтың дәстүрлі спортын таныстыру арқылы мәдени туризмге тың серпін берді.
Өңірлік брендке айналар әлеует бар
Элнур Махмудов – осы Lotus фестиваліне Әзербайжаннан арнайы келген турист. «Лотосты өз көзіммен көру – арманым болатын. Ретін тауып, арнайы жоспарлап фестивальға келдім. Маған бұл жақтағы атмосфера қатты ұнады. Болашақта достарымды алып, лотос алқабына тағы да келгім келеді» дейді шетелдік қонақ.
«Lotus Fest – 2025» фестивалі тек бірреттік шара емес, өңірлік брендке айналу мүмкіндігі бар. Туризм саласының сарапшылары мұндай табиғи ерекшеліктерді пайдалану арқылы Атырау облысының туризмін дамытып, ішкі туризммен қатар халықаралық туристерді тарту мүмкіндігі артады деген пікірде.
«Фестивальды жыл сайынғы тұрақты шараға айналдыру жергілікті кәсіпкерлер мен тұрғындардың табысын арттыруға да мүмкіндік береді. Екіншіден, Қиғаш өзенінің маңындағы экологиялық маршруттарды дамыту қажет. Бұл қадам табиғи ландшафтты сақтау және туристерге қолайлы жағдай жасау үшін маңызды. Үшіншіден, мәдени және спорттық бағдарламаларды кеңейтудің де мәні бар. Әртүрлі жас санатына бейімделген ұсыныстар жасау керек. Төртіншіден, шетелдік туроператорлармен әріптестік орнату – фестивальдың халықаралық мәртебесін арттыру үшін қажет», – дейді туристік маршруттар ұйымдастырушы Әлия Жамитова.
Атырау облыстық Кәсіпкерлік және туризм басқармасының мәліметінше, 2024 жылы өңірге келген туристер саны 140 мыңнан асқан. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 12%-ға көп. Туризм саласынан түскен табыс та артып келеді – 2024 жылдың алғашқы жартысында сала 1,9 млрд теңге табыс түсірген. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Атырау облысына келген туристер саны 75 мыңнан асты, бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14%-ға көп. Мамандардың болжамынша, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 160 мың адамға жетуі мүмкін.
Қазір облыста 150-ден астам туристік нысан жұмыс істейді, олардың қатарында қонақүйлер, демалыс базалары, экотуристік қызмет көрсететін ұйымдар бар.
Атырау өңірінің табиғаты ерекше. Мамандардың айтуынша, Каспий теңізі, Жайық пен Қиғаш өзендері, теңіз жағалауы, құмды аймақтар мен қамысты көлдер экотуризмді дамытуға зор мүмкіндік береді. Әсіресе, Қиғаш өзенінің сағасында өсетін лотос гүлдері – Қазақстан бойынша сирек кездесетін табиғи құбылыс.
Қорыта келе айтарымыз, «Lotus Fest – 2025» фестивалі Атырау облысының ішкі және халықаралық туризмін дамытуда маңызды бетбұрыс жасады. Лотостар алқабы – бірегей табиғи ресурс ретінде өңірдің жаңа туристік брендіне айналуы мүмкін. Бұл – Атырау өңірін тек мұнай мен индустрия емес, табиғат пен мәдениет өлкесі ретінде тануға мүмкіндік беретін жаңа жол.
Баян ЖАНҰЗАҚ,
Атырау облысы