Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамда жаппай кітап оқу мәдениетін қалыптастыру жөніндегі бастамасын жүзеге асыру мақсатында Қостанай қаласында 2025 жылғы 18 желтоқсан күні «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры мен «Олжа-Агро» ЖШС өңірдегі кітап оқу мәдениетін дамытуға арналған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Құжатқа қордың атқарушы директоры Аян Қажимерұлы Сакошев және «Олжа-Агро» агрохолдингі бас директоры Әлішер Асанұлы Қожаназаров қол қойды.
Негізгі мақсат – Қостанай облысында «Кітап оқитын ұлт» жобасын жүзеге асыру арқылы тұрғындарды кітап оқуға баулу.
«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры жобаның мазмұнын, шығармашылық және ұйымдастырушылық бөлігін толық қамтамасыз етеді, ал «Олжа-Агро» ЖШС жобаның қаржылық демеушісі ретінде қолдауды көрсетеді.
Бұл серіктестік мемлекет, б изнес пен қоғамдық ұйымның бірлескен күшімен кітап оқитын ұлт қалыптастыру бағытындағы бірлескен қадамдардың бастамасы .
Казіргі күні жобаға 55 мыңнан астам тұрғын қатысуда , бұл дегеніміз – облыс халқының белсенділігінің жарқын дәлелі. Аудан орталықтарында, ауыл мектептерінде, кітапханаларда “Кітап оқу” марафоны жалғасып жатыр: балалар, студенттер, мұғалімдер, ата-аналар бір мезгілде бір кітапты оқып, оны талқылап, әлеуметтік желілерде суреттерін бөлісуде.
Жобаны «AMANAT» партиясының қолдауымен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры және Қостанай облысы әкімдігі жүзеге асыруда. Өңірлік демеуші – «Олжа-Агро» ЖШС агрохолдингі.
Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов: – Қостанай облысы әкімдігі ретінде біздің басты міндетіміз – қоғамдық ұйымдардың, бизнес өкілдерінің және мемлекеттік органдардың күш-жігерін біріктіру және қолдау. Қостанай облысында интеллектуалдық капиталды қалыптастыру, бұл – біздің ортақ болашағымыздың негізі. «Кітап оқитын ұлт» жобасы – осы мақсатқа жетудің ең жарқын үлгісі.
«Олжа-Агро» ЖШС бас директоры Әлішер Қожаназаров: – «Біз үшін кітап оқу – бұл тек мәдениет емес, интеллектуалдық капиталдың негізі. «Олжа-Агро» ретінде біз өңірдің дамуына үлес қосуға әрқашан дайынбыз. «Кітап оқитын ұлт» жобасына қолдау көрсету – біздің әлеуметтік жауапкершілігіміздің ең маңызды бағыты»
«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының атқарушы директоры Аян Сакошев: – «55 мың қатысушы – бұл тек сан емес, бұл біздің халықтың оқуға деген құштарлығының көрінісі. Бұл жоба кітап оқу индустриясын қайта жандандырады, жаңа оқырмандарды қалыптастырады және ұлттың рухани өсуіне серпін береді деген сеніміміз бар».
