in

Қытай компанияларына ауылшаруашылық жерлердің 112 259 гектары тиесілі екен

Financial Times жариялаған мақалаға сүйенген Aikyn.kz , «ауыл шаруашылығы – азық-түлікпен қамтамасыз ету емес, елімізді қорғау жолы» деген министрдің сөздерінің мағынасын түсіндіреді.

Министр Брук Роллинз: «Америкалық ауыл шаруашылығы – бұл тек отбасыларымызды тамақпен қамтамасыз ету емес, сонымен қатар елімізді қорғау жолы». Фото english.elpais.com сайтынан алынды. Авторлығы: Associated Press

АҚШ билігі қытайлық компанияларға ауылшаруашылық жерлерін сатуға тыйымын ұлттық қауіпсіздікке төнетін қауіптерге байланысты деп түсіндіреді. АҚШ Ауыл шаруашылығы министрі Брук Роллинз:

«Америкалық ауыл шаруашылығы – бұл тек отбасыларымызды тамақпен қамтамасыз ету емес, сонымен қатар елімізді қорғау жолы да», – деген мәлімдеме жасаған.

Трамп әкімшілігі Қытай топтарының АҚШ-та, әсіресе әскери базаларға жақын орналасқан ауылшаруашылық жерлерін сатып алуына тыйым салуды жоспарлап отыр. Бұл шешім соңғы жылдары Қытай тарапынан болған жер сатып алулардың ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруіне қатысты алаңдаушылыққа негізделген.

Сейсенбі күні (8 шілде) Брук Роллинз ханым президент әкімшілігі жергілікті және штат деңгейіндегі билік өкілдерімен бірлесіп, Қытай азаматтарына және басқа да шетелдік қарсыластарға америкалық ауылшаруашылық жерлерін сатып алуға тыйым салуға бағытталған жедел заңнамалық және атқарушы шаралар қабылдайтынын мәлімдеді.

«Америкалық ауыл шаруашылығы тек азық-түлік өндіру үшін ғана керек емес. Елді қорғап, ауыл шаруашылығы жерлерін сатып алатын, зерттеулерімізді ұрлайтын және жүйелерімізге қауіп төндіретін шетелдік қарсыластарға қарсы тұру үшін де маңызды», – дейді Роллинз.

Бұл саяси мәлімдемені министр «Фермерлік қауіпсіздік жөніндегі ұлттық іс-қимыл жоспары» деп атаған бастамасын таныстыру барысында жариялады. Онымен бірге сөз сөйлеген АҚШ Қорғаныс министрі Пит Хегсет:

«Стратегиялық маңызы бар әскери нысандарға жақын орналасқан жерлердің шетелдіктердің меншігінде болуы – ұлттық қауіпсіздігімізге тікелей қауіп», – дейді.

Құрама Штаттардың 19 әскери базасына жақын орналасқан Қытайға тиесілі ауылшаруашылық жерлерінің орны көрсетілген карта. Фото nypost.com сайтынан алынды

Бұл мәлімдемелер АҚШ Конгресінде және ел аумағында Қытайдың соңғы жылдары америкалық ауылшаруашылық жерлерін сатып алуы мен олардың ықтимал барлау мақсаттарында қолданылуы жөнінде күшейген алаңдаушылық кезінде жасалды. Өкілдер палатасындағы Қытай жөніндегі комитет Қытайдың ауылшаруашылық жерлерін иемденуін бақылауды күшейтуді талап етіп отыр.

Республикалық партия өкілі, Өкілдер палатасының Қытай жөніндегі комитетінің төрағасы Джон Муленар бұл бастаманы «ауыл шаруашылығымыз бен егемендігімізді қорғауға қажетті шара» деп бағалады.

«Қытайдың ауылшаруашылық жерлерімізді сатып алуы – бұл жай ғана экономикалық бәсеке емес. Бұл – ұлттық қауіпсіздікке төнетін қауіп. Қытайдың америкалық фермаларды сатып алып, отбасыларымыз үшін маңызды азық-түлік жеткізіліміне қауіп төндіруіне жол бере алмаймыз. Бұл қауіп, әсіресе, әскери базаларға жақын орналасқан жерлерде күшейеді», – дейді Муленар.

Министр Роллинз Қытай және басқа қарсылас елдерден келген топтардың бұған дейін сатып алған жерлерін «қайтарып алу» үшін де барлық шара қолданылатынын айтты. Сондай-ақ ол шетелдіктердің америкалық ауылшаруашылық жерлерін сатып алуын бақылау мақсатында АҚШ-тағы шетелдік инвестициялар жөніндегі комитеттің (CFIUS) құрамына кіретінін мәлімдеді. Бұл комитет – АҚШ Қаржы министрлігі басқаратын, ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретін шетелдік инвестицияларды зерттейтін ықпалды орган. Заң шығарушылар CFIUS-ке келіп түсетін инвестициялардың кең ауқымын бақылау құқығын беруді көздеп отыр.

2024 жылы CFIUS жүргізген тергеуден кейін, сол кездегі президент Джо Байден Вайомингте криптовалюта майнингімен айналысатын қытайлық компанияға әскери базаға жақын орналасқан жер телімін қайта америкалықтарға сатуды міндеттеген. Бұл АҚШ билігінің шетелдік компанияны жерін сатуға мәжбүрлеген алғашқы жағдай болды.

АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2023 жылғы деректері бойынша, Қытай компанияларына америкалық ауылшаруашылық жерлерінің 112 259 гектары тиесілі. Бұл шетелдіктер иелігіндегі барлық ауылшаруашылық жерлерінің шамамен 1%-ын құрайды. Көп емес. Қытайлықтар сатып алған жерлер негізінен Техас, Солтүстік Каролина, Миссури, Юта және Флорида штаттарында орналасқан.Вашингтондағы Қытай елшілігі болса, бұл шешімді сынға алып, қытайлық компаниялардың инвестициялары жаңа жұмыс орындарын ашып, АҚШ экономикасының өсуіне үлес қосқанын айтады.

Қытай елшілігінің өкілі Лю Пэнъюй: «Ұлттық қауіпсіздік ұғымын шектен тыс кеңейту және экономика мен сауда, инвестиция салаларын саясиландыру нарық экономикасының қағидаттарына және халықаралық сауда ережелеріне қайшы келеді. Бұл АҚШ нарығының сенімділігіне нұқсан келтіреді», – дейді.

Қытай азаматтарына тиесілі ауылшаруашылық жерлерге жүргізілетін тексеріс – АҚШ-та Қытай тарапынан тыңшылық әрекеттер орын алуы мүмкін деген алаңдаушылықтың бір бөлігі ғана. Заң шығарушылар Қытайда жасалған жел генераторларының құрамындағы технологиялардың АҚШ-та электронды  тыңшылық жасау үшін пайдаланылуы мүмкін екеніне де алаңдаулы.

Соңғы жылдары АҚШ пен барлау ақпаратын бөлісетін Five Eyes (Бес көз) альянсының мүшелері (Ұлыбритания, Аустралия, Канада және Жаңа Зеландия) Қытайдың инвестициялары арқылы тыңшылық жүргізу қаупі бар компанияларға қатысты жиі ескерту жасап, шектеулер қойып келеді.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.