in

Ұлттық жоба – ұлттық өнеркәсіптік бағдар

Жалпы айтар болсақ, Қазақ­станның қазіргі кәсіпорын­дары­ның әлеуетін бұрынғы кеңес кезеңіндегі өнеркәсіптік әле­уетімен салыстыруға келмейтінін мойындауға тура келеді. Мұндағы бірінші кезекте өте маңызды бір аспектіні ескеру керек. Ол – кеңес кезіндегі салааралық, тіпті салаішілік кооперацияда өнді­рістік «тізбектердің» болмауы, яғни қазіргі «кластерлердің», Қазақстанда басталып, Қазақ­станда аяқталғандары аз. Ал бүкілодақтық «шикізат база­сының» рөлі әуелден-ақ жоғары қосымша құн қосылған өнім шығару емес екені анық болатын. Міне, содан да шығар тек көмір, болат немесе қант өндірудің өзінде Қазақстан әлі де болса, 1991 жылғы деңгейге жете қойған жоқ. Бұл бұрынғы КСРО құра­мындағы шикізаттық миссия­мыздың қаншалықты зор болған­дығын көрсетеді. Сондай-ақ электр энергиясын өндіру 2024 жылдары 40%-ға өсті десек, біз бұл көрсеткіш бойынша 1991 жылды шамамен 2011 жылдары ғана «қуып жете» алдық.

Ал АҚШ долларымен есептелетін ЖІӨ көлемі 1991-2024 жылдар арақатынасында «едәуір» өсіп отыр. Әйтсе де, «бә­рін өзімізден шығарамыз» деген талабымыз ақыры орындалмады. Оған әуелі 2000 жылдарға дейін басымыздан арылмаған эко­номикадағы дағдарыстар, одан кейін көршілес елдердің нарық­тары әкелген бәсекелестік қы­сы­мы қатты әсер етті. Әсіресе, Қы­тай өте төмен баға ұсына отырып, жер-көкті жаулап алды.

Әрине, отандық өндірістің дамуын тежейтін басқа да себеп­тер болды. Мәселен, жақында ғана Президентіміздің өзі оны дипломатиялық түрде «көптеген жүйелі олқылықтар мен қате­лік­тер» деп өте дәл сипаттап берді. Рас, әңгіме ғылыми сала туралы болғанымен, біз сөз етіп отырған салаға да оны толығымен қол­да­ну­ға болады. Айталық, ХХІ ғасырдың 20-шы жылдарының басында бірден бірнеше жаһан­дық факторлар бой көрсетті. Олардың негізгілері – төртінші өнеркәсіптік революция мен жаңа геосаяси шындық еді. Біздің алдымыздан «өзіміздікін өнді­ре­міз бе әлде импортқа тәуелді­лігімізді созылмалы ауру сана­тына ауыстырамыз ба?!» деген «төте сұрақ» қайта шықты.

Осы екі жаһандық факторға маңызы олардан кем емес, елдік деңгейдегі тағы екі фактор қосылды. Олар – бүкіл инфра­құрылымның, әсіресе энергетика саласында, айтарлықтай тозуы және онымен тікелей байланысты барлық спектрдегі тапшылық, айталық: генерациялау қуаты­ның, жылу және электрмен жаб­дық­тау желілеріндегі қуаттың және электр энергиясының өзінің тапшылығы. Соңғысы біз үшін жай ғана жаңалық емес, шок болды. Өйткені Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері электр энергиясын экспорттап келген болатын, тіпті кей жылдары бұл көрсеткіш елдегі жалпы өн­дірістің 4%-ына дейін жеткен еді.

Мұндай сын-қатерлерге кең ауқымда және жүйелі түрде жауап беру қажет болды, әйтпесе бар­лық жұмсалған күш-жігер өршіп келе жатқан теріс пікірлердің тасасында қалып қояр еді. Сон­дықтан да бұл мақсаттағы нақты қадамдарға бастау берген 2024 жылдың ақпанында Президенттің қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысы болды деп есептеймін. Онда елімізде отандық тауар өндірушілерді (ОТӨ) қолдау арқылы өнер­кәсіптік егемендікті қамтамасыз ету бойынша ауқымды шаралар кешені жүзеге асырылып жат­қаны ресми түрде жарияланды. Негізгі міндет – инфра­құры­лымды жаңғыртуды индус­трия­лық саясатпен үндестіру болды.

Мұндағы «үндестіру» – атал­ған формуланың негізгі элементі еді. Сондықтан да мен елдегі кез келген жаңғырту ұлттық өнер­кәсіп үшін трамплин болу керек екенін қайталаудан жалыққан емеспін. Қашан да солай болуға тиіс! Ол трамплиннің «ұзындығы» қандай екені маңызды емес, маңыздысы ОТӨ өкілдерінің ол арқылы «ұшуға екпін алуда» басым күшке ие болуға тиіс. Сондай трамплиннің бірі – «Энер­гетикалық және комму­налдық инфрақұрылымды жаң­ғыртудың Ұлттық жобасы». Әзір­ге 14 триллион теңге көле­мінде жүзеге асқалы тұрған бұл құжат Қазақстан үшін бұрын-соңды болмаған жоба болып отыр! Енді оны жүйелі жүзеге асыру мәселесіне келер болсақ, әрине оған қатысты сұрақтар көп, мен солардың кейбіріне толығырақ тоқталғым келеді.

Біріншіден, Ұлттық жобаны жүзеге асырудың ашықтығы мен сапасы. Ол оны кез келген жерде талқылаудан басталуға тиіс. Біз суды, жылуды, электр қуатын және басқа да коммуналдық қызметтерді тұтынып отырған қарапайым адамдардың се­німінен айырылып қалмауымыз керек. Неге?! Себебі олар – тариф арқылы Ұлттық жобаға ин­вестиция салып отырған толық­қанды серіктестер. Мен мұндағы жағдай өзгере бастады деп үміттенемін. Өйткені Ұлттық жобаны бақылаудың, жоқ де­генде, екі маңызды тетігін енгізу бойынша, яки қаражатты игеру және оны іске асырудың техно­логиялық сапасына қа­тысты тиісті бастамаларды қазір Ұлттық палатаның қолдауымен салалық министрліктер талқы­лауда. Бірақ қаражаттың сапалы және ашық игерілуіне кепілдік берілумен қатар, тұтынушылар онда өзі­міздің қазақстандық өндірістің де үлесі жоғары болғанын қалайды. Өзгелердің өндірісін дамытуға «инвестиция салудың» мәні жоқ екенін қай-қайсымыз да ендігісі түсіндік.

Екінші мәселе – Ұлттық жобаны жүзеге асыруға біздің отандық тауар өндірушілерді тарту. Менің ойымша, ОТӨ-нің Ұлттық жобадағы үлесін биылғы 20%-дан 2029 жылға қарай 60%-ға дейін кезең-кезеңімен ұлғайту принципін құптауға болады. Ал отандық өнімдерді бірден 100% жаппай енгізу қажет деп ұран­датып жүрген тырнақша ішіндегі «жобалар» көбірек күдік ұялатып, тіпті жиіркеніш тудырады. Сондықтан да ондай науқандық асыра сілтеуге ұрынбауымыз қажет. Бірақ біз айтып отырған пайыздар шын мәнінде нақты болуы үшін Қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімі (Тізілім) толыққанды іске қосылуға тиіс. Себебі Ұлттық жобаға қатысудан үмітті жалған өндірушілерден құтылудың жалғыз жолы – осы. Олар тек үміт етіп қана қарап отырмайтынын да ескерген абзал. Осынау жалған өндіру­шілердің өз көзқарастарын тықпалап, «салалық» күн тәртібін басқаруға тырысатын, соны­сымен Қазақстанның техно­логиялық егемендігіне қауіп төндіретін кездер аз емес. Біз ондай жағдайларды анықтап, тіркеп, ден қойғанымызбен, мұндай «қолмен басқарудан» аса бір нәтиже болып жатқан жоқ. Өйткені жүйелі түрде тосқауыл қажет. Міне, біз айтып отырған Тізілімнің қуаты да осында. Сондықтан пысықтай айта­рымыз: нақты жұмыс істеп тұрған отандық тауар өндірушілердің Ұлттық жобаға қатысу үлесін кезең-кезеңмен арттыруды қамтамасыз ету – аса маңызды!

Тағы бір жүйелі аспект – тиімділік. Энергетика саласы мен коммуналдық қызметтегі энергия ысырапшылдығы мен төмен тиімділік проблемасы өзекті болып тұр. Ұлттық жоба аясында пайдаланылатын материалдар мен жабдықтардың энергия тиімділігін бағалау инди­катор­лары, сондай-ақ инженерлік желілер мен жабдықтардың энергия тиімділігін арттырудағы үлестік (салыстырмалы) көрсет­кіштері жеткіліксіз. Бір мысал келтіре кетсем, «шартты алған­дағы жанармайдың үлестік шығындары» – өндіріс сала­сындағы тиімділікті анықтаудың әмбебап көрсеткіші. Бірақ, өкінішке қарай ол елеусіз қалып отыр. Соны қайтадан қолданысқа енгізу қажет.

Мемлекеттің бүгінгі жүргізіп отырған саясаты өнеркәсіптік тәуелсіздікке және еліміздегі негізгі жобаларды жүзеге асыруға отандық тауар өндірушілерді барынша тартуға бағытталған стратегиялық бетбұрысты паш етеді деп кесіп айтуға болады. Бұл ретте, Ұлттық жобаның айрықша мәртебеге ие екенін (және ондағы ОТӨ-нің рөлін) өткен жылдың соңында Үкіметтің Мемлекет басшысының тиісті тапсырмасы бойынша Қаулы дайындауға рекордтық уақытта үлгергеніне қарап бағалауға болады. Ендігі келесі қадам, менің ойымша, про­цестерді цифрландыруды, оның ішінде Ұлттық жобаны жүзеге асыру кезінде де, кез кел­ген адами факторды мүлдем «жоққа шығаратындай» деңгейге жеткізу болуға тиіс.

Сөзімді қорытындылай келе, тағы бір өзекті мәселе туралы айтқым келеді. Жанамалы энер­гетика – төртінші өнеркәсіптік революцияның ажырамас құ­рамдас бөлігі. Ол қысқа уақытта үйреншікті жағдайға айналды: көптеген елдердің энергетикалық теңгерімдері қазірдің өзінде жартылай «жасыл» экономикаға көшті. Ал осыған ілесе жүретін энергетикалық жүйелердің технологиялық трансфор­ма-циясы көп ұзамай бүкіл әлемді саланы басқару тәсілдерін толығымен өзгертуге мәжбүр етпек, Қазақстан да одан сырт қала алмайды.

Бұл біз үшін нені білдіреді? Ұлттық жоба – «Қазақстанның ұлттық өнеркәсіптік бағдары» деп аталатын ұзақ жолдың басы ғана, заманауи әрі маңызды алғашқы байыпты қадамдардың бірі. Сондықтан да біздің, яки реттеуші органдар, салалық құрылымдар мен сарапшылардың оны қалай жүзеге асыраты­нымызға, сондай-ақ жаһандық немесе елдік деңгейдегі болсын қандай да бір сын-қатерлерге алдағы уақытта қалай жауап беретінімізге және ұлттық өнер­кәсіптік бағдарды қаншалықты жаңарта алатынымызға көп нәрсе байланысты!

 

Сергей АГАФОНОВ, 

«Энергожөндеу, жобалау, инженерлік компаниялар

мен энергетикалық жабдықты өндірушілердің

Қазақстандық қауымдастығы» ЗТБ төрағасы