Қазір Үкімет еліміздің ауыл шаруашылығы секторын шикізаттан индустрияға, прогрессивті агроэкономикаға бағыттаған 2026-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарды жасады. Белгіленген межеге сәйкес, агроөнеркәсіп кешенінің жалпы өнімін 2028 жылға қарай 17 трлн теңгеге дейін жеткізу көзделген. Бұл – қазіргі деңгейден 2 есе жоғары көрсеткіш. Сонымен қатар Үкімет Ауыл шаруашылығы министрлігіне нақты міндеттер қойды. Яғни, бірінші, Ауыл шаруашылығы мен Сауда және интеграция министрлігі бірлесіп бір ай ішінде бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп, қолданыстағы тәсілдерді қайта қарап, ішкі нарықты отандық азық-түлік тауарларымен қамту және экспорттық әлеуетті нығайту жөніндегі жүйелі шараларды әзірлеуі, өндірістен дайын өнімді сатуға дейінгі тиімді әрі ашық тізбекті құруға тиіс. Екінші, Ауыл шаруашылығы министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, жергілікті жерлерде және шекарада бақылауды күшейте отырып, ветеринариялық инфрақұрылымды дамытуды қамтамасыз етуі, биылғы сәуір айының 15-іне дейін Үкіметке ветеринарияны дамытудың кешенді жоспарының жобасы енгізуге тиіс. Үшінші, Ауыл шаруашылығы министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, осы жылдың 1 маусымына дейін Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы тиісті заң жобасын әзірлеуі керек. Төртінші, биыл 1 қыркүйекке дейін мемлекеттік қолдау жүйесінің ашықтығы мен тиімділігін арттыру үшін субсидия алушылардың тиісті талаптарды орындауын қадағалауға мүмкіндік беретін АӨК саласындағы ақпараттық жүйенің толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз етуі керек.
Мәжіліс депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің хатшысы Еркебұлан Мәмбетовтың айтуынша, еліміздің прогресивті агроэкономикаға көшу мүмкіндігі зор, кейінгі екі жылда ауыл шаруашылығы саласында мемлекеттік қаржыландыру, субсидия беру және инвесторлар тарту есебінен біршама өсім байқалады.
– Атап айтар болсақ, мал шаруашылығы ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің шамамен 40% құрайды. Соңғы жылдары салада өндіріс көлемі мен мал басының 2-3% деңгейінде өсуі байқалады. 2026-2030 жылға дейінгі мал шаруашылығының жоспары жасалды. Жоспар бойынша ет өндірісін 1,2 млн тоннадан 1,8 млн тоннаға дейін, сүт өндірісін 1,4 млн тоннадан 2,1 млн тоннаға дейін ұлғайту және ет экспорты көлемін 82 мың тоннадан 165 мың тоннаға дейін екі есеге арттыру жоспарланған. Мәселен, 2030 жылға дейін Түркістан облысында аустралиялық технология бойынша бордақылау алаңы іске қосылса, ірі қара басын 50 мыңға дейін жеткізу жоспарланған. Ал сүт өндірісі үшін Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесіне сүйеніп, заманауи сүт фермаларын ашу, сондай-ақ суармалы егістік үшін тамшылап суару технологиясы негізінде су үнемдеу бағытында үздіксіз, жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Былтыр Су ресурстары және ирригация министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге шаруаларды қажет инфрақұрылымды қалыптастыру, су үнемдеу жүйелерін сатып алу және орнату шығындарын субсидиялау мөлшерін 50%-дан 80%-ға дейін арттырды. Сонымен қатар бүгінде су үнемдеу технологиясын қолданатын дихандар суармалы су үшін аз төлейді. Себебі су үнемдеу жүйелерін пайдалану кезінде суармалы су ақысын субсидиялау мөлшері тарифке байланысты 85%-ға дейін ұлғайтылды. Егістік көлемін арттыру бойынша, нақты айтар болсақ, Таразда 2030 жылға дейін егістік көлемін 1,5 млн гектарға дейін жеткізу секілді жоспарлар қарастырылған. Еліміздің агросекторы өте үлкен, жан-жақты сала болғандықтан істеліп жатқан, істелуі керек жұмыс өте көп, – деді Еркебұлан Нұрмағамбетұлы.
Терең өңдеу – шешілмеген түйін
Жалпы, Ауыл шаруашылығы министрлігінің есебінше, кейінгі жылдары агросектордың даму динамикасы тұрақты өсім көрсетіп отыр. Мәселен, 2025 жылдың 11 айында ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 6,1%-ға ұлғайып, 9,2 трлн теңгені құраған. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың мәлімдеуінше, бұл өсім мал шаруашылығындағы өндіріс көлемін 3,5%-ға, егін шаруашылығындағы өндіріс көлемін 7,6%-ға ұлғайту есебінен қамтамасыз етілген.
Дегенмен Мемлекет басшысы 10 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында шикізатты терең өңдеуде проблемалар барын, соның салдарынан әлі күнге дейін азық-түлік импортына тәуелді болып отырғанымызды ескертті.
«Шикізатты терең өңдеу – ауыл шаруашылығына да қатысты өте өзекті мәселе. Агроөнеркәсіп кешенін қолдау шаралары қордаланған мәселелерді шешу үшін емес, тек осы саладағы жалпы өнімді арттыру үшін қабылданып жатыр деуге болады. Соның салдарынан әлі күнге дейін азық-түлік импортына тәуелді болып отырмыз, баға да өсуде. Атқарушы билік бұған тосқауыл қою үшін негізінен әкімшілік шараларға жүгінеді. Үкімет осыған дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тікелей реттеуден бас тартатыны туралы айтты. Соған қарамастан, мұндай тауарлар саны 19-дан 31-ге дейін көбейді. Үкімет бұл шешімді уақытша шара деп түсіндірді. Бірақ уақытша деп басталған шара әдеттегідей тұрақты сипатқа ие болып кетпеуі керек», – деді Президент.
Мамандар ауыл шаруашылығы саласында терең өңдеу бағытындағы жобалар көп екенін, олардың құны алдағы үш жылда 10 млрд доллардан асуы мүмкін екенін айтады. Бұл бағытта мемлекет 2029 жылға қарай жалпы ішкі өнім көлемін екі есе арттыруды жоспарлап отыр. Ол үшін шикізатты терең өңдеуге бағытталған салаларды дамыту қажет. Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасеновтің айтуынша, 2029 жылға дейінгі «Ұлттық даму жоспарында» қандай салаларға инвестиция салуға болатыны егжей-тегжей жазылған, қайта өңдеу өнеркәсібінде жалпы қосылған құн көлемін терең өңдеу мен қайта өңдеу есебінен жалпы ішкі өнім көлемін тіпті үш есе арттыруға болады.
2025 жылы елімізде қайта өңдеу саласында шамамен екі мың кәсіпорын тіркелген. 2024 жылы 41,5 млрд теңге көлемінде 51 инвестициялық жоба жүзеге асырылған. 2025 жылы бизнеске қолдау көрсету мақсатында қайта өңдеу кәсіпорындарын айналым қаражатын толықтыру үшін жылдық мөлшерлемесі 5%-бен жеңілдетілген несие беру жалғасты. Осы мақсаттарға 44 млрд теңге бөлінді. 60-тан астам өтінім мақұлданып, 26 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Қайта өңдеу кәсіпорындарын салу немесе жаңғыртуға инвестициялық субсидиялау жұмыс істейді. Бұл мақсатта шығынның 15-50%-ын өтеу қарастырылған. Қант саласында өтемақының көлемі 40%-ға дейін артты, жұмыртқа өңдеуде субсидия 40%-ға дейін енгізілді, ал сүт саласында құрғақ сүт пен сарысу жабдықтарына шығынның 25%-ына дейін өтемақы қарастырылған.
Импортта игілік жоқ
Алайда Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеу және қайта өңдеу бағытында бірқатар проблемелар бар екенін айтты. Оның пікірінше, тіпті еліміз бидай экспорттаушы ел бола тұра, кей өңірлер макарон өнімдерін импорттайды, логистика және инженерлік инфрақұрылымдық шектеулер бар.
– Біз заң бойынша шетелден келген инвесторларға жер бермейміз. Сондықтан олар көбінесе қайта өңдеумен айналысады. Қазір барлық аймақтарға үлкен-үлкен инвесторлар келіп жатыр. Бірақ біздің халық саны аз, соған қарамастан, біз шеттен азық-түлік көп импорттаймыз. Алдымен өнімді шетелге сату жағын реттеуіміз керек. Кеден ашық-шашық жатыр. Президенттің өзі «Елдегі азық-түлік нарығының импортқа тәуелділігін барынша азайту – Үкіметтің стратегиялық міндеті. Әрине, өзімізді өзіміз жүз пайыз қамтамасыз етуіміз мүмкін емес, бәлкім, оның қажеті де жоқ шығар. Бірақ нарықтағы қазіргі жағдайды айтудың өзі ұят. Үкімет Еуразия аумағындағы сауда-саттықтың әділ жағдайда жасалуын нақты дәлелмен талап етуге міндетті. Ал депутаттар заңнамалық бастамалар арқылы отандық өнім өндірушілердің құқықтарын қорғауға тиіс» деп айтты, – деді депутат.
Оның айтуынша, бірақ әлі де Сауда және интеграция министрлігі тарапынан қатаң бақылау жоқ. Ішкі нарықта отандық өндірушілердің өнімдерін өзара сату, сатып алу, жөнелту, тасымалдау мәселесі шешімін таппаған.
Сала мамандары ішкі нарықты қорғау мақсатында шикізатты экспортқа шығаруға шектеулер енгізілгенін дұрыс емес деп санайды. Мәселен, майлы дақыл тұқымдарын шығаруға баж салығы қолданылса, тірі мал экспорты квота бойынша ғана жүзеге асады, сондай-ақ тері мен жүн шығаруға шектеулер қойылған. Бұл шаралар шикізат қорын ел ішінде сақтап қалуды көздегенімен, өңдеу өнеркәсібінің әлі де толық әлеуеті қалыптаспағандықтан және импорт көлемінің көптігі және арзан болуы салдарынан, көбінесе отандық өндірушілер өнімін өткізе алмай, шығынға батады.
Мәжіліс депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің хатшысы Еркебұлан Мәмбетовтің айтуынша, еліміздің жер көлемі үлкен болғанымен, халық саны аз, нарық шағын. Сондықтан экспорт тұрақты түрде ашық болуы керек, шектеу қою өндірушілерге, инвесторларға қолайсыз.
– Инвесторларға ең тиімдісі – саланы терең өңдеу. Бұрынырақта бидайды ғана терең өңдейтін еді, қазір бұршақ, күнбағыс өсіру көлемін артып, оны терең өңдеуге инвесторлар қатты қызығушылық танытып отыр. Дегенмен ауыл шаруашылығына, мал шаруашылығына салған қаражатты 10-15 жылда қайтару мүмкін болғандықтан, бұл бағытта тұрақты мемлекеттік саясат керек. Ауыл шаруашылығы ғылымын дамытудың нақты жоспары қажет. Бұл құжат цифрлық технологияларды қолдануға және осы саланың өнімділігін едәуір арттыруға арналған жоспар болуға тиіс. Агросектор пайдалы болғанда ғана инвесторлар да, кәсіпкерлер де келеді, – деді депутат.
Үкімет Қаржы және Ауыл шаруашылығы министрліктеріне айналым қаражатын несиелеу мерзімін екі жылға дейін ұзарту және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеудің үлесін биыл 70%-ға дейін жеткізу туралы міндет жүктеді. Ал шаруалардың міндеті малды бағу, егінді өсіру болса, оны баптап, қоймаларды сақтап, тұрақты бағада сатылуы мен экспортқа шығуын реттеуге мемлекет араласуы және көмектесуі керек шығар.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ
