Ең алдымен, азаматтардың діни сеніміне, дәстүрлері мен таңдауына құрметпен қарайтынымызды атап өткім келеді. Әсіресе, айлардың сұлтаны – Рамазан айында, көптеген адам ар-ождан, адамгершілік, ішкі тәртіп пен өзара құрмет мәселелеріне айрықша мән береді. Сондықтан мұндай нормалар туралы жан-жақты салмақтап, байыппен пайымдау маңызды, – дейді Аида Балаева.
Жаңа бапта «Діни ұйымдардың қызметі заңға сәйкес жүзеге асырылады және конституциялық құрылыс негіздерін, адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысын сақтау мақсатында шектелуі мүмкін» деп көрсетілген. Яғни, ар-ождан, діни сенім бостандығы мен қоғам және мемлекет алдындағы жауапкершілік арасындағы тепе-теңдік сақталады. Бұл норма жаңа жобадағы 25-баппен (қолданыстағы Конституцияда – 22-бап) тікелей үндеседі. Онда: «Әр адамның ар-ождан бостандығына құқығы бар» деп бекітілген. Сонымен бірге осы құқықты пайдалану жалпыадамзат пен азамат құқықтарын, мемлекет алдындағы мiндеттерді шектемеуге тиіс екені атап көрсетіледі. Осылайша, жобадағы өзгерістер қолданыстағы нормаларды күшейте түседі. Бұл – конфессияаралық келісімді, құқықтық тәртіп пен қоғамдағы тұрақтылықты нығайтудың кепілі. Ең бастысы, әр адамның сеніміне құрметпен қарай отырып, заң алдындағы ортақ жауапкершілікті бекемдей түсетін маңызды қадам, – деп түсіндірді министр.
