in

Айбек Қалиев, айтыскер ақын: Айтыскер құны «Алтын домбырамен» өлшенбейді

Айтыс десе ішкен асын жерге қоятындарға есімі жақсы таныс Айбек Қалиев биыл Республика күні қарсаңында өткен аламанда «Алтын домбыраны» үйінің төріне ілді. Ол – айтыста қалыптасқан өзіндік мәнері мен мақамы, көркемдік қуаты мен сөз саптауы бар  ақын. Сахна мен сөздің киесін, домбыраның қасиетін ұғынып, ұлттық өнердің бір пұшпағын илеп жүрген айтыскер ағамызды су жаңа марапатымен құттықтап, қоңырау шалдық.

– Айбек мырза, алдымен жүл­деңізбен құттықтаймыз. Айтыста көп жыл жүріп, қол жеткізген мара­патыңызды алған кезде қандай сезімде болдыңыз?

– Қолыма домбыра ұстап, айтыс сахнасына шыққаныма 33 жыл болды. 1992 жылы мек­теп­те оқып жүріп алғаш рет оқушылар айтысына қатыс­тым. Содан бері үзбей айтыс сахнасында келе жатырмын. «Алтын домбыра» алуым да ұзақ жылғы еңбегімнің нәти­жесі, бейнетімнің зейнеті деп түсіндім. Бірақ сахнаға шығып жүрсем де, бұл марапат маған бұйырғанын естіп, әрине, толқыдым әрі қуандым. Сол кезде ішкі сезімімді қалай түсіндірсем екен, сөзбен айтып жеткізе алмаймын. 

– Сізді азулы айтыскер ре­тінде танитын тыңдарман­дарыңыз бар. Талай тақырыпта айтысқаныңыз айтыс тарихында жазылып қалды. Жалпы, айтыскер бір тақырыпты ұстан­ғаны жөн бе, әлде сөзге ерік бергені дұрыс па?

– Мұхтар Әуезов атамыз «Айтыс өнері – синкретті өнер» дейді ғой. Сондықтан айтыс көтеретін тақы­рыптық жағынан әр алуан болып ке­леді. Менің түсі­нігім­де де айтыскер осы та­қырыптың бәріне бір­дей дайын болуы қажет. Айтыс бо­латынның алдында қандай та­қырыпта екені жарияланады, әр ақын соған да­йындалып келеді, оны қаузап ізденеді, ақпарат жинайды. Айтыскер ақын домбырасын серік ете отырып, кез келген мәселе төңіре­гінде суырып са­лып айта алуы керек, мәселенің көзін таба білуі керек. Нәти­же­сінде, мәселенің түп-төркініне үңіле білсе, еш ұтылмайды.

– Айтыскердің қолтаңбасын оның мақамы да қалыптас­тыра­тыны рас қой. Бұрын ақын­дардың әрқайсысының өз мақамы болатын. Ал қазір мақам арасында әндердің ырға­ғын келтіру қалыпты жағдайға айналды. Айтыс мақамы деген­дегі ойыңыз қандай? Өзіңіз ай­тыс мақамын қалай келтіресіз, кімнен үйрендіңіз?

– Мақам тақырыбына әртүрлі қырынан келуге болады. Бұрынғы ақындардың әрқайсысының өзінің мақамы болғаны рас. Қазақ айтысы біраз жылдар тұншығып келіп, 80-жылдардың басында қайтадан жанданды. Жүрсін Ерман ағамыздың бастауымен телевизиялық айтыстар пайда болды. Тіпті радиодан да беріле бастады. Сол кезде өңір-өңірден ақындар өз аймағының  музыкалық дәстүріне сәйкес сол мектептердің мақамдарын алып шыға бастады.  Әрі бұл айтыстың бастау арнасы болғандық­тан, бұл мақамдар әрқай­сысының жеке имиджіне айналды. Бірақ кейінгі кезде айтыс да көп өт­кізіле бастады, ақындар да бұрын­ғыдай емес, көбірек шығып жүрді. Сөй­тіп, әркім өзіне жарасатын, дауы­сына келетін өзіне ыңғайлы ма­қамдарға көше бастады. «Әркім өзі­нің өңіріне тән мақамды алып шықса, жақсы бо­лар еді» деген пікірлер де айтылатын. Ол да дұрыс шы­ғар.

Оқушы, студент кезімде өзі­ме ыңғайлы мақамды көп іздедім. Рес­публикалық дең­гейде Жүрсін ағамыз ұйымдас­тырған айтысқа Торғай өңірі­нің мақамымен алғаш рет шық­тым. Кейін келе бір ауыл­дан шыққан Бекжан Әшірбаев ағамыздың айтысып жүрген «Әгигагім» мақамымен айтыса бастадым. Себебі Торғайдан шыққан халық ақыны Нұрхан Ахметбековтің жыраулық мектептің дауысты, шеберлікті қажет ететін мақамын игеру өте қиынға соқты. Өйткені өзімде қатты дауыс болмады. Екіншіден, мінезім сияқты салмақты мақам керек болды. Байыппен айтуға, айтыс үстін­де ойлануға ыңғайлы мақам болған­дықтан менің қолайыма жақты. Әрі Бекжан Әшірбаев­тың айтыстары ұнап, соған еліктеп жүрген шағым бола­тын. Бұл мақамның тарихын Бекжан ағамыздан сұрап едім. Оның алдында бұл мақаммен өзбекстандық қазақ ақын Ме­кембай Омаров айтысқан екен. Ол «Әккәлім-ай» деп ай­тысыпты. Бекжан ағамыз оны өңдегеннен кейін «Әгигагім» түрімен шықты.

– «Алтын домбыраны» ай­тыскер ақындардың осы өнерде алған ең қымбат сыйлығы, ба­ғындырған ең биік шыңы деуге бола ма?

– «Алтын домбыра» биыл 14-ші  рет өтіп жатыр. «Алтын домбыраны» алмаған біздің алдымызда қаншама қазақ айтысының жарық жұлдыз­дары бар. Атап айтатын болсақ, әріге бармай-ақ қояйық, біздің алдымыз­дағы буыннан қазіргі айтыстың тізгінін ұстап жүрген Аманжол Әлтаев, Мэлс Қо­сымбаев, Ақмарал Леубаева, Мұхамеджан Тазабек, марқұм Оразалы Досбосынов сияқты тағы бірқатар аға-апамыздың бәрі-бәрі «Алтын домбыраға» лайық деп есептеймін. «Алтын домбыра» 2000 жылдардың орта шенінде Жезқазған қала­сында қазіргідей емес кішігірім форматта, құйма алтын дом­быраның мүсіні беріліп, ең бірінші рет өткізілген еді. Оны Аманжол Әлтай ағамыз жеңіп алған. Ақын­ның деңгейін, ақынның құ­нын, ақынның бағасын «Ал­тын домбырамен» өлшеу дұрыс болмайды деп ойлаймын. Қа­зірдің өзінде бұл марапатқа ла­йық болатын қаншама ай­тыскерлер жүр.

– Айтыс десе, ішкен асын жерге қоятындар көп. Дегенмен соңғы жылдары «ақындар келісіп айтысады», «қарсыласын алдын ала анықтап алады» деген пікірлер айтылып жүр. Бұған не дейсіз?

– Ел арасы болғасын, әртүр­лі әңгімелер жүреді ғой. Айтысқа айтылып жатқан сындардың біразын мойын­дауға да болады, біразымен келіспеуге де болады. Қазір айтыс өзінің даму шыңына жа­қындап қалды. Заман алмасқан сайын, қоғам өзгерген сайын, айтыс та өзгеріп, халық ара­сында кеңінен танылып келе жатыр. Сондықтан жалғыз та­лантына, суырыпсалма қа­білетіне сеніп айтысқа шыға салу дұрыс емес. Өйткені қазір айтыс үлкен дайындықты талап еткендіктен, айтыскер­лер де соған лайық болуы керек. Мысалы, тойға барып тост сөйлегеннің өзінде іштей дайындалып барады емес пе?! Ал айтыс – көрермен алдын­дағы үлкен жауапкершілік. Сондықтан ақынның ішкі дайындығы болғаны жөн. Жа­сам­паз өнер саналатын айтыс кезінде көптеген халықта да болды. Дегенмен заман өте келе кей халықта қолданыс­тан шығып қойған. Шынын айту ке­рек, осы өнерді тірілте алмай жүрген халық өте көп. Мы­салы, Түр­кияда айтыс сияқты өнер бар, олар «атышма», ал айтыскер ақын­дарын «озан­дар» деп атайды. Түріктер осы өнерін тірілте алмай жүр. Ал­дыңғы жылдары Қырғызстан­нан, Қазақстаннан, Өзбекстан­нан, Әзір­байжаннан, бес түркі халықтарының ақындарын жинады. Ондағы мақсаты – қазақ-қырғыздармен жиі-жиі айтысып, сол өнерді тірілтіп, біздің айтыстың деңгейіндей көтеріп алғысы келетінін айтқан. Әлі де әртүрлі іс-шара өткізіп жатқанынан хабар­дармыз. Сондықтан біз де қан­дай жолмен болсын айтысы­мызды өлтіріп алмас үшін әрекет етуіміз керек. Білесіз­дер, газет көп оқитын, теле­дидар көретін жастар сирек. Әлеуметтік желі пайда болған­нан бері біраз нәрсені ығыс­тырып келе жатыр. 

– Заман өткен сайын тың­дарман көзқарасы, таным деңгейі өзгереді. Өткен мен бүгінді салыстыра аламыз ба? Айтыста не өзгерді? Айтыссүйер қауымның бүгінгі суырыпсалма ақын­дардан күтетіні не? 

– Әрине, заман, қоғам өзгерген сайын сәйкесінше адам да, оның таным деңгейі де өзгереді. Айтыс өнері де заманға бейімделіп, қоғамның көшінен қалмай келеді. Айтыс көрерменінің рухани сұранысы да әрқилы. Бір көрерменге қоғамдағы келелі мәселелерді көтерген айтыстар ұнаса, енді біріне қазақы қалжыңға құ­рылған әзіл айтыстар ұнайды. Саяси тақырыптағы айтыс­тарды ұнататын көрермендер де жеткілікті. Жалпы, қай тақырыпты қозғаса да, көрер­менге ой салатын айтыстардың көп болғаны дұрыс деп есеп­теймін.

– Ақындар айтысы ай сайын не болмаса күн сайын өтпейді ғой. айтыстан тыс тіршілігіңіз қандай, той-думанға шақырып жатса, ұсынысты қалай қабылдайсыз?

– Негізгі кәсібім – оқы­тушылық. Университетті тә­мам­дағаннан бері жоғары оқу орындарында жастар тәр­биесімен айналысып келемін. Қазір Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педа­гогика­­лық универ­ситетінде фа­­куль­тет деканымын. Ғы­лым­­мен шұғылданамын, Тор­ғай ақындық мектебі тақыры­бында диссертация қорғап, монография, оқулық­тар жаз­дым. Жастау кезімізде той бас­қарып, асабалық атқар­дық. Қазір де кейбір кісілер ырым­дап келіндерінің бетін ашқы­зып, баласының тұсауын кес­кізіп жатады, әрине қолы­мыз тиіп жатса,  қуа­нышына ортақ болып жүреміз.

– Арқалықтағы Ы.Алтын­сарин атындағы педагогикалық университеттің педагогика және филология факуль­тетінің дека­ны екеніңізден хабарымыз бар. Сол ЖОО-да айтыскерлікке әуес болып жүрген жастар бар ма? Шәкірт тәрбиелейсіз бе? 

– Университетке келген талантты жастардың өнерін шыңдап, ақыл-кеңесімізді айтып жүреміз. Өнерге бейімі бар студенттердің қабілетін шыңдап, айтыс жолындағы алғашқы қадамдарын нық басуға бағыт-бағдар береміз. Қолымнан келгенше тәжіри­бемді бөлісіп, айтыс өнерінің қыр-сырын үйретуге тырыса­мын. Қуанышқа орай, айтысқа қызығу­шылық танытып жүр­ген шәкірттерім аз емес.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ