in

Аймақ болашағын айқындаған бағыт

Бұл орайда саланы цифрландыру жобаларының азғантай уақыт ішінде толымды нәтижеге жетуі зор үлес қосып отыр. Бүгінде егістік пен мал шаруашылығының рентабельдігін арттыру, өнім сапасын жақсарту мен еңбек өнімділігін еселеу – басты мақсат. Ал оны іске асыру үшін озық цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізу қажет.

Цифрландырудың елдің басты экономикалық драйвері – ауыл шаруашылығында кеңінен қол­дану жөніндегі өзекті мәселелер Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен өткен агроөнеркәсіп кешенін да­мы­ту жөніндегі үйлестіру кеңе­сі­нің отырысында талқыға түсті. Әкі­мнің айтуынша, цифрланды­ру – ауылдың болашағын ай­қын­дайтын нақты стратегиялық бағыт болмақ.

Жиынды ашқан облыс әкімі Марат Ахметжанов аграрлы ай­мақтың астық жинау тарихында бұрын-соңды болмаған биылғы жетістігін ерекше атап өтті.

– Биылғы астық түсімі соңғы жылдардағы орташа көрсеткіштен бірнеше есе жоғары болды. Бү­гінде облыс диқандары 7 миллион 600 мың тоннадан астам астық жинап өңірдің тарихында осыған дейін болып көрмеген өнім жинап отыр. Бұл – ауылдағы қарапайым диқан шаруалар мен еңбеккер­ле­рінің маңдай тері мен қажырлы ең­бегінің жемісі. Астық шығым­ды­лығымен қоса, сапасы да кө­ңілге қонымды. Бұл ауыл шаруа­шылығымен айналысатын аймақ шаруаларының жағдайын түзеп қана қоймай, елдің әл-ауқатын көтеруге де елеулі ықпалын ти­гізбек, – деді өңір басшысы.

Бұл рекордтық көрсеткішке қол жеткізуге мемлекет тарапынан көрсетілген жүйелі қолдау айрық­ша ықпал еткенін атап өткен жөн. Мәселен, «Кең дала–2» бағдар­ла­масы аясында облыс шаруаларына 118 миллиард теңге жеңілдетілген несие берілген. Кепілді мүлік жеткіліксіз болған жағдайда кепіл ретінде облыс әкімдігі тікелей қолдау білдірген.

Осылайша, аймақтағы бір­қа­тар іргелі шаруашылықтардың машина-трактор паркі де жаңа­рып, мыңнан астам техника ли­зинг арқылы алынған. Сонымен қатар тыңайтқыштар көлемі үш есеге артқан. Нәтижесінде, астық­тың 85 пайызы жоғары сапалы класқа жатқызылды. Келер жыл­ға қажетті тұқым қоры толық қам­тамасыз етіліп, жоғары репро­дукциялы тұқым үлесі де айтар­лықтай өскені мәлім болды.

– Биыл ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемін 1,3 триллион теңге деңгейіне жеткізу жоспарланып отыр. Бұл соңғы үш жылдағы өсімді үш есеге жуық арт­тырады. Демек, Ақмола об­лы­сы – аграрлық саладағы нағыз көш­басшы өңірге айналып отыр, – деді әкім Марат Ахметжанов.

Жасанды интеллект – диқанның «ақылшысы»

Жиында ауыл шаруашылығы саласындағы цифрландырудың нақты нәтижесін «Дихан Плюс» ЖШС басшысы Денис Швай­бо­вич бөлісті. Оның айтуынша, атал­ған кәсіпорын өндірістік процестерінің 80 пайызын цифр­лық форматқа көшіріп үлгерген.

Қазір мұнда техника қозға­лысы, жанар-жағармай көлемі, тыңайтқыш пен тұқым есебі, өнім сапасы мен қоймадағы айналы­м­ның барлығы дерлік электронды жүйемен бақылауға көшкен.

– GPS-трекерлер мен элек­трон­ды жанармай құю жүйесі ада­ми факторды толығымен жой­ды. Нәтижесінде, еңбек өнімділігі 40–50 пайызға дейін артып отыр. Бұрын тоғыз егіс кешені жұмыс істесе, қазір тек бесеуі ғана жет­кі­лікті. Жасанды интеллект жұмыс күші мен ресустарды да үнемдеуге елеулі ықпалын тигізіп отыр, – дейді шаруашылық басшысы.

Ал ең қызығы, жасанды ин­тел­лекті мүмкіндіктері арқылы шаруалар осыған дейін аса күрделі болып келген бірнеше жылғы нә­тижеге талдау жасағаны мәлім болды. Өңір әкімінің бастама­сы­мен IT-компания мамандары «Ди­хан Плюс» шаруашылы­ғын­дағы 60 егістік алқаптың сегіз жыл­­дық дерегін жасанды ин­тел­лект жүйесіне енгізіп, егжей-тег­жейлі сараптап талдау қоры­тындысын шығарды.

Бағдарлама әр алқап бойынша өнімділікті арттыру жолдарын, то­пырақ құрамындағы әлсіз тұс­тарды, тыңайтқыш мөлшерін және егу схемасын толықтай ұсын­­ған. Егер ұсыныстар толық орындалса, әр гектардан 3–4,8 центнерге дейін қосымша өнім алуға болатыны анықталды.

– Бұндай ауқымды талдауды әдетте бірнеше агроном бір ай бойы жүргізетін еді. Ал жасанды интеллект мұны бірнеше сағат ішінде ғана орындап берді, – деп атап өтті Денис Швайбович.

Аймақ басшысы бұл бастама­ны пилоттық жоба ретінде ба­ға­лап, келешекте барлық шаруа­шылықтарды осындай цифрлық жүйеге кезең-кезеңімен көшіру қажеттігі көзделіп отырғанын жеткізді.

Кеңесте көтерілген аса өзекті тақырыптың бірі – аграрлық кадрлардың аса тапшы болып кеткендігі жөнінде болды.

Аймақта аграрлық салаға оқытатын ондаған колледждер мен оқу орындары бар болғаны­мен, ауыл шаруашылығы кәсіп­орындары жұмысшы күшіне аса зәру болып шықты. Әкім бұл ба­ғытта оқу орындары мен шаруа­шы­лықтар арасында ынтымақтас­тық орнату қажеттігін ерекше атап өтті.

– Студенттерді егін орағы ке­зінде есепші, техникалық көмекші ретінде тәжірибеге тартуға бо­ла­ды. Бұл болашақ жас мамандарға әрі тәжірибе, әрі қосымша мол табыс көзі болады, – дейді облыс әкімі.

Ал әйгілі аграрий, «Родина» агрофирмасының директоры Иван Сауэр білімсіз инновация болмайтынын атап өтті:

– Мен институттан кейін бри­гадир болып жұмыс істедім, жыл сайын емтихан тапсыратынмын. Инженер болғанда – жылына екі рет. Қазір де үйренуді тоқтатқан жоқпын. Себебі білімсіз жаңа технологияны игеріп шығу мүм­кін емес. Ал шетелден маман шақыру аса үлкен қателік. Олар тек уақытша келіп-кетеді. Ал біздің жерге, халқымызға деген жауапкершілігі болмайды. Сон­дықтан бірінші кезекте өз ма­мандарымызды оқытып, олардың іс жүзінде жергілікті кәсіп­орын­дарда тәжірибеден өтіп, кейін дәл сол кәсіпорындарда қызмет етуіне мүмкіндік туғызу қажет, – дейді Иван Сауэр.

Жалған фермерлерге тосқауыл қажет

Жиында тағы бір өткір мәсе­ле – мемлекеттік субсидиялардың тиімділігі жайы да сөз болды. Атап айтқанда, оңай олжаға қарық болғысы келген кейбір пысықай шаруашылықтар миллиардтаған қаржы алып, өнімділігі мен салық төлемдері аса төмен күйінде қал­ған. Бұл туралы әкім де, ардагер аграрлық шаруашылық иелері де ашық айтты.

– Көп жағдайда қағаз жүзінде бәрі жақсы. Ал іс жүзінде гектары­нан үш-ақ центнер ғана өнім алатын немесе сиырынан үш литр ғана сүт сауатын шаруалар бар. Бұларға субсидия емес, жермен айналысуға мүлде тыйым салу керек, – дейді Иван Сауэр.

Марат Ахметжановтың ай­туын­ша, жасанды интеллект бұл бағытта үлкен ауқымда қолданыла бастаған. Цифрландыру жүйе­сіндегі жаңа технология көмегімен мемлекеттік қолдау алған барлық шаруашылықтардың көрсеткіш­тері сараланғанда нақты «көш­басшылар» мен «аутсайдерлер» толықтай анықталып отыр.

Көшбасшылар қатарында «Ро­дина», «Петровское» сияқты іргелі шаруашылықтар болса, артта қалғандар арасында «Азат Агро» және «Агро Сфера» сияқты шаруашылықтар мәлім болды.

Фермерлер сондай-ақ «Азық-түлік келісімшарт корпора­ция­сының» жұмыс принципін же­тіл­діру жөнінде де бірқатар маңызды ұсыныстарын айтты. Олардың мәліметінше, егер экспорттық жоспарлар мен бағалар алдын ала белгілі болса, шаруалар өндіріс көлемін нақты болжауға мүм­кіндік алар еді. 

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі ауыл шаруашылығын цифрландыру өнімнің көлемімен қатар, саладағы нақтылық пен ашықтыққа да зор ықпалын ти­гізетінін атап өтті. 

– Алдымыздағы басты міндет – ауыл шаруашылығы саласын заманауи цифрлық технологиялар негізінде дамыту болып отыр. Тиім­­ділік, ашықтық, өнім сапа­­сы – бәрі автоматтандыру мен нақты есепке байланысты. Цифр­ландыру тек үнем емес, бұл бәсе­кеге қа­бі­лет­тіліктің басты шарты болмақ, – дейді Марат Ахмет­жанов.

Әкімнің айтуынша, Ақмола облысының ең үлкен артықшы­лығы – кең нарық пен өнім са­пасы, ендігі мақсат сол әлеуетті инно­вация арқылы еселеу болып отыр.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,

Ақмола облысы