in

Айыртаудан аттанған артиллерист

Бұл соғыста Қазақстаннан көп­­теген даңқты дивизия шық­қа­ны белгілі. Ұлы далада құрыл­ған түмендер Кеңес Одағын қор­ғау­да жан алысып, жан берісті. Ер­лігі­мен көзге түсті. Осындай күш­тік құрылымның бірі – Ақтө­бе облыс­ында іргетасы қаланған 312-­ат­­қыштар дивизиясы еді. Оның құ­ра­мы негізінен үш ұлттан жасақ­талған. Ал қазақтардың үлесі 32 пай­ызды құраған екен. Біздің бү­гінгі кейіпкеріміз – осы диви­зия­ның 859-артиллериялық полкі сапына енген қазақ жауынгері. 

Бегалы Боярысұлы 1901 жылы Көкшетау облысының Айыртау ауданына қарасты Сарысай Наурыз ауылында дүниеге келген. Майданға шақырылғанға дейін Солтүстік Қазақстан облысының «Наурыз» колхозында ауыл шар­уа­шылығы саласында еңбек етіп, мал шаруашылығымен айнал­ыс­қан. Қарапайым тірлікпен ай­налы­сып жүрген азамат Отан ал­дындағы борышын өтеу үшін Куй­бышев аудандық әскери комис­­сариатының шақыртуымен әскерге алынады. 312-атқыштар ди­визиясы майдан даласына бара сала Мәскеуді қорғауға аттанады. Түмен әскерді Боровск қаласы­ның маңына қорғанысты ұстап тұруға жібереді. Осылайша, жау­ын­герлер 11 қазаннан бастап 18 қазанға дейін фашистердің ша­буы­лы­на тосқауыл қояды. Алайда қарсыластың күші басым еді. Оның үстіне, қару-жарақ жеткізу жағы да қиындық туған сыңайлы. 

Оны дивизия командирі Алек­сандр Наумовтың 43-армия штабына жазған хатында байқай­мыз. Мәселен, баяндамада тү­менбасы қолда бар артиллерия­лық және атыс қаруларының оқ-дәрі бір күнге ғана жететінін жаз­ған. Үсті-үстіне төгілген Вер­махт әскерінің екпініне шы­да­май, дивизия шегіне отырып ұрыс салады. Бірақ қантөгіс майданда көптеген сарбазынан айырылады. Екі күн ішінде 11 мың­нан асатын жауынгердің 9,5 мыңға жуығы жер жастанған. Осы­ған байланысты дивизияны тылға әкетіп, қайта жасақтаған. Сөйтіп, 1942 жылы 9 шілдеде қай­тадан майданға аттанды. Осы­лайша, 312-атқыштар дивизиясы жауды тықсыра қууға зор үлес қосқан. 

Кейіпкеріміз 1943 жылғы 13 қазанда жеңіл жарақат алады. Бірақ жазылып шыққан соң қай­тадан ұрысқа кіріскен. Бегалы ақсақал талай мәрте ерлік таны­тып, тапқырлығымен көзге түсіп, бір­қатар марапат иеленді. 1944 жылғы 22 шілдеде «Әскери еңбегі үшін» медалін тағады. Ал 15 қыркүйекте «Ерлік үшін» медалі­мен марапатталған. Мәселен, «Әскери еңбегі үшін» медалі ша­бу­ылға шыққан фашист әскерін тоқтатып, 2 пулемет пен 20-ға жуық жауынгерді жер жастандыр­ғаны үшін берілген. Сондай-ақ 1945 жылғы 28 ақпанда жау әс­кері­мен күресте жанқиярлық ер­лік танытқаны үшін «Қызыл жүлде» орденімен марапатталған. Соғыс аяқталғаннан кейін Бе­галы Боярысұлына «Германияны жеңгені үшін» медалі табысталды. 312-атқыштар дивизиясы 1945 жыл­ғы 5 мамырда Эльба өзенінің шығыс жағалауына жетеді. Осы жерде америкалық жауынгерлер­мен кездесіп, өңірді фашист әс­кері­нен тазалаған екен. Содан 7 мамырға дейін Берлинде тұрақ­тай­ды. Дивизия Екінші дүние­жүзілік соғыс кезінде көрсеткен ерлігі үшін марапат иеленген. Смо­л­енск қаласын азат етуде көр­сеткен жанқиярлығы үшін құраманы «Смоленск дивизиясы» деп атап кетті. Сондай-ақ «Қызыл ту» орденімен, екінші дәрежелі Суворов орденімен, екінші дәре­желі Кутузов орденімен марапат­талды. Дивизия құрамындағы 9 адам «Кеңес Одағының Батыры» атағын алды. 

Айыртаулық жауынгер соғыс аяқталғаннан кейін елге оралып, совхозда жұмысын жалғастырған. Зейнетке шыққанға дейін мал шаруашылығымен айналысыпты. Бүгінде оның ұрпағы атасының ерлігін мақтанышпен айтады.

Әсет ҚАЛИ