31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Осы орайда Aikyn.kz Астана маңындағы Ақмол ауылында орналасқан 1937 жылы саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың әйелдеріне арнап ашылған «АЛЖИР» музейі жайлы материал әзірледі.
АЛЖИР (Акмолинский Лагерь Жён Изменников Родины) – 1937-ші жылы КСРО ішкі істер халық комиссариатының арнайы бұйрығымен салынған Ақмола халық жаулары әйелдерінің лагері. Кейіннен көпшілік арасында АЛЖИР аталып кеткен азап орталығында 20 мыңға жуық әйел тұтқында болған. Осынау тозақ орталығында небір ел жайсаңдарының жұбайлары, қыздары мен қарындастары жазықсыздан-жазықсыз жапа шекті.
Музей-мемориалдық кешені бірнеше мұражайлық нысаннан тұрады.
Қасиетті мекенге кіреберісте тірілер мен бақилық болғандар тоғысатын – «Қасірет қақпасы» монументі орналасқан. Бұл монумент – опат болған күйеуі мен жоғалған балаларына жоқтау айтқан ананың бейнесі. Қақпаның астынан өткен әрбір адам саяси қуғын-сүргінге ұшырап, сол зұлмат жылдарда қаза тапқандарға тағзым етіп, бас июі тиіс.
Мемориалды-мұражай кешенінің аумағында бірнеше музей нысаны бар. Ал мұражай ғимараты кесілген конус пішіндес. Ғимараттың терезесі жоқ, бірақ жарық экспонаттарға жоғарғы жақтан түсіп тұрады және құпия біртіндеп ашылады дегенді меңзейді.
Мұражайға кіру тоннельден басталады. Тоннель мен оның қабырғасында салынған суреттер халықтың қуғын-сүргін жылдарындағы қиын-қыстау тағдырын көрсетеді. Тоннельде тоталитаризм дәуіріндегі жер аудару вагондары мен арбалардағы қуғынға ұшыраған адамдар, ату жазасына кесілгендердің бейнесі кескінделген.
Саяси жер аударылған «халық жауларын» таситын «Сталиндік вагон», немесе оны «Қызылша» деп те атаған.
Қуғынға ұшыраған тұтқындарды тасуға арналған бұл вагон 1927 жылы Одесса қаласында жасалған. Осындай вагондарда Кеңес Одағының тұтқындарын тасып, екі айдан артық жол жүрген.
«Отанын сатқанның отбасы мүшесі ретінде»жазықсыз айыпталған «АЛЖИР» және басқа саяси тұтқындары «жылыжай» («теплушка») деп атаған. Вагон екі қабатты сәкі-төсекпен жабдықталған. Жоғарғы жағында торланған екі терезесі бар. Вагонға 70-тен астам тұтқын сыйған.
КСРО ОАК-нің 1934 жылдың 8 маусымындағы қаулысына сәйкес “отанын сатқандардың” отбасы мүшелеріне 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе 5 жылға Сібірдің аудандарына жер аудару жазасы кесілген.
Лагерь бірнеше саман барақтардан, төрт мұнара мен темір торлардан тұратын. Қаңтар мен ақпан айларында тұтқындалғандар үздіксіз этаппен келіп түсіп жатты. Тек қана Бутыр түрмесінен 1600 әйел әкелінді. АЛЖИРге әйелдер сол кездегі Одақтың сан түрлі өлкелерінен: Мәскеу, Ленинград, Украина, Грузия, Армения, Орта Азиядан жіберілді. Тұтқын әйелдерге шағын ғана лагерь тым таршылық ете бастады. Сондықтан да, жаңа келгендер қатты боран мен дауылға, ыстық пен жаңбырға қарамай барақтар салып, оларға сәкілер орнатты. Ағаш тақтайдан жасалған сәкілерге матрац орнына шөп төселді. Барақты жылыту үшін қамыс орып, оны отын ретінде пайдаланды. Жылуы жоқ, жалпылдақ қамыс екі қыс бойы олар үшін отынның негізгі түрі болды. Кезекшілікте тұрғандар түні бойы үздіксіз қамысты пешке лақтыратын, алайда оның жылуы 6-8 градустан көтерілмейтін.
Лагерь тұтқындары жап-жас, сұлу, көпшілігі балалы, тіпті емшектегі сәбилері бар әйелдер еді. Темір тордың арғы жағында олар өздерінің сүйіктілері мен ең ардақты азаматтарынан айрылып, «барлық ұлттың көсеміне» табынулары керек болды.
Лагерьге келгендер өздерінің тектерінен, ұлтынан, қарапайым өмірдегі мамандығынан айрылды. Бәрін бір ғана ортақ ат – халық жауы, отанын сатқандар деп атайтын. Адамдардың бәрін жеке лагерлік арнайы киімдеріндегі – қаша қалған жағдайда көздейтін нысанаға айналатын – арқасындағы, жеңдеріндегі, тізелеріндегі нөмірлерімен айырып, ажырататын.
«АЛЖИР» тұтқындарының бүкіл өмірі бір-бірінен айырмашылығы болмайтын сұп-сұр сұрқайы күндерден тұратын. Таңсәріден барақ алдында жалпы түгендеу, одан кейін асханадағы бір ожау сұйық ботқа.
Бір тілім қара нан, ожау толмас көже мен шәй ішетін шәшкеге салынған – баттасқан ботқа – міне, бұл тұтқындардың өзгермейтін ас мәзірі болды. Жылдың қай мезгіліне қарамастан, айдан ай өзгеріп отырғанмен тамақ түрі еш өзгермейтін. Сондықтан да тұтқындар үздіксіз аштықтың азабын тартумен болатын. Ең ауыры олардың денсаулықтары сыр беріп, қанша қиналса да тамақ жайында әңгіме айтуға рұқсат етілмейтін.
Ең сұмдығы – мұнда бойына нәресте біткен аналарға да мейірімділік жасалмады. Нәтижесінде темір тордың ар жағында 1 мың 507 нәресте дүниеге келіп, олардың басым көпшілігі аштық пен суықтың құрбаны болды.
Лагерьге анасымен түскен сәбилер 2-3 жасқа жеткен соң аналарынан айырылып алынып, балалар үйлерінің «тәрбиесіне» берілді.
АЛЖИР тұтқындары күндіз егін егіп, мал бақты, құрылыс жұмыстарымен айналысты. Әйелдер жеміс ағаштарын өсірумен де айналысты: алма, алмұрт, қараөрік, шие өсіру де жолға қойылды. Ал, жылыжайларда гүлдер, барақтарды бойлай теректер отырғызылды. Барлық өнім темір тордың сыртына әкетілді. Себеб олар тұтқындағыларға арналмаған еді және олардың тамақтану мәзірінде де болмайтын.
Ал түнде жалғыз шамның жарығымен тігін тіккен. Елдімекендерден алыс меңіреу далада әйелдер өздерін тамақпен киіммен қамтамасыз ететін үлкен өндірістік кешен құрып қана қоймай, соғыс жылдарында майданды арнайы мундирлеумен қамтамасыз етті. Лагерде тігін фабрикасы жолға қойылып, кейіндеу кестелеп тігілетін өнімдер шығаратын цех ашылды. Тұтқын әйелдер лагерьдің ауыр тіршілігіне қарамастан, Мәскеу, Ленинград, Харьков, Киев, Новосибирск және т.б үлкен қалалардың тапсырысын өте жоғары деңгейде орындап отырды.
Лагерде КСРО мемлекет басшыларының, әскери қолбасшылардың әйелдері мен жақын туыстары, Қазақстан басшылық қызметкерлерінің әйелдері мен балалары, жақын туыстары жапа шекті.
Онда маршал М.Н. Тухачевский, А.С. Енукидзенің әйелі мен қызы, Сәкен Сейфуллиннің әйелі Гүлбахрам, Бейімбет Майлиннің әйелі Күнжамал, Тұрар Рысқұловтың әйелі Күләндам, Сейітқали Мендешовтың әйелі Рәзия, Темірбек Жүргеновтың әйелі Дәмеш, Санжар Асфендияровтың әйелі Рабиға Майнұр Сармолдаева және т.б. көптеген қазақ азаматтарының әйелдері, аяулы аналар «жазасын өтеді».
Лагерлердегі адам өлімі тым жоғары болатын. 1940-1950 жылдар арасында Қарлагта 10 000-нан аса сотталғандар о дүниелік болды. Әсіресе, 1943 жылы адам өлімі тым көп, ай сайын жүздеген адамдар қаза тауып жатты. Жаппай адам өлімінің көп болғанын Қарағанды мен Ақмола облысы аумағындағы жер аудару мен қамау орындарының маңайындағы қорымдар арқылы да бағамдауға болады.
Тарих Ақмола облысының бұрынғы Малиновка, қазіргі Ақмол ауылында болған Ақмола лагері жайлы ұмытқан жоқ. Бұл орын ХХ ғасырдағы адамзат трагедиясының үнсіз куәгері ретінде әлі де тұр.
Шетел мемлекеттерінің елшіліктері «АЛЖИР» тұтқыны болған 62 ұлттың әйелдерінің рухына тағзым ретінде естелік белгі орнатқан.
Қазір ГУЛАГ-тың бұрынғы аралдарында жаппай террорлардың азабын тартқандар мен құрбандарына арналған ескерткіш қабырғалар мен обелискілер қойылған.