in

Алып кеме әзірленіп жатыр

Зауыттың іші азан-қазан. У-шу. Бұл жерде ешкім артық сөй­ле­мейді. Тек екі қол ғана қимыл­дайды. Иә, олардың қолы алтын. Се­бебі олар – нағыз еңбек адам­дары. Міне, азан-қазан зауыт іші­мен жүріп өтіп, зауыттың артқы қақ­пасынан ауласына шықтық. Алдымызда үлкен кеме тұр. Биік­тігі шамамен 5 қабатты үйдей бо­лып қалады-ау. Қарасаң көз тоя­ды, сүйсінесің. Қазақстанның, со­ның ішінде аядай ғана Оралда осындай алып кемені құрастырып жат­қаны кеудеге мақтаныш сезі­мін сыйлайды. 

– Бұл – зауыт тарихындағы ал­ғашқы ірі жоба. Бұған дейін 35 ке­ме құрастырдық. Бірақ олар ша­ғын еді, ал мынау – 750 тонналық, – деп сөзін бастай жөнелді бізді кемеге бас­тап барған зауыт директоры Қа­дыржан Мұқанов. – Кеме – шы­нымен алып. Бұл – төрт қабат­тан тұратын кеме, ішінде жедел­саты орнатылып жатыр.

Оралдағы «Зенит» зауыты – Қа­зақстандағы кеме құрас­ты­ра­тын жалғыз кәсіпорын. Бұл жерде 700-дей адам жұмыс істейді. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Өз ши­кі­за­тымыз бен құрал-жабдық­тары­мызды барынша пайдалану, ірі кә­сіпорындарға жапсарлас өнді­ріс­тер ашу маңызды. Біз қай кезде де өндірісті дамытуды жалғастыра береміз» деген еді. 

Бұл сөздің дәлелі осындай ірі зауыттардағы жүзеге асырылып жатқан ірі жобалар болса керек-ті. Зенит зауыты дайындап жатқан алып кеме теңіз аумағындағы ше­кара қызметі үшін әзірленуде. Ке­ме төрт қабаттан тұрады. Оның ішін­де қару сақтайтын орын, асха­насы, жатын бөлмесі, азық-түлік­ке орын, жеделсаты бәрі қарас­ты­рыл­ған. 

– Бұл кеме теңіздегі шекара ты­ныштығын күзететін мамандар үшін әзірленіп жатыр. Еліміздің шекара аумағының тыныштығын күзету – жауапкершілігі мол іс. Біз ке­мені 2023 жылы құрастырып бас­тадық. 2026 жылдың сәуір-ма­мы­рын­да суға түсіреміз. Биыл «Зе­нит» зауытының ашылғанына 84 жыл толады, келесі жы­лы 85 жылдық мерейтойымыз, деп атап өтті «Зенит» зауытының бас директоры Қадыржан Мұқанов. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жария­лағаны белгілі. Оны зауыт ұжымы қуана қабылдағанын жеткізді. Себебі бұл жерде жұмыс істейтін 700 адамның 500-і – қарапайым ең­бек адамдары. 

– Президенттің биылғы жыл­ды «Жұмысшы мамандықтары жы­лы» деп жариялағаны біздің жұ­мысымызға дем берді. Біздің ұжым­да негізінен қарапайым жұ-мысшылар еңбек етеді. Бұл – ірі өндіріс ошағы. Сондықтан да жұ­мыс­шылар жылы дегенді естіп қуа­нып қалдық. Еңбек адам­да­ры­на көңіл бөлінгені өндіріске де сер­пін береді. Осы алып кемені құ­растырып жатқан сол – қара­пайым ғана еңбек адамдары, – дейді Қ.Мұқанов.

Андрей Третьяков зауытта 2014 жылдан бері жұмыс істейді. «Зауыт менің екінші үйіме айнал­ды», – дейді. Андрей дайындалып жатқан үлкен кеменің электр желілерін өткізіп жүр. 

– Мен бірнеше жылдан бері осы зауытта жұмыс істеймін. Бұл – менің екінші үйім. Біздің ұжым үлкен, адам көп. Соған қа­ра­мастан татумыз. Біз – қара­пайым жұмысшымыз. Әркім өз жұмысын істейді. Әр цехта әр жұмысшы әртүрлі бөлшектерді бірі қыздырып, бірі иіп, бірі бірік­тіріп жатады. Соңында осындай кеме секілді ірі жобалар дайын­да­лады, – дейді Андрей өз сөзінде. 

«Зенит» зауыты қазір түрік фир­масына сенімгерлік басқаруына бе­рілген. «Елдегі ең ірі кәсіпо­рын­ды түріктерге беріп қойғаны қалай болар екен» деп ел ағаларының біраз алаңдағанын білеміз.

– Бірақ бұл ірі өндіріс орнына ин­вестордың келуі, керісінше оң нә­тиже береді, – дейді зауыт бас­шы­лығы.

– Инвестор – түрік компания­сы. Қазір келісімшарттар жасалып болады. Зауыттың жұмысы, қыз­­мет бағыты еш өзгермейді. Сол ке­ме құрастырушы зауыт бо­лып қала береміз. Инвестор зауыт­­­ты жаңғыртуды қолына алып жатыр. Біз­дің цехтар әбден ес­кірген, ішін­дегі құрылғылар тозған. Ин­вестор солардың бә­­рін ауыс­ты­рып, жөндеу жүр­гізуге міндеттелді. Инвестордың пай­дасы болады, – деп атап өтті «Зенит» зауытының бас директоры Қадыржан Мұқа­нов. 

Биыл 16 мамырда «Зенит» зауы­ты «Семей» шағын күзет ке­ме­сін салтанатты түрде суға түсір­ген еді. Жаңа кеме Қазақстан Рес­­­­пуб­ли­касы Ұлттық қауіпсіздік коми­те­тінің Шекара қызметінің тап­сы­ры­сы бойынша жасалды. 

Кеме теңіз жағалауын патруль­деуге, браконьерліктің жолын ке­су­ге және теңіз аймағындағы кез келген оқиғаларға жедел қи­мыл жасауға арналған. Оның жо­ғары маневрлік қабілеті қиын жағ­дайларда тез және тиімді әре­кет етуге мүмкіндік береді.

Енді «Зенит» зауыты келесі жы­лы ең ірі кемені суға түсіруге дайын­дап жатыр. 

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА, Батыс Қазақстан облысы