Жаз мезгілінде аптап ыстық кезінде көп адам шөлін басу үшін салқын су ішуді жөн көреді. Бірақ кейбір үлкендер қауымы «ыстық күнде ыстық шай ішкен жақсы» деп кеңес береді. Алайда соңғы жылдары медицина мамандары бұл дағдының денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін екенін ескертіп жүр. Әсіресе, шайды өте ыстық күйінде ішу өңеш қатерлі ісігінің (рак) даму қаупін арттырады деген тұжырым бар. Бұл қаншалықты рас? Ыстық шай расымен зиян ба?
Ғылыми деректер не дейді?
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) мен Халықаралық қатерлі ісікке қарсы агенттік (IARC) 2016 жылы жариялаған мәліметке сәйкес, 65°C-тан ыстық сусындарды (соның ішінде шай, кофе, сорпа және т.б.) тұрақты түрде ішу өңештің шырышты қабатына зақым келтіріп, қатерлі ісікке себеп болуы мүмкін деп көрсеткен.
Мәселен, Иранда, Қытайда және Оңтүстік Америка елдерінде шайды өте ыстық күйінде ішу әдетке айналған. Осы өңірлерде өңеш қатерлі ісігінің көрсеткіші айтарлықтай жоғары екені анықталған.
Ыстық шайдың қаупі неде?
– Ыстық шай өңештің ішкі қабатын күйдіреді;
– Бұл қабынуға, тітіркенуге әкеліп, созылмалы зақым тудыруы мүмкін;
– Ұзақ уақыт бойы бұл әдет жалғасса, қатерлі жасушалардың пайда болу қаупі артады.
Дәрігер-онкологтардың айтуынша, шайдың немесе кез келген сұйықтықтың температурасы 60°C-тан аспауы тиіс. Бұл ауыз қуысы мен өңеш үшін қауіпсіз шек.
“Ыстық шай шөлді басады” – аңыз ба, ақиқат па?
Кейбіреулер ыстық шай дене температурасын теңестіріп, шөлді жақсы басады дейді. Бұл жартылай рас. Ыстық ішімдік (мысалы, су немесе шай) денені терлетіп, суық түйсігін тудыруы мүмкін. Бірақ бұл ыстық шайдың пайдалы деген сөз емес, әсіресе денсаулығы әлсіз адамдар үшін.
Кардиологтар мен гастроэнтерологтар жаз айларында ыстық шай ішудің орнына:
– бөлме температурасындағы су
– сәл жылы (бірақ күйдірмейтін) шөп шайлары
– салқын жеміс компоттары мен морс пайдалануға кеңес береді.
Ыстық шайды әсіресе аптап ыстық күндері көп ішу – дұрыс емес дағды. Ол өңештің күйіп, созылмалы зақымдануына, ал ұзақ мерзімді әсері қатерлі ісікке дейін апаруы мүмкін. Шай ішкен дұрыс, бірақ оның температурасына мән беру – денсаулықты сақтаудың қарапайым, бірақ маңызды жолы.
Есіңізде болсын: шайдың өзі емес, оның температурасы зиян болуы мүмкін.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз