in

Аралозавр: бүгінге жеткен ежелгі енші

Жуырда Қызылорда облысы­на қарасты Қармақшы ауданы­ның орталығынан солтүстікке қарай 90 шақырым жердегі Шах-Шах шатқалынан динозавр­лар­дың қаңқасы табылғаны мәлім болды. Облыстық мұражай мен Қар­мақшы аудандық тарихи-өл­ке­тану музейінің қызметкерлері бір­лесе атқарған барлау экспе­ди­циясының нәтижесінде табылған сүйек қалдықтары Мезозой дәуі­рі­нің Бор кезеңінде өмір сүрген алып динозаврға тиесілі екенін ал­ға тартқан мамандар бар. 

Негізінен, ежелден Арал маңы алып жануарлар мекеніне ай­­­­налғанын бұған дейін де зерт­теу жұмыстары дәлелдеген бола­тын. Нақтысын айтқанда, 1959 жы­­лы орыс палеонтологы А.Рож­­дественскийдің жетек­ші­лі­гі­мен ғылыми-зерттеу жұмыс­тары жүргізіліп, Бозтөбе свита­сын­да орналасқан шатқалдан Ме­зозой эрасының Бор кезеңінде өмір сүр­ген динозаврлардың сүйек­ қалдықтары анық­талған. Қазба жұмыстары нәти­же­сінде сол аумақтан динозавр­дың бас­сүйегі табылып, бей­­­­мәлім алып ке­сіртке «Аралозавр» деген атау­мен ғылыми қолданысқа енгі­зіл­ген еді. Бұл жолы жүргізіл­ген бар­­лау экспедициясы атал­мыш шат­қалды одан әрі тереңі­нен зерт­теп, миллиондаған жыл бұ­­рын Арал маңы алып кесірт­ке­лер­дің мекені болғанын дәлел­деуге үлкен сеп болып тұр.  

– Жалпы, Шах-Шах шатқа­лы­на бұл жолғы экспедиция жос­пары жуырда ғана ашылған жаңа музейіміздің экспозициясы не­гі­зінде палеонтология залын жа­сау барысында туындады. Бұған дейін музей қорынан Шах-Шах­тан табылған мамонттың, бұғы­ның қаңқаларын көретінбіз. Бұл да аталмыш кешенді одан әрі зерт­теуге деген қызығушылықты арт­тырғаны рас. Осы орайда айта кеткен абзал,  аталмыш шатқал Ме­зозой дәуірінің Бор кезеңінен жет­кен шөпқоректі Аралозаврдан бө­лек, бірнеше динозавр түрі­не, құстар мен өсімдікке өте бай. Мұны зерттеу нәтижесі көрсетіп отыр. 2000 жылдары бұл аумаққа франц­уз ғалымдары келгені жайында да дерек бар. Бұл жолы шат­­қалға жүргізген экспе­ди­ция­мызда орыс палеонтологы зерт­те­ген аумақты таптық. Топырақ үйін­ділерінің көлеміне қарап, ол жер­де бір емес, бірнеше жыл бойы­­на зерттеу жұмыстары жүр­гізіл­гені аңғарылады. Барлау жұ­­мыстары барысында құм қой­науынан динозаврдың көптеген қаңқасын тауып отырмыз. Бұл қаң­қалар малдың сүйегіне ұқса­май­­ды, қоңыр тасқа айналған, – дейді барлау экспедициясына қа­тысқан музейдің ғылыми қыз­меткері Асхат Сайлау. 

Бір қызығы, маман ежелгі алып кесірткенің қаңқалары су­дың жылғаларынан да шығып жат­­қанын айтты. Бұл аталмыш ау­­­­маққа қазба жұмыстарын те­реңі­­­нен жүргізу қажет екенін көр­сетеді. Палеонтологтардың пайым­дауынша, гадрозавр отря­дына кіретін Аралозавр 93-86 млн жыл бұрын өмір сүрген. Дерекке сәйкес, динозаврдың бұл түрінің Аралозавр аталуы ежелден Сыр бойының Арал маңы ретінде та­нылуымен байланысты болса ке­­рек. Соған орай Аралозавр атауы «Арал аймағының кесірт­кесі» де­ген мағынаны білдіреді екен. 

Бор кезеңінде өмір сүрген бұл динозаврдың бетінде иілген мұ­рын доғасы болғаны анықталған. Сондай-ақ аралозаврдың мұрын доғасы басқа гадрозавридтерге қарағанда жақсы дамыған деген пайым жасалып отыр. 

Негізінен, динозаврлардың қаңқалары бұған дейін еліміздің өзге де аймақтарынан табылғаны мә­лім. Соның айғағындай, бір жыл­дары Батыс Қазақстандағы Ақтолағайдан табылған алып ке­сірткелердің қаңқалары батыс ғалымдарының қызығушылығын туғызған болатын. Сол сияқты Шы­ғыс Қазақстандағы «Алаулы адырлар» геологиялық-палеон­то­логиялық және геоморфоло­гия­лық табиғат ескерткішіндегі ди­нозаврлар тарихи,  еліміздің бір­қатар өңірінен табылған ди­нозавр жұмыртқа қауыздары, жартастардағы диплодок дино­заврлардың суреттері көп дүниені айғақтайды. Жалпы, динозаврлар еліміздің оңтүстігінде, сондай-ақ  Орталық Қазақстан, Шығыс және Батыс өңірлерінде мекен ет­кені де анықталған. Бұл Ме­зо­зой дәуірінде еліміздің ыстық та, ылғалды тропикалық мекен бол­ға­нын көрсетсе керек. 

Арал маңынан табылған ди­нозаврдың өзіндік ерекшеліктері бар. Біріншіден, Аралозавр шөп­қоректі екені анықталса, бойы мен салмағына да қатысты нақты деректер айтылады. 

– Шах-шах шатқалынан бұ­ған дейін табылған Арало­завр­дың ұзындығы 8,  биіктігі 2,5 ме­тр­­ге дейін жеткен. Шамамен сал­­мағы 5 тонна болған деген жо­­ра­мал жасалып отыр. Сол сияқ­­ты үш қатарлы жағында 1000-ға жуық тісі болғаны анық­талды. Қазір Арал маңынан та­был­ған алғашқы динозаврдың бас­сүйегі Қазақ ғылым академия­сы­ның палеонтология музейінде тұр. Алдағы уақытта бұл шатқалға түгелдей барлау жұмыстарын жасауды жоспарлап отырмыз. Соның нәтижесінде бұл аумақты қор­шауға алып, тарихи-мәдени ескерт­кіш тізіміне енгізу қажет. Туристік аймақ ретінде қалыптас­тыруға да мүмкіндік мол, – деді музей қызметкері Асхат Сайлау. 

Мамандар Мезозой заманын­дағы қазақ даласының талай құ­пиясы құм қойнауында жасыры­нып жатқанын алға тартады. Боз­төбе свитасындағы шатқалға барлау жұмыстары кешенді түрде жүргізілсе, Бор кезеңінің тұнба қа­баттарынан тың деректер та­быларына сенім мол. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы