in

«Араққа тойып алған»: Павлодарда 3 жасар қызды әкесі ұрып өлтірді

Павлодарда үш жасар бөбекті әкесі ұрып өлтірді. Жантүршігерлік қылмысты ол ішімдікке сылқия тойып алып жасаған. Себебін енді ол тергеушілерге түсіндіріп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты КТК арнасына сілтеме жасап.

Қанды оқиға Тереңкөл ауылында болған. Елді мекендегі ауруханаға денесінің соққыдан сау тамтығы қалмаған бүлдіршін жеткізіледі. Дәрігерлер барын салғанымен, бөбектің бетін бері қарата алмады. Өйткені баланың бауыры жыртылып, мойны сынып кеткен. Қаршадай қызды ұрған әкесі екені белгілі. Сот санкциясымен ол қамауға алынған. Ал бүлдіршіннің мәйітіне сараптама жасалып жатыр.

– 2025 жылғы 20 қыркүйек күні түнде Тереңкөл аудандық ауруханасының қабылдау бөліміне 3 жасар бала жеткізілді. Түскен кездегі жағдайы аса ауыр, бала есінен танған, ешқандай реакция бермеді. Хирург дәрігерлер баланы қарап, жабық шүйде сүйегінің сынуы диагнозын қойған. Бұған қоса сол жақ қасүсті аймағында жыртылған жара, дененің жұмсақ тіндерінде көптеген соғылған жарақат пен көгерулер болған. Реанимациялық шаралар нәтижесіз болды. Баланың мүрдесі сот-медициналық сараптамаға жіберілген. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, – деп хабарлайды облыстық Денсаулық сақтау басқармасы.