2025 жылғы күзгі шақыру науқаны аясында Астана қаласының жиын пунктінен 40 жас сарбаздан құралған команда Алматы қаласында орналасқан десантшылар бөліміне мерзімді әскери қызмет атқаруға жөнелтілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Болашақ десантшыларды құттықтаған Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілі запастағы полковник Ғани Артықов жастарға ақ жол тіледі.
– Десанттық-шабуылдау әскерлері қатарында қызмет ету – әскери борышты өтеу ғана емес, бұл – үлкен жауапкершілік пен айрықша мәртебе. Мұндай элиталық бөлімшелерге тек дене даярлығы мықты, тәртіпті және ынталы жастар ғана іріктеледі. Көптеген жастар үшін бұл – ерлік мектебі, шынығу мен нағыз отаншылдықты бойға сіңіретін өмірлік сабақ, – деп атап өтті ол.
Әскер қатарында жас сарбаздар сұранысқа ие әскери-есептік мамандықтарды меңгеріп, армияда да, азаматтық өмірде де қажет болатын білім мен дағдыларды игереді.
Шақырылушыларды шығарып салушылардың арасында Алтай Айбаровты қолдау үшін отбасымен бірге келген Лола Айтмағамбетова да бар.
– Екі ұлым да Десанттық-шабуылдау әскерлері қатарында қызмет етті. Олар бұл өмір кезеңін әлі күнге дейін мақтанышпен еске алады. Айбар да өзін лайықты көрсетіп, борышын адал атқарып, ер жетіп оралады деп сенемін, – деді ол.
2025 жылғы күзгі шақыру науқанының жоспарына сәйкес, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға 22 мыңнан астам жас азамат шақырылады. Олардың қатарында 1 200-ден астам елордалық жас бар.