in

Асықтыру – алаяқтың қаруы

Себебі айла-тәсілдің түр-түрін меңгерген алаяқтардың нақты белгіленген шекарасы жоқ. Олар ел ішінде ғана емес, мыңдаған шақырым қашықта отырып-ақ құрбанын «торына» түсіруге қауқарлы.

Ішкі істер министрлігінің дерегінше, 2025 жылдың алғашқы екі айында ел бойын­ша 3 882 интернет-алаяқтық фактісі тіркелген. Оның басым бөлігі, яғни, 700-ден астамы жалған қызмет немесе тауар ұсынуға қатысты екені анықталған. Сондай-ақ министрлік таратқан ақпаратта алаяқтар­дың құрығына көбіне 50 жастан асқан азаматтар түсетіні айтылған. Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы Әлібек Оразалының сөзінше, алаяқтар санаулы минуттар ішінде жылдам әрекет етіп, құрбанын тығырыққа тірейді.

Алаяқтар қандай техникалық әдістерді жиі қолданады? Жеке деректерді қалай қорғаймыз? Біз өзекті мәселеге қатысты IT маман Ғасыр Құралбайұлының пікірін сұрап көрдік. Маманның айтуынша, қазір әлеуметтік желіде ұтыс ойындары көп кездеседі. Одан кейін жалған интернет-дүкендерге қатысты жарнамалар интернет кеңістікте желдей есіп жүр. Алаяқтық түрлерге бөлінгенімен, нәтиже бір – ақша­ңыз­­ды қайтарып алу мүмкін емес. Тұтыну­шысын тұзағына түсіретін мұндай фейк парақшаларды қалай тануға болады?

– Фейк аккаунтты бірден байқауға болатын бірнеше белгі бар. Ең алдымен, парақшаның атауы. Мысалы, «Kaspi.kz» деген атаудың орнына «Kaspi_bonus2024» деген сияқты бұрмаланған нұсқалар кезде­седі. Сосын мұндай парақшада көбіне верификация белгісі болмайды. Жазбалары да күмән тудырады: қатесі көп, суреттер сапасыз, ал мазмұны тұ­тынушыны біртүрлі асықтырады. «Тек бүгін», «тек алғашқы 100 адамға» деген жазбалар кездеседі. Бұл әдіс тұтынушының ұзақ ойланбай, тез шешім қабылдауы үшін жасалатын айла. Кезекті бір белгісі, байлан­ыс деректерінің болмауы. Егер тауар иесі нағыз компания болса, телефоны, электр­онды поштасы, тіпті кеңсе мекенжайы көр­сетіледі. Ал фейк парақшада мұндай деректер кездесе бермейді. Сондай-ақ келген сілтемелерге де сақ болу қажет. Домен атауын мұқият қараңыз. Бір әріп артық немесе кем болуы ықтимал. Мысалы, kaspi.kz емес, kasppi.kz болуы мүмкін, – деді IT маман. 

ChatGPT-ге сырыңды ақтарма

Қазір технология кең қанат жайып, тұтынушы қажеттілігі өзгерген сайын алаяқтар да өзінің даму сатысын «жетілдіріп» отырады. Олар пайдаланушының психо­логия­сына сәйкес алаяқтық схемасын құрып, дегенін әп сәтте жүзеге асыра алады. Мұны Ғасыр Құралбайұлы да жоққа шығармайды. Тағы бір атап өтетін маңызды жайт, қазір көп жағдайда тұтынушының өз қажеттілігін жасанды интеллекттің кө­ме­гі­мен өтеп отырғанын ескерсек, бұл тұста маман ChatGPT-ге де ақтарыла беруге болмайтынын алға тартты.

– Шын мәнінде, қазір алаяқтар да дамып кеткен. Олар фейк сайт жасайды. Сыр­тынан қарасаңыз, нағыз Kaspi немесе басқа да банктің ресми сайтына ұқсайды. Бірақ сайттың ішіндегі функция деректер ұрлауға арналған. Сосын фишинг қолданады, яғни пайдаланушыға жалған анкета немесе форма толтыртады. Осылайша, алаяқ құрбанының жеке мәліметтерін жинап алады. Кейбірі deepfake видеоларды пайда­ланады. Мысалы, «Мен өзім осы дүкеннен ұтып алдым» деген сарында танымал адам­ның бейнесін пайдалану арқылы айласын іске асырады. Сонымен қатар белгілі бір адамның атына «ұтыс түскені» туралы жалған чек жасап, скриншот арқылы адамдарды сендіретін жағдайлар да кездеседі. ChatGPT-ге өзіңіз жайлы жеке деректерді енгізуде абай болыңыз. Себебі ChatGPT хакерлерге қолды болған жағдайда, cіз жайлы ақпарат бәріне белгілі болады. Дәлірек айтсақ, ChatGPT-ге сентиментальды деректерді, ЖСН, банк нөмірін енгізуге болмайды, – деді ол.

Банк жеке деректі хабарласып сұрамайды

Осыған дейін де әлеуметтік желіде ChatGPT-ге қатысты отандық БАҚ-та жарияланған маңызды ақпарат тараған еді. Сарапшылардың сөзінше, жасанды интеллект платформасы бұлттық жүйеге байланған. Бұл дегеніміз, пайдаланушы сұрау жіберген барлық ақпарат серверде өңделеді. Осы тұста Ғасыр Құралбайұлы жеке деректерді қорғауға байланысты мына­дай кеңесін бөлісті: 

– Ең қарапайым, бірақ ең маңызды ереже – ешкімге SMS код, карта нөмірі, CVV-код, ЖСН сияқты деректерді бермеу. Әсіресе, телефон арқылы  хабарласқан адам «мен банк қызметкерімін» десе де, сенбеген жөн. Себебі банк қызметкері мұндай жеке ақпаратты сізге тікелей ха­бар­ласу арқылы сұрамайды. Екіншіден, екі факторлы аутентификацияны міндетті түрде қосып қойыңыз. WhatsApp, Instagram, Kaspi және т.б қосымшаның қауіп­сіздік баптауларына бір рет кіріп, қорғауды күшейту қажет. Үшіншіден, ақпарат тек ресми дереккөздерден алынуы тиіс. Егер ресми сайт екеніне көзіңіз жетпесе, ештеңе баспаңыз. Желіде өте сақ болу маңызды. Күмән туса, бірден тексеріңіз. Сенім ұялат­қысы келетін әдемі посттарға бірден ал­дан­ып қалмаңыз. Алаяқтар сіздің эмоция­­мен әрекет етуіңізге жұмыс істейді, яғни асықтырады, қорқытады немесе қуанта салады. Сол сәтте ойланып барып шешім қабылдаған дұрыс, – деді Ғ. Құралбайұлы.

Психоанализ бағытындағы психолог Нұргүл Абдразақова адамдардың қоғамда белең алған ұтыс ойындары мен түрлі жең­іл­дік науқандарына үйір болуының әлеуметтік, экономикалық, психологиялық себептері бар екенін, алайда эмоционалды тұрақты, психикалық сау тұлға мұндай әрекеттерге өздігінен бара қоймайтынын айтады. 

– Тұлғаның жаны мен тәні қатар дами­ды. Алайда кейбір адамдар қандай да бір жас шамасында жаны жарақат алғанда, тәні өсе береді, бірақ жаны сол жарақат алған шағында дамымай қалып қояды. Сол себепті айналамызда жасы 40-50-ге келсе де, пайымдауы, әрекеттері, шешімдері, қарым-қатынасы баланың немесе жасөспірімнің деңгейінде қалып қойған адамдар бар. Сырттан қарағандар олар туралы «Бала сияқты», «Немене, бала болып кеттің бе?», «Балалық жасапты» деген сөздерді жиі  айтып жатады. Олар өз өміріндегі қандай да бір сәтсіздіктерге өзгелерді айыптап, өздеріне жауапкершілік алуды қаламайды. Тек ересек адам ғана жауапкершілік ала алады. Себебі жауапкер­ші­лік бар жерде ғана еркіндік бар. Өкінішке қарай, жаны жаралы жан еркіндікті де дұрыс түсінбейді. Жан дүниесінде жарасы бар адам сыртқы факторларға өз көзіл­дірігі­мен қарап, шынайылықты сүзгіден өткізе алмай жатады, – деді психолог.

Идеализацияға жақын адамдар тұзаққа тез түседі

Маманның сөзінше, тұлға пси­хикасының іргетасы сәби туған уақыттан бастап шама­мен 5-7 жасқа дейін қаланады. Дегенмен әр адам өзінше ерекше екенін ескерсек, жоғарыда аталған мәселелердің себебі әркімде әртүрлі болуы мүмкін. 

– Бала өмірге келген сәттен бастап көзімен не көрді, құлағымен не естіді, денесімен не сезінді, бәрі бейне бір компью­­терге жазылған ақпарат сияқты оның бейсана қоймасында сақтаулы. Кейінгі әрекеттер осы тәжірибесіне байлан­ысты өрбиді. Сондықтан кей адамдар өмірінде қайталана беретін оқиғалармен бетпе-бет келеді. Мысалы, ұдайы оны өзгелер алдап кетеді, бірнеше рет маскүнем күйеуге тап келеді немесе істе жолы болмайды.

Ұтыстар мен жеңілдіктерге сенетін адамдар туралы сырттай қаржылық қиын­дықтарға тап болған, ақкөңіл сенгіштігінен деп ақтап алармыз. Шындығында, бұл іш­тегі қуысты толтыру, ата-анасына өзінің бар екенін көрсету, мүмкін жазалау шығар. Кінә сезімі, өзін-өзі төмен бағалау, тіпті агрессия болуы да мүмкін. Адамдардың уәдеге сеніп қалуының астарында өзін-өзі алдау жатыр, – деді ол.

Нұргүл Абдразақова алаяқтар тұтыну­шыны тұзағына түсіру үшін психологиялық айланы жақсы меңгергенін алға тарта отырып, олар жиі қолданатын әдіс-тәсілдерді тізіп өтті. «Адамның осал тұсы – оның эмоциялары, сондықтан алаяқтар эмоция­лық манипуляция жасайды» дейді ол.

– Біріншіден, жарнамада берілген мүм­кіндікті жіберіп алмау немесе тұтынушы­сы үшін жеңілдік жасау. Мұнда тұтынушы бір мүмкіндік беріліп, өзін біреудің қамқор­лығына бөленіп жатқандай сезінеді. Екін­шіден, алаяқтар пікірлерді қолданып, болашақ тұтынушыны қатардан қалып бара жатқандай сезімде қалдырады. Сәй­кесінше, осы кезде тұтынушыда бейсаналы сиблингтік бәсекелестік оянады. Үшіншіден, тұтынушымен сөйлескен сәтте терминдер қол­данып, статистика көрсету арқылы өз­дерін заманауи, дамыған адам  кейпінде көрсетеді. Идеализацияға жиі ұрынатын тұтынушылар тұзаққа оңай түседі, – деді Н. Абдразақова.

Интернет-алаяқтық – тек жергілікті емес, жаһандық сипат алған мәселе. Елімізде киберқылмыстың жаңа түрлері жылына мыңдаған адамды сан соқтырып отыр. Кез келген жағдайда ақпаратты сүзгіден өткізу – қауіпсіздіктің алғашқы қадамы болып қала береді.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, Алматы қаласы