in

Ата-ана, баласынан бір-ақ күнде айырылған атыраулық тұрғын қиындықты қалай жеңді?

Айзада Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының колледжін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітіріп, «Ренко» қонақүйінде жұмыс істеген. 2021 жылы тұрмысқа шықты. Бәрі жақсы еді.  Бірақ 2024 жылдың 2 қаңтарында үйінде газ жарылып, өмірін түнек басты. 

– Сол күні менің арқам, кеудем, қолым мен табанымның 69%-ы ІІІ дәрежелі күйік алды. Үйде мен, ата-анам және балаларым бар еді. Өкінішке қарай, ата-анам мен балаларым қаза тапты, — дейді Айзада.

Екі ай ауруханада болу оның өміріндегі ең ауыр сынақ болды: ұйқысыз түндер, қозғала алмау. Өмір аяқталды деген ойлардан арылу мүмкін болмады. Бірақ, бір жылдан кейін Айзада «Біз де адамбыз» қорының әлеуметтік желідегі парақшасын кездейсоқ көріп, «Тиімді оңалту» жобасы туралы білді. 

Қордың алғашқы шарасында ол мүгедектігі бар, бірақ белсенді, қуанышты өмір сүретін адамдарды көрді. Бұл оның өзіне деген көзқарасын өзгертті.

– «Егер мен мүгедек арбада отырсам, ештеңе істей алмаймын» деп ойлайтынмын. Бірақ, қордағы адамдар маған өмірдің жалғасатынын, тіпті арбада отырып та көп нәрсеге қол жеткізуге болатынын көрсетті. 

«Мен дайынмын!» қысқа мерзімді бағдарламасы туралы білген соң, Айзада SMM курсына жазылды. Фарида Хакимнің жетекшілігімен оқу оған өз күшіне сенуге және камера алдындағы қорқынышты жеңуге көмектесті, – дейді ол.

Бүгін Айзада әлеуметтік желідегі парақшалар жүргізеді. SMM қызметін ұсына бастады. Ең бастысы – «мүмкін емес» деген сөз оның өмірінен кетті.

– Бұрын өзімді жалғыз сезінетінмін, қазір мен сияқты адамдар көп екенін білемін. Өмір тоқтаған жоқ – ол енді ғана басталды. Әр өзгерісім мен үшін қуаныш. Барлық арманым орындалатынына сенемін, – дейді Айзада Қуандыққызы.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА, Атырау облысы