Бұл игі мұрат Тәуелсіздікті қорғау мен құқық үстемдігі секілді қасиетті құндылықтармен терезесі тең түсіп, «Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттарының» қатарына қосылып, елдіктің берік негізі ретінде салтанат құруға тиіс. Әр шаңырақтың ырысы ортаймай, берекесі тасуы үшін ұлттық экономиканың қарқынды дамуы – бүгінгі күннің айнымас талабы. Осы ұлы көшті өрге сүйреп, өркениетке бастайтын басты қозғалтқыш күш отандық өңдеу өнеркәсібінің жаңа серпіні болмақ.
Өңдеу өнеркәсібі – дамудың алтын арқауы
Ата Заңның жаңа нұсқасында халықтың тұрмысын түзеуді және экономиканы ілгері бастыруды Үкіметтің де, әкімдіктердің де тікелей конституциялық міндеті ретінде белгілеу ұсынылған. Бұл – стратегиялық меже. Халық ауқатын жақсарту мемлекеттің басты мақсаты ретінде конституциялық деңгейде бекітілсе, экономикалық саясат та сол мақсатқа қызмет етуге тиіс болады.
Осы орайда Ата Заңның жаңа редакциясының 65-бабында Үкімет «мемлекеттiң әлеуметтiк-экономикалық саясатының негiзгi бағыттарын әзiрлеуге және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастыруға» міндеттеледі. Ал 89-бапта жергілікті атқарушы органдар «экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын әзірлеу мен олардың атқарылуын қамтамасыз етуге» тікелей жауапты екені көрсетілген.
Дағдарыс уақытында ел ауқатын сақтау үшін қажет болса, ондай заңдарды бір палаталы жаңа Парламент шұғыл қабылдауға тиіс болады. «Елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларға жедел ден қою мақсатында Үкімет заң шығару бастамасымен енгізген заң жобаларын Құрылтай дереу қарауға тиіс», – делінген 60-бабында. Сөйтіп, енді мемлекеттің мықтылығы әр шаңырақтың береке-дәулетімен өлшенбек. Бұл тұрғыда жаңа Конституция өндіріс пен экономикаға соны серпін береді деген үміт бар.
Ел экономикасы шикізатқа тәуелділіктен арылып, өңдеу саласына қарай бет бұрды. Осы өнеркәсіп 2025 жылы ұлттық экономиканың басты драйверіне айналды. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, былтыр өңдеу өнеркәсібінің басым бөлігінде оң динамика тіркелді. Ең жоғары өсім машина жасау саласында (+12,9%), дайын металл бұйымдарының өндірісінде (+13,6%), жеңіл өнеркәсіпте (+13,2%), химия өнеркәсібінде (+9,8%), құрылыс материалдарын өндіруде (+9,7%), резеңке және пластмасса бұйымдары сегментінде (+7,6%), қағаз өндірісінде (+5,3%) байқалды.
Үкімет өңдеу өнеркәсібіндегі осы серпінді сақтап қалуды ғана емес, оны жаңа деңгейге көтеруді мақсат етіп отыр. Вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің сөзінше, 2026 жылы да өңдеу өнеркәсібі ЖІӨ өсімін қамтамасыз ететін негізгі күш болмақ. Осы мақсатта Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі әр секторға қатысты шараларды егжей-тегжейлі пысықтай келе, өңдеу өнеркәсібін дамытудың Жол картасын әзірледі.
Саланың экономикадағы жүйелі рөлін ескере отырып, бұдан былай Үкімет оның әр сегментіндегі әрбір блокты жеке жіліктеп, әлсіз жағын, талмау тұсын, шектеулерін, өсудегі кедергілерді экономикалық штабтың отырыстарында бөлек талдауға шешім қабылдады. Проблемаларды және даму әлеуетін кешенді талқылау үшін экономикалық штабтың жұмысына салалық қауымдастықтар мен нарықтың ірі қатысушылары тартылмақ. Шикізатқа байланған экономиканың ғұмыры қысқа, ал өңдеу өнеркәсібіне негізделген мемлекеттің іргесі әрқашан берік.
Шикізаттан дайын өнімге
Өңдеу өнеркәсібінің шамамен 40%-ын құрайтын металлургияға ерекше назар аударылады. 2026 жылы металлургиядағы нақты көлем индексі (НКИ) қара металлургияны дамыту есебінен 103% деңгейінде болжанып отыр. Металлургияның елеулі үлесі саудада да сақталады. Ол – шамамен 5%. Машина жасауда да тұрақты өсім болжанған. Ол 2026 жылы 13,4% болуы мүмкін. Атап айтқанда, жеңіл автомобиль, жүк және арнайы техника, өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасы, ашық вагон, теміржол платформасы мен тұрмыстық техника шығаруды ұлғайту арқылы жүзеге асырылады. Химия өнеркәсібінде қолданыстағы және жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру есебінен 7% өсім күтіледі.
Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдегендей, Президент қойған міндетке сай мемлекеттің ендігі басты межесі – технологиялық жаңару мен өнімділікті арттыру болады. Бұл экономикалық саясатты түпкі нәтижеге, яғни халықтың табысын ұлғайту және экономикалық дербестікті нығайтуға қарай бағыттауға мүмкіндік береді. Мұның бәрі тек экономикалық көрсеткіш емес, бұл ұлттық қауіпсіздік пен әлеуметтік тұрақтылықтың тұғыры.
Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында заманауи өнеркәсіптің негізін қалыптастыру және өңдеу өнеркәсібін дамыту қажетін қадап айтты. ЖІӨ құрылымында өңдеу өнеркәсібінің үлесі кен өндіруші сектордан асып түсті. Тарихи жетістік деуге болады. Осы жыл басында өңдеуші өндіріс көлемі 4,4%-ға артты. Бұл – былтырғы жылдың сәйкес кезеңінен біршама жоғары (2025 жылғы қаңтарда – 3,7%).
Үкімет осы қарқынды сақтап қана қоймай, одан әрі еселей түсуі керек. Жауапты мемлекеттік органдар ең перспективалы бағыттарды айқындап, мол өнім беретін әрі экспортқа бағдарланған инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға жауапты. Аталған шаралар сыртқы факторлардың әсеріне қарамастан экономиканың тұрақтылығын күшейтіп, экспорттық әлеуетті арттырады. Сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құруға және ұзақмерзімді ұлттық мүддеге сай заманауи индустриялық базаны қалыптастыруға жол ашады.
Трансформацияның жаңа көкжиектері
Президент қойған міндетке сай, Өнеркәсіп министрлігіне өңдеу өнеркәсібінің құрылымын өзгерту жүктелген. Кейбір бағыт бойынша әлі де болса төмен деңгейде өңделген өнімдердің үлесі басым. Бұл – қосылған құнның негізгі бөлігі ел сыртында қалып жатыр деген сөз. Мұндай олқылықтың орнын толтыру үшін жоғары деңгейде өңделген әрі технологиялық жағынан озық өнімдер шығару ісін жолға қойған орынды. Осы орайда басымдықтар анықталды, оған: жинақтаушы бөлшектер шығару, локализация деңгейін арттыру, заманауи технологияларды қолдану, өндірісті автоматтандыру мен еңбек өнімділігін арттыру кірді.
Сонымен қатар Өнеркәсіп, Энергетика, Ауыл шаруашылығы, Ұлттық экономика министрліктері мен «Бәйтерек» холдингіне 1 ай мерзімде қайта өңдеу саласында қосылған құны және экспорттық әлеуеті жоғары өнімдер шығаратын жаңа өнеркәсіптік жобалардың нақты тізбесін ұсыну тапсырылды. Іске қосылатын әр жоба өз алдына бөлек емес, экономикаға мультипликативті әсері тұрғысынан кешенді түрде қарастырылуға тиіс. Салалық меморгандар, әкімдіктер перспективалы инвестжобаларды қажетті инфрақұрылыммен, ресурспен, мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етуге міндетті.
Kazakh Invest-ке меморгандармен, әкімдіктермен, «Самұрық-Қазынамен», «Бәйтерек» холдингімен бірге 1 сәуірге дейін ақпараттың толықтығы мен дұрыстығын қамтамасыз етіп, Ұлттық цифрлық инвестициялық платформада жобалардың өзекті пулын қалыптастыру жүктелді. Бұл қолданыстағы жобаларға қолдау шараларын көрсету барысында жедел шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
Президент елімізде мұнай-газ химиясы өнімдерін өңдеу деңгейі төмен екенін сынады. Бұл сала өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа бағыттарды дамытуға негіз болуға тиіс. Энергетика және Өнеркәсіп министрліктері отандық компаниялардың өңдеуіне қажетті полимер шикізатын тұрақты жеткізуді қамтамасыз етуі керек. Сондай-ақ полимер өнімдерін одан әрі өңдеуге арналған жобалардың нақты пулын ұсынуы қажет.
АӨК-те де өңдеуге басымдық берілмек. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты құрылымында әлі күнге астық пен ет сияқты шикізат басым. Мемлекет басшысы бұл мәселеге бірнеше рет назар аударды. Терең өңделген өнімдер шығаруға күш салу қажет. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесін биыл 70%-ға дейін жеткізу міндеті қойылды. Табиғи ресурстарды шетелге жай ғана сату – өткен күннің еншісі, оны терең өңдеп, әлемдік нарыққа ұсыну – болашақтың кепілі.
Нақты жоба – нақты қадам
Мұнай бағасының құбылмалылығы мен жаһандық геосаяси ахуал да Қазақстанды экономикалық құрылымды өзгертуге мәжбүрлеп отыр. Қазір Ирандағы ахуалға байланысты мұнай бағасы аспандап барады. Аймақтағы жағдай тұрақталса, қара алтын құны қайта құлдырауы мүмкін. Мысалы, былтыр мұнай-газдан түсетін түсім төмендеген. Вице-премьер С.Жұманғарин ортамерзімді перспективада да мұнай-газ секторының ЖІӨ өсіміне қосатын үлесі біртіндеп төмендейтінін айтты.
– Есесіне бұл төмендеу өңдеуші өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы сияқты салалардың озық дамуымен өтеледі. Құрылымдық өзгерістер қазірдің өзінде айқын байқалып отыр. 2010 жылы өңдеуші өнеркәсіптің ЖІӨ-дегі үлесі 11,3% болса, 2024 жылы 12,4%-ға жетті. Тау-кен өндіру секторының үлесі екі есеге жуық – 19,5%-дан 12%-ға дейін, оның ішінде мұнай мен газ өндіру үлесі 16,5%-дан 8,1%-ға дейін қысқарды, – деді ол.
Экономикалық күрделілік индексі бойынша Қазақстан әлемнің 145 елі арасында 2020 жылғы 87-орыннан енді 55-орынға көтерілді. Бірқатар перспективалы бағыт айқындалған. Табиғи ресурстарды және агроөнеркәсіп кешені өнімдерін қайта өңдеу салалары экономикаға әсерінің жоғары болуына байланысты басым бағыттар ретінде белгіленді. Оның ішінде ең алдымен мына бағыттарды атап өткен жөн: барлық негізгі түсті металдар (алтын, мыс, мырыш, алюминий, қорғасын); қара металлургия; сирек кездесетін металдар; химия өнеркәсібі; мұнай-химия; газ өндірісі; агроөнеркәсіп өнімдерін жоғары және орта деңгейде қайта өңдеу; фармацевтика өнеркәсібі.
Жаңа проактивті саясаттың нақты бір кейсіне тоқталсақ: Қазақстан әлемдегі көмірге ең бай елдің бірі, бұл шикізат қазіргі өндіріс қарқынымен бірнеше ғасырға жетер еді. Яғни, көмір химиясын дамыту үшін ұлан-ғайыр шикізат қоры өзімізде мол. Көмір химиясындағы капиталды қажет ететін жобалар экспорттауға болатын аммиак, метанол, этанол, полипропилен және газ сияқты кең ауқымда тауар өндіруге мүмкіндік береді. Әлеуетті жобаның бірі – Қарағанды облысында жылына 2 млрд текше метр газ өндіретін, құны шамамен 2 млрд долларды құрайтын көмірден газ өндіру зауыты. Оны қытайлық Shandong Energy Group компаниясы жүзеге асырмақ.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың мәліметінше, Қазақстанда өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа жобалар есебінен өндіріс көлемі 7,3 млрд долларға жеткізеді. Qarmet шығаратын металлопрокаттан Silk Road Electronics кәсіпорнында Samsung тұрмыстық техникасы өндіріледі. Вагон жасау кәсіпорындарын да қажетті шикізатпен қамтиды. Металл өңдеуші кәсіпорындар мен кабель зауыттары арасында шикізат жеткізу жөнінде келісімдер жасалды. Қолайлы жағдайлар электротехникалық машина құрастыруды дамытуға ықпал етті. Мысалы, QazTehna зауытында отандық 08КП маркалы мырышталған болаттан автобустар шанағына арналған әртүрлі металл элементтер жасалады.
– Осы жылы галлий шығаратын өндіріс іске қосылады. Былтырғы желтоқсанда Мемлекет басшысының Жапонияға сапары кезінде ERG мен Mitsubishi Corporation арасында аталған металды жеткізу бойынша офтейк-келісімшартқа қол қойылды. Сонымен қатар жылына 2,4 мың тонна тазартылған сурьма өндірісін іске қосу жоспарлануда. Осылай еліміз металлургияның midstream сегментіндегі негізгі елдер қатарына кірді. Президенттің тапсырмасы аясында өңдеу өнеркәсібінің одан әрі дамуын айқындайтын 17 ірі жоба таңдалды, – деді министр.
Осы ретте министрлік 9 жоба бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл импортқа тәуелділікті азайтуға және экспорт әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Қорыта айтқанда, Ата Заң жаңашылдықтары мен Үкіметтің өндірістік жоспарлары – бір арнаға тоғысқан ірі мақсаттар. Ол мақсаттың нысанасы – бақуатты халық және қуатты Қазақстан.
Айхан ШӘРІП
