Осы міндетті орындау мақсатында іргелі істер атқарылып, талай күрделі мәселе өңірлерде оң шешімін тапты. Енді, міне, 2026 жылдың қаңтарында Үкімет Президенттің сол тапсырмасы жүзеге асырылғанын, еліміздегі барлық қала мен ірі ауыл тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ету жобалары аяқталғанын жариялады.
Қанша ауылға су келді?
Премьер-министр Олжас Бектенов жуырда өткен арнайы кеңесте Мемлекет басшысының төл сайлауалды бағдарламасында Үкіметтің алдына 5 жыл ішінде елді мекеннің барлығын ауызсумен қамту міндетін қойғанын еске түсірді. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметі бойынша, Президенттің тапсырмасы аясында 2025 жылдың соңына дейін халықты ауызсумен толық жабдықтау жұмыстары аяқталыпты. Бүгінде нысаналы көрсеткішке қол жеткізілгені жария етілді: елдегі барлық 90 қала, сондай-ақ 7,5 миллион тұрғыны өмір сүріп жатқан 6 087 ауылдық елді мекен ауызсумен жабдықтаудың орталықтандырылған жүйелеріне қосылды.
Жалпы, ауылдар мен қалаларды толығымен ауызсумен орталықтандырылған түрде қамтамасыз етуге жалпы сомасы қанша қаржы жұмсалғаны белгісіз. Мұны Су ресурстары және ирригация министрлігі (топтық су құбыры және су үнемдеу жобаларына жауапты), Ауыл шаруашылығы министрлігі (сумен қамтамасыз етудің кейбір жобаларына жетекшілік етеді), Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі (су саласындағы цифрландыруды іске асырады) де айта алмады. Бірақ әңгіме триллиондаған қаржы туралы болып отырса керек. Мәселен, ауызсумен қамту мақсаты белгіленген соңғы үкіметтік бағдарлама «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы (2023 жылы күшін жойды) аясында елді сумен қамтуға 635 млрд 614 млн теңге қарастырылыпты.
«Ел ауызсуға толық жарыды» деу ауылдың бәрінде әр үйге құбыр тартылып, шүмек-кран қойылды, сумен жабдықтаудың орталықтандырылған жүйесі іске қосылды дегенді білдірмейді екен. Мысалы, былтыр 224 елді мекенде «инфрақұрылымның шектеулілігі аясында ауызсуды беруді ұйымдастыруға мүмкіндік беретін кешенді блок-модуль» орнатылған. Кейбірінде бірнеше көшеде колонкалар орнатылған. Тұрғындары тым аз ауылдарға суды бұрынғыша халық «водовоз» атайтын сутасығыш машина жеткізеді. Мұндай жағдайда сумен қамтамасыз етудің орнықтылығы, сенімділігі және санитарлық қауіпсіздігі жолға қойылса жөн.
Тапсырма орындалды, жұмыс жалғасады
Назар аударар жайт, ауыл мен қаланы мөлдір де сапалы ауызсумен жабдықтау бір рет әрі мәңгілікке шеше салуға келмейді. Біраз жыл бұрын орталықтандырылған су желісі тартылған кейбір ауылда ол жүйе тез тоза бастады, қайта жаңғыртуды қажетсінеді. Сондықтан Премьер-министр су шаруашылығы инфрақұрылымын одан әрі дамытуға жүйелі түрде келу маңызды екенін атап өтті.
– Халық санының және жалпы экономиканың өсуімен бірге елімізде су тұтыну көлемі де ұлғая береді. Сондықтан таза ауызсу мәселесінің өзектілігі де күн өткен сайын арта түспек. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қалалар мен ауылдарды сумен жабдықтау жобаларын жүзеге асыру аяқталды. Дегенмен ауызсумен қамтамасыз ету – үздіксіз жүретін процесс. Сол себепті барлық жауапты мемлекеттік орган бұл мәселені тұрақты бақылауда ұстауы қажет, – деп қадап айтты Олжас Бектенов.
Сумен жабдықтау желілерінің қызметі мен ауызсудың сапасына назар аударылуы тиіс. Былтыр азаматтардан сумен жабдықтау мәселелері бойынша мемлекеттік органдарға 70 мыңға жуық арыз-шағым түскен. Әкімқаралар елді мекенді таза суға «қарық қылдық» деп жоғарыға есеп береді, ал тұрғындар келген судың ішу түгіл, мал мен бақша суаруға жарамсыз екеніне наразы. Осыған байланысты әкімдіктерге әрбір шағым бойынша тексеру жүргізіп, міндетін адал атқармаған ұйымдарға қатаң шара қолдану жүктелді.
Тұрғындар тарапынан сұраныстың өсуі, жаңа аудандардың салынуы қалалардағы қолданыстағы жүйелерді жаңғырту қажеттілігін өзекті етті. О.Бектенов осы орайда Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаның мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланудың маңыздылығын нұсқады.
– Сондай-ақ біздің алдымызда әлемдік озық тәжірибелерді қолдана отырып, қалалық су каналдарының өндірістік процестерін толық автоматтандыру және цифрландыру міндеті тұр. Бастапқы су көзінен бастап соңғы тұтынушыға дейін суды толық бақылауды қамтамасыз ету қажет. Барлық жұмыс сапалы әрі уақытылы жүргізілуге тиіс, – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Атқарушы билік 2026 жылға осы салада өз алдына бірнеше мақсат-міндет белгілеп отыр. Біріншіден, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі әкімдіктермен бірге жалпы сипаттағы трансферттердің бөлінген сомалары, сондай-ақ «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде сумен жабдықтау және су бұру жобаларының жүзеге асырылуын жүйелі түрде бақылауға жауапты. Өтінімдер саны мен өңделетін ақпарат көлемі күрт өскен, демек ведомство ұлттық жобаның бірыңғай электрондық платформасының жұмысында техникалық ақаулардың туындау, істен шығу жағдайларына жол берілмеуі керек.
Екіншіден, Су ресурстары министрлігіне таза су жетті делінген, алайда сараптама көрсеткендей, ауызсумен қамтамасыз ету деңгейін жақсарту қажет етілетін 142 ауылдық елді мекенге арналған жаңа 12 жобаны жүзеге асыру шараларын жыл соңына дейін қабылдау тапсырылды. Осы жылдың 30 шілдесіне дейін Түркістан облысындағы Шардара топтық су құбырын пайдалануға беру қажет. 15 қарашаға дейін Солтүстік Қазақстан облысындағы Преснов және Соколов топтық су құбырларын жаңғырту жұмыстары аяқталуы тиіс.
Үшіншіден, Қаржы министрлігі республикалық бюджет шеңберінде көзделген сумен жабдықтау жобаларын уақытылы қаржыландыруды қамтамасыз етуге міндеттелді. Сондай-ақ ол кәріз-канализация, тазарту құрылыстарын жаңғырту үшін несие тарту мәселесінде әкімдіктерге әдіснамалық көмек көрсетуі керек.
Төртіншіден, Ауыл шаруашылығы, Су ресурстары министрліктері, сондай-ақ Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарының әкімдіктеріне суды көп қажет ететін дақылдар бойынша егіс алқаптарының құрылымын суды пайдалану лимиттеріне қатаң сәйкестендіре отырып бекіту туралы бірқатар тапсырма берілді. Яғни, биыл бидай, күріш және басқа да суды көп «ішетін» дақылдарға бөлінетін егіс алқаптарының ауқымы азайтылады.
Бесіншіден, Су ресурстары министрлігі фермерлерге су беруге қатысты барлық шарттың «Егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру жөніндегі Жол картасының» нысаналы индикаторларына сәйкес жасалуына қол жеткізуі тиіс.
Айтқандай, бұл салада да реформа жүргізіліп жатыр. Ол аяқталған соң ауылды сумен қамтуға орталық жауап бермеуі мүмкін, бұл енді әкімнің «бас ауруы» болады. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов журналистерге бүгінде республикалық меншікте халқының жалпы саны 1 млн 330 мың адам болатын 546 ауылды сумен қамтамасыз ететін 26 топтық су құбыры бар екенін хабарлады. Алайда ведомствоға қарасты «ҚазСуШар» трансформациялану үстінде: оның аясында су құбырларын жергілікті атқарушы органдарға кезең-кезеңімен беру жүргізіліп жатыр. Ендеше су қайнарының мәселелерінен бастап соңғы тұтынушыға дейін су жеткізу міндеттері әкімге табысталуы мүмкін. Қай ауыл, аудан, қала бай болса, бюджеті толса, сол ғана судан тарықпауы мүмкін.
Сонымен қатар Үкімет су ресурстарын ұтымды пайдалану мәдениетін қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстарды жалғастыруға ерекше назар аударғаны абзал. Қорыта айтқанда, халықты ауызсумен қамту мәселесі әрі қарай да күн тәртібінде қала бермек. Бұған қуаңшылық дәуірінде әрбір тамшы суды үнеммен жұмсау, бюджеттік тапшылық кезеңінде бұрынғы тоқшылықта тұрғызылған қымбат инфрақұрылымды ұқыппен сақтау міндеті үстемеленді.
Елдос СЕНБАЙ
